Нұр-Сұлтан қаласында елімізге белгілі этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада астаналық көпбалалы аналарға шеберлік сабақтарын өткізді. «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған «Көрпе Fest» мега-фестивалі елорда күніне арналды.

2

Ырза Тұрсынзада – қазақтың ұлттық өнерін бүгінгі күннің технологиялық мүмкіндіктерімен сабақтастырып, құрақ көрпенің құнын арттырған ісмер. Тігіс тігу, құрақ құрап, қыз жасауын жасауды әр отбасының тарихымен сабақтастыра білген парасаттылығымен елге танылды.

ҚР Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза ханым «Алтын орда» авторлық дизайн үйін басқарып, «Көктем вальсі», «Шатқалдағы суреттер», «Gold линия», «Лего», «Оюлы әуендер» сынды белгілі топтамалардың авторы ретінде танымал.

– Қолөнерді бала күнімнен апамның жанында жүріп үйренгенмін. Әуелі құрақ құрау, қолөнер ермегім болды. Үйге тігіп қойған көрпе, жастық, көрпешемді ұнатқан дос-жаран, туған-туысқа сыйлай салатынмын. Сыйлаған жақсы, бірақ, күні-түн көз майын тауысып тіккеніңді алып кете бергені маған ой салды. Бұл жәй қызығушылық емес, – деген Ырза ханым 2009 жылы кәсіп ашуға бекінген.

– Қымбат мата мен ең соңғы технологиядан қаражатты аямадым. «Көрме өткізіп, қазақ қолөнерін насихаттап жүрсем болды» деп ойлағам бастапқыда. Алайда, күн сайын қызығушылар саны артып, үйренгісі келетіндер көбейді. Бастапқыда шеберлік сабағына қатысу бағасын 1000 $ АҚШ доллары деп белгілегем. 4-5 адам, ең көбі 9 әйел кісі жиналатын. Содан кейін ақысыз үйретемін деп шештім.

Ырза Тұрсынзада тіккен көрпешенің ең арзаны – 55 мың теңге, ал ең қымбаты 2 000 АҚШ доллары деп бағаланады. Қолөнер шеберінің айтуынша, бұл тек көрпе матасының емес, оған жұмсалған қаншама күндік көз майы мен ыждағаттылықтың және соңғы технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып тіккен тігістің құны.

453737

– Бұл – бренд! Ал брендтің құнын түсіруге болмайды. Жапондық Кензо Такаданың Kenzoсының құнын білесіз бе? Қазақ бренді де әлемге танылған сол «Kenzo», «Gucci», «VL» төсек-жаймаларынан кем емес, – дейді ісмер.
Ырза ханым тігісті үйренуге ықылас білдірген қыз-келіншектерге ерекше мән береді.

Салт пен санаға жақындығы бойынан ұрып тұратын, қазақылығы басым үйренушіні жақын тартатынын «ұлттық болмысы бар адам қолөнердің де қадірін арттырады» деп түсіндірді.
– Құрақ көрпе тігуді кәсіпке айналдыруды және осы салада табысты жұмыс жасауды үйрететін «Көрпе fest» мега-фестиваль еліміздегі мерейлі мереке – Елорда күніне арналып алғаш рет ұйымдастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы байқауда 80 қатысушы өз жұмыстарын ұсынды. Олардың еңбегіне фестиваль қонақтары баға берді. Ал жеңімпаздарға ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Алғыс хат тапсырып, 50 қатысушыға тігін машинасын сыйлық ретінде табыстады, – деді Ы.Тұрсынзада.

Фестиваль аясында, көрмеден бөлек, этно-дизайнер Ырза ханымның шеберлік сабағына қатысуға ниет білдірген астаналық көпбалалы аналар, қыз-келіншектер саны 130-ға таяған.
– «Алтын орда» дизайн үйі қыз-келіншектерге еліміздің әр өңірінде ақысыз шеберлік-сағатын өткізуді дәстүрге айналдырған. Біздің шеберлік сабағымызға қатысушылар қатары 200-ден кем болмайды.

Сондықтан, Елорда күніне арнап ұйымдастырған үш күндік шеберлік сабағына тек көпбалалы аналар емес, «өнер-білім үйренсем» дегеннің барлығы келіп қатысты, – деді Ырза ханым. Ырза Тұрсынзада қолөнер арқылы соңғы кезде салт-дәстүрге де көп көңіл бөле бастағанын айтады. Құрақ құрау кезінде мәнді, мағыналы әңгімелер мен қазақтың салт-дәстүрін де тануға мүмкіндік бар.

Ал Ырза ханым бұл шеберлікті әр отбасының тарихымен үндестірудің жолын тапқанын айтып, тағы да қолөнерге деген ықыласты еліктіре түседі.

Ел болып, еңсемізді тіктеген шақта салт-дәстүрді, ұлттық өнерді дәріптеген іс-шараның елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында мерекеге орай ұйымдастырылуы тамаша жаңалық болды. Дәл осы үрдіс біздің өңірде де жалғасса, талай нәзікжандылар мерекені бірінші болып бастайтыны анық.

7537321

Шымкент қаласында «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заң талаптарын бұзған 214 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.

gask 4

Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Шымкент қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсенов мәлімдеді.
Басқарма тарапынан 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында әкімшілік жауапқа тартылған 214 тұлғаға 62,7 млн теңге айыппұл салынған.

Басқарма басшысы Шымкент қаласының сәулетіне сын келмес үшін кез келген құрылысты бастау алдын хабарлама жіберуді ескертті.

– Шымкент - республикалық маңызы бар ірі мегаполис. Қала сәулетті, құрылыс заңды болуы шарт. Жыл басынан бері өз бетімен құрылыс жүргізген жеке және заңды тұлғаларға Басқарма тарапынан 9 құрылыс нысанына шара көру туралы сотқа арыз жолданды.

Сот шешімімен бүгінде оның 4-і бұзылды. Осындай келеңсіздік орын алмасын десе, әрбір жеке немесе заңды тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы Басқармаға хабарлама жіберуі тиіс, – деді Берік Тастанбекұлы.
Жыл басынан бері Шымкент қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылысты бастағаны туралы 126 хабарлама түскен. Оның 108-і жекеменшік, 18-і бюджеттік құрылыс нысандары.

Шымкентте 2049 көпқабатты тұрғын үйдің 997-нің цифрлы паспорты жасалды. Сондай-ақ, қала ішіндегі 1102 қоғамдық көлікке GPS орнатылған. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айнұр Юсупова мәлімдеді.

Цифрлық басқарма

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкенттегі «Ақылды қала» жобасы денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, көлік, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды 5 негізгі бағытта жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында электронды түрде есепке алу, есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен денсаулық сақтау ұйымдарының үлесі – 33%, ал электронды рецептердің үлесі 55%-ды құрап отыр.

«Сергек» интелектуалды бейнебақылау жүйесінде қала аумағында 104 камера іске қосылып, жол-көлік оқиғалары мен жол жүру ережесін бұзу оқиғалары 16%-ға төмендеген. Айнұр Абдуахасқызының айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарында 195 мемлекеттік қызметтің 123-і электронды түрде беріледі.

Кәсіпкер әйелдерге мүмкіндік мол

Пятница, 05 Апрель 2019 05:45

1212121

Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған «Мен кәсіпкер боламын!» бағдарламасы аясында әйелдерге 56 бағыт бойынша қолдау көрсетіледі. Оған 21-58 жас аралығындағы әйелдермен қатар 21-29 жас аралығындағы жастар да қатысып, 5 млн теңгеге дейінгі несие ала алады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

Комиссия мүшелері, қалалық әкімдікке қарасты бірқатар басқармалардың басшылары мен іскер әйелдердің қоғамдық бірлестік басшылары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысқан жиын қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртайдың төрағалығымен өтті.
Жиында әйелдердің кəсіпкерлікті бастауына қолдау, жұмыспен қамту, өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға көмек көрсету бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар 1 сəуірден бастап қолға алынған əлеуметтік төлемдер мен отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмау тақырыбында да бірқатар сұрақтардың жауабын тыңдады.

Шымкентте ақпан айында мыңнан астам тұрғынның арыз-шағымы қаралды. Нәтижесінде көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі бала асыраушы және толық емес отбасылардың тұрғын үй кезегіне тіркелуі, қала аумағына тіркеуге тұруы сынды бірқатар мәселелер шешімін тапқан.

DSC 0617

Шымкент қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлінің айтуынша, қазіргі таңда үй кезегіне тіркелген 37 628 азаматтың 3 585-і – көпбалалы отбасылар. Ал тұрғын үй кезегіндегі 14 708 өтініш иесі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы деп танылған.

2019 жылы Шымкент қаласында 6 513 пәтерлі 132 үй салынуда. Оның 75-і бюджет есебінен, 49-ы жеке құрылыс жүргізуші есебінен, ал 8-і мемлекеттік жеке серіктестік бағытымен жүзеге асуда.

Осы 132 тұрғын үйдің 77-сі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Яғни, 3 863 пәтер.

Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үйлерді салудан бөлек, сатып алу жағы да қарастырылған.

Осыған сәйкес «Самұрық Қазына жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы Тұран шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешенінен бос тұрған 146 пәтерді сатып алу жұмыстары басталды.

Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы деп танылған азаматтарға көрсетілетін жеңілдіктің тағы бір түрі қолға алынбақ.

DSC 5388

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» атты жаңа жобасы аясында көпбалалы, толық емес отбасы және мүгедек баласы бар отбасылар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі несие үстемесін 2-3 пайызға дейін төмендетуі мүмкін.

Қос тарап қазір бұл сұрақтың шешімін қарастыруда. Мәселе оң шешімін тапқан жағдайда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған кредиттік тұрғын үйлер 2-3 пайызбен пайдалануға берілмек.

Тұрғын үймен қамтудың үшінші жолы сертификаттау арқылы жүзеге асыруды көздейді. Қазіргі таңда республика көлемінде «Тұрғын үй қатынастары» және «Нұрлы жер» бағдарламасына, Үкімет қаулыларына өңірлік әкімдіктермен талқыланып, өзгерістер енгізілуде.

Онда өңірлер сертификаттаудың екі түрін ұсынған. Біріншісі, әлеуметтік көмек түрінде 1 млн теңгеге дейінгі қаржыны қайтарылмайтын негізде сыйға беру. Екіншісі, 0,01%-бен 15 жылға дейінгі мерзімге қайтарымды негізде берілетін бюджеттік кредит түріндегі сертификаттар.

Сондай-ақ, Жастар жылы аясында да Шымкент қаласында 29-ға дейінгі жастарға 333 пәтер беру жоспары бар. Олардың көбі бұл жаста отбасылы болып, бірі жұмысбасты болғанымен, екіншісі бала күтіміне байланысты демалыста болатыны немесе жас маман ретінде жалақысы төмен болары да сөзсіз.

Банк төлем қабілеті төмен деп танығанымен, жастар халықтың әлеуметтік жағдайы аз қамтылған тобына саналмайтыны тағы бар. Шымкент қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Марат Оразәлі бұл сұрақтардың жауабы жақын күндері жарияланатынын айтты.

– 2019 жылы Елбасы 29 жасқа дейінгі тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 1000 пәтер пайдалануға беруді тапсырған болатын.

Қазіргі таңда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінде жастарды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелендіру Ережесі бекітілуде.

Олардың қызметтік, әлеуметтік жағдайына қарай 2-3 пайызбен тұрғын үй несиесін беру немесе басқа да өзгерістер болуы әбден мүмкін. Біз ол туралы жаңалықты БАҚ өкілдеріне тағы да хабарлаймыз, – деді басқарма басшысы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялап, Жол картасын бекітті. Министрлік бекіткен Жол картасы аясында өңірімізде үш жақты комиссияның келісімімен 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жол картасы əзірленген.

45

Бұл туралы Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы өткізген брифингте басқарма басшысы Бауыржан Қалжанов мəлімдеді.

Қаланың бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, 2018 жылы Шымкент қаласында жұмыс кезінде 62 жазатайым оқиға орын алып, одан 72 адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің 13-і қайтыс болған.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, технологиялық процестердің бұзылуы, жеке қорғану құралдарын пайдаланбау жəне белгіленген еңбек режимінің бұзылуы. Басқа себептер де бар.

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін басқармаға жеке азаматтар мен мекемелерден 359 арыз-шағым түссе, биыл жыл басынан 1 наурызға дейінгі шағым саны 238-ге жеткен.

2019 жылы «Қауіпсіз еңбек» ақпараттық науқанын өткізу жөнінде дайындалған Жол картасы аясында аясында атқарылатын іс-шаралар үш бағытта жүреді.

Мұндағы мақсат – өндірістік жарақаттану мен зиянды еңбек жағдайын азайту және алдын алу, еңбекті қорғау саласында алдын алу мәдениетін көтеру.

Сондай-ақ, брифингте 6 кәсіпорынның 27 млн теңге жалақы қарыз екенін айтқан басқарма басшысы өткен жылғы көрсеткіш 192,8 млн теңгені құрағанын айтты.

Басқарма қызметкерлері жұмыс берушілерді де, жұмысшыларды да кез келген жұмысқа келісім-шарт негізінде кірісуге, тіпті сынақ мерзімін де құжат негізінде заңдастыруға шақырады.

– Қазіргі таңда азаматтығын алып үлгермеген оралмандардың да жұмысқа орналасуы қиындап тұр. Себебі «оралман» статусы 1 жылға ғана беріледі.

Белгілі себептерге орай осы уақыт аралығында азаматтық алуға құжат рәсімдеп үлгермегендер үшін 6 ай тағы қосымша уақыт беріледі. Өкінішке қарай, осы уақытты да пайдаланбаған азаматтар бар.

Сондықтан, бұл азаматтарға 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін тағы да қосымша уақыт қаралып отыр. Осыны ескеріп, құжат рәсімдеу жұмыстарын ертерек аяқтауы қажет, – деді Б.Қалжанов.

Әл-Фараби ауданының тұрғындары әз-Наурыз мерекесін атап өтті. Орталық саябақтағы мерекелік іс-шараға екі мыңға жуық тұрғын қатысты.

аль 54

Наурыз-думан ардагерлердің бата-тілегімен, аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың құттықтауымен басталып, өнерпаздардың көңілге шуақ сыйлайтын концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Қала тұрғындары үшін Ж.Шанин атындағы драма театры әдет-ғұрыпты дәріптеген «Қыдыр ата», «Тұсау кесер» сахналық көрінісін ұсынды. «Наурыз», «Туған жер», «Айналдым елім», «Құсни Қорлан», «Ақбақай» сынды ән мен тыңдағанда тұла бойыңды шымырлататын «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлері мерекенің сәнін арттырды.

Балалар «Эльф» театрының ойын-сауығында көңіл көтеріп жүргенде, жастар жағы күш сынасты.

Мәдени іс-шараға аудан әкім аппаратынан бөлек, Халық банкі, Қамар қоры киіз үй тігіп, аудандағы 10 мектеп, 10 балабақша және 5 колледж қолөнер көрмесін тамашалауға келген көрермендерге ұлттық тағамнан дәм ұсынды.

Наурыз-көже, бауырсақ, палаудан ауыз тиген жергілікті халық мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, құттықтау тілегін арнады.

Бірлік бар жерде тірлік бар

Среда, 20 Март 2019 04:17

«Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» демекші, бата мен алғысқа толы Наурыз мерекесі қарсаңында Бекет Тұрғараевты іздедік.

Шымкент қаласына ғана емес, елімізге аты мәлім, заң саласында биік белесті бағындырған Бекет ағамыз Атырау облысында өткен батагөйлер сайысына қазылық жасап қайтыпты. Шағын сұхбатты бірден осы тақырыптан бастадық.

5943789e8907414975940142

– Бекет аға, әз-Наурыз құтты болсын! Республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төралқа мүшесі ретінде бата беруден өткен республикалық сайысқа әділқазы болып қайттыңыз. Кімдер қатысты?

– Жас буынға, өзімізден кейінгі ұрпаққа өнеге болсын деп, зейнетке шыққаннан кейінгі уақытымызды қоғамдық жұмыстарға, қазақтың мәдени мұрасын зерттеуге, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жаңғыртуға арнағанбыз. «Баталы құлға бақ қонар» демекші, жақында республикалық ардагерлер ұйымының ұйымдастырумен Атырауда танымдық іс-шара өтті.

50 жастан асқан 17 қатысушы байқау шартына сәйкес әуелі би-шешендердің, батырлардың берген баталарын жатқа айтты. Одан кейін қазақтың қыз ұзату, тұсау кесер, басқа да салт-дәстүр бойынша бата беру даналығы сыналды. Бір қуантқаны, бас жүлдені Павлодардан келген үміткер алды.

– Бүгінде бата беруді тілек айтумен шатастырып жүрген қоғамда дәстүрге айналдыратын өнегелі үрдіс екен. Әсіресе, Наурыз мерекесінде жер-жерде қолға алатындай-ақ...

– Әлбетте, «Мәдениет Батыстан бастау алады» деп тамсана бермей, өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызға тереңірек үңілсек, жауабын тапқан болар едік. Қазақ мәдениетінен шошудың орны жоқ.

«Көшпенділер» дегеннен намыстанудың да қажеті жоқ. Сол көшпенділіктің арқасында қазақ бүгінгі сайын даланың қыр-сырына қанығып, мал шаруашылығын игерді. Елбасы айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» да осы мәдени мұраның қайнар бұлағымен астасып жатыр.

Бүгінде тарихшылар сақ, ғұн дәуірінен хабар беретін жаңа жәдігерлерді тауып, көшпенділер мәдениетінің өте ерте заманнан басталғанын дәлелдеді. Әттең, осы құндылықтарға жете мән беріп, оны қастерлейтін ұланымыздың аздығы қынжылтады.

Мәселен, шетелге барсаң «Отырар, «Сайрам», тіпті «Ұлы Жібек жолы» деген атаумен ештеңені таппайсың. Ал біздің қалаларда «Техас» та бар, «Пекин» де бар, кілең шетелдік атаулар.

«Наурыз Қазығұрттан басталады» деп бір киелі мекенімізді танытсақ, сол айтулы мейрамда басқа да салтымызды дәріптеуіміз керек.

– Осы біздің әдет-ғұрыптың көбі неге Наурыз мерекесін тойлау барысында орындалады? Мәселен, тұсау кесер, бесік той...

– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, ертеректе халық қыстан шығуды күтіп, той-томалағын осы күнге жоспарлап, ет сүрлеп, құрт-майын сақтап отырған.

Қыстың көзі қырауда тек мал-жанының амандығына жағдай жасаған қазақ табиғат оянған шақта ең әуелі бір-бірімен жағдай сұрасып, хабар алысқан. Көрісіп, өмірден өткендерге Құран бағыштап, жарлы-жақыбайлының жағдайын біліп, қайырлы іске бел буған.

Бірлік пен татулықтың, ырыс пен берекенің бастауы ретінде әр үйдің қуанышын ел болып тойлауды күн мен түн теңелетін 22 наурызға белгілеген. Бір үйдің баласы өсіп, қаз-қаз басып, бір үйдің тұлымшағы желбірген қызы көктемде бой жетіп, көрген көзді сүйіндірген.

Міне, осы үрдіс әр жылы дәстүрлі жалғасын тауып, мәдениетіміздің негізіне айналды. Қазір жыл он екі ай той тойлауға мүмкіндік бар. Бірақ, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, дәстүрін әлем елдеріне паш ететін бірден бір айтулы күн осы – Наурыз мерекесі.

Бұл күні біздің елге қонақ болып келген шетелдіктер ұлттық тағамдардың құнарлылығын, ұлттық салт-дәстүріміздің құндылығымен жақын таныса алады. Ұлы дала халқының біздің заманымызға дейін-ақ өзіндік мәдениеті қалыптасқанына көз жеткізіп, елдің ынтымағына тәнті болары анық.

– Қоғамдағы «Бірлік», «Ынтымақ» сөзінің мәнін бүгінгі таңда қай көріністен көруге болады?

– Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөзді текке айтпаған. Бүгінде осы үрдісті қолға алып, тал егіп, сенбіліктер ұйымдастырып жатқан жайымыз бар. Бір жолы баққа, келесіде жол жиегіне көшет отырғызамыз.

Өз ауламыз болмағандықтан, ол ағаштың тағдыры не болды деп алаңдаймыз. Себебі, көбіне қурап қалады. Біреу отырғызып кеткен көшетке екінші біреу бір шелек суын құйып өсірсе, адамдардың ынтымағы содан белгілі болады.

Бірлік деген бірігіп жауға шабу емес, бірлік – бір істің нәтижесін жан-жақты қолдап, берекесін көру. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Сол үшін де Наурызда ең әуелі «Ұлыс оң болсын!» деп елге ынтымақ, құт тілейміз.

– Өнегелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

Страница 4 из 37