Таяуда ғана үшінші мегаполистен сайланған Сенат депутаттары – Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Шымкент тұрғындарымен кездесіп, Елбасы Жолдауының басым бағыттарын нақтылады.

DSC 8665

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауды талқылау жиынына қала мұғалімдері, ардагерлер, жалпы Әл-Фараби ауданының тұрғындары қатысты.
Жолдауды іске асыру талқылау жиынын қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай жүргізіп отырды. Сенаторлар Елбасының халыққа арнаған Жолдауындағы негізгі бағыттарды түсіндіріп берді.
– Біз өздеріңізбен ынтымақ пен бірлікте жұмыс істеп, талай шешімдер қабылдадық. Сол жұмысты әрі қарай жалғастыру міндеті тұр. Қазір жаңа қызметтер құрылуда. Әр азамат өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарса, жетістіктер де артпақ. Жолдау жарияланғалы бері талқылау, қолдау іс-шаралары өтіп жатыр. Негізгі 6 басымдық белгілі. Азаматтардың жалақысын арттыру, тұтынушылар мен монополистер арасында ашықтық, бизнес саласындағы қолдау, педагогтар мәртебесін қабылдау сынды маңызды басымдықтарды бірлесе жүзеге асырайық. Жалпы, Жолдау әлеуметтік-экономикалық дамуға зор серпін береді, – деді Нұрлан Құдиярұлы.
Дархан Амангелдіұлы да ең төменгі жалақыны арттыру, әлеуметтік саланы қолдауда жүзеге асатын бағыттарды жан-жақты талқылады. Халық қалаулылары әрі қарай білім, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша халықпен жүздесіп, ұсыныстарды тыңдауға дайын екенін айтты.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Біз осында кәсіпкерлерге көп көмек көрсеттік. Сұраныс бар. Қаржы жетпей жататын. Үкіметке ұсыныс беретінбіз. Енді мегаполис мәртебесін алғаннан кейін олармен тікелей жұмыс жүргізілмек. Бізге әлі де мектептер жетіспейді. Мұғалімдер мәртебесін қабылдау үшін өз ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Айтар уәждеріңізді Астанаға алып кетеміз, – дейді Дархан Амангелдіұлы.
Жиында сөз алған шымкенттіктер Жолдаудағы нақты іс-шараларға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Шымкент қаласы мәслихатының кезекті ХХХІХ сессиясында №26 сайлау округінің депутаты, мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаровтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Халық қалаулылары өз әріптестерін, қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Нұрлан Бекназаровты ҚР Парламенті Сенаты сайлауындағы жеңісімен құттықтап, жаңа қызметте табыс тіледі.

DSC 6345

Халық қалаулылары өз әріптестерін, қалалық мәслихаттың бұрынғы хатшысы Нұрлан Бекназаровты ҚР Парламенті Сенаты сайлауындағы жеңісімен құттықтап, жаңа қызметте табыс тіледі.
5 қазан күнгі сайлауда Нұрлан Құдиярұлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланған еді. Мәслихат депутаты Еркін Сатқанбаев 20 жыл бойы қала мәслихатында қызмет атқарған әріптесінің еңбегін атап өтіп, алдағы қызметіне табыс тіледі.
– Нұрлан Құдиярұлы үш шақырылымда бізге хатшы болды. Бірлесе маңызды шешімдер қабылдадық. Бұл тарихи кезеңдер бәріміздің жадымызда тұр. Біз ауызбірлікпен, ынтымақтаса жұмыс істедік. Енді әріптесімізге жаңа қызметте де сәттілік тілейміз, - деді мәслихат депутаты.
Өз кезегінде Нұрлан Құдияр-ұлы да өз әріптестеріне алғысын білдірді. Сессияны қорытындылаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та Н.Бекназаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
– Бұл – біздің қала үшін тарихи сәт. Сенат депутаттығына екі азаматымыз сайланды. Нұрлан Құдиярұлының еңбегі көпшіліктің жадында. Нағыз патриот азамат деп білеміз. Қаланың дамуында көптеген бірлесе шешімдер қабылдап, маңызды жұмыстар атқардық. Енді сенатор ретінде де Шымкент қаласының әл-ауқатының артып, дамуына үлес қоса береді деп сенеміз. Алдағы жауапты жұмысыңызда да абырой биігінен көрінеріңізге сенеміз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Сондай-ақ, қала әкімі сенаторға арнайы естелік сыйлық тапсырып, Алғыс хатпен марапаттады.
Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы қызметін 13 жыл бойына атқарды. Әріптестерінің айтуынша, ол мегаполис үшін маңызды шешім қабылдау кезінде әр депутаттың пікірін ескеріп, туған қаласы үшін қажырлы еңбек етті.

Жаңа технологияның жетістігі көп

Пятница, 14 Сентябрь 2018 04:37

Шымкентте мектептерге цифрлық технологияны ендіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл білім сапасын қадағалаудағы оңтайлы әдіс. Мәселен, былтыр қалада 30 мектепте жаңа жүйе ендірілген-тін. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай: талдамалы жұмыстарға сәйкес, білім сапасы көтеріліп, қылмыс деңгейі төмендеген. Үшінші мегаполисте білім стандарттары жоғары сапаға көтерілуі тиіс. Мұны қала әкімі биылғы тамыз конференциясында нықтап айтты.

DSC 2244

30 мектепке электронды бағдарлама енгізілді

Жалпы, бүгінде мұғалімдер өз біліктіліктерін жетілдіруге мән беруі тиіс. Қазіргі заман талабы осы. Жаңа технологияларды да үйренер кезең.
Биыл алғаш рет республикалық деңгейде өткен тамыз кеңесі де «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбын арқау еткен-ді. Республикалық және халықаралық ғылыми-әдістемелік орталықтың басшылары келіп, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, шаһарда білім стандарттарын көтеруде барлық мүмкіндік бар. Мектептердегі білім сапасын арттыруда ақпараттандыру және автоматтандыру жүйесінің маңызы зор. Былтыр қаладағы 30 мектепке «I-мектеп» электронды ақпараттық бағдарламасы енгізілді. Яғни, жаңа электронды күнделіктің бір жылдық сараптамасы жасалды. Оған сәйкес, 30 мектепте білім сапасы 15-20 пайызға көбейген. Оқушылардың сабаққа қатысу көрсеткіші жоғарылаған. Тиісінше, сол мектептерде қылмыс та едәуір төмендеген.
Демек жаңа жүйе бойынша оқушылар әрдайым қадағалауда болады. Әрбір ата-ана перзентінің сабаққа қатысуы бойынша смс хабар алып отырады. Баланың үлгерімі әрдайым бақылауда. Әрине, сабаққа бармай көшеде жүретін бала тәртіпсіздік жасайтыны белгілі. Сол себептен, мектеп пен ата-аналар электронды күнделіктің игілігін көре бастаған.
Қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы бұл жүйені одан әрі дамыту керектігін міндеттеді. Оған қоса, шаһар басшысы мына бір деректерді де көпшілікке жайып салды. Статистика бойынша бүгінде бізде 13 оқушыға бір компьютерден келеді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан, осы автоматтандыру, цифрландыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Қала әкімі білім басқармасы басшылығына осы мәселені қысқа уақыттың ішінде шешу қажеттігін тапсырды.
Жалпы айта кетсек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Кестеге сәйкес, оқушылар арасында «Цифрлық Қазақстан» сайысы жиі ұйымдастырылып, тұрғылықты тұрғындарымен іс-шара өткізілуде.

Технология қалай іске асады?

Электронды бақылау күнделік жобасының авторы – Strategic Consultants & K компаниясы. Бұл жүйе Microsoft корпорациясының өнеркәсіптік шешімдерінің негізінде іске асырылып отыр.
Негізгі басты мақсат – оқыту үрдісінің сапасын арттыру. Жоба Түркістан облысының прокуратурасы қолдауымен іске асқан.
Енді, электронды бақылау күнделіктің артықшылықтарын тарқатып айталық. Жаңа бағдарламаға сәйкес, оқытушылар оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік алады; ата-аналар балаларының оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылап отырады; оқушылар оқыту үрдісіндегі ақпараттарды еркін ала алады. Ең бастысы, балалар онлайн-білім беру құралдары арқылы ата-аналармен сөйлесуге қол жеткізеді.
Бағдарламаны қолдану функцияларының реті мынадай: Біріншіден, бағаларды қою (бағалаудың барлық түрлері), ағымдағы бағалардың қорытындылары онлайн тәртіпте қойылып, ата-аналар сабаққа қатысуды бақылап отырады. Яғни, ата-аналар балаларының үлгерімін смс хабарламалар мен порталдағы деректер арқылы бақылау мүмкіндігіне қол жеткізеді. Балалардың сабақ үлгерімі, сабақ кестесі мен үй тапсырмасының орындалуы, баланың себепсіз сабақта жоқтығы немесе сабаққа кешігуі әрдайым назарда болады.
Шымкент қаласы білім басқармасы ғылыми-әдістемелік орталықтың директоры Кенжегүл Сағындықованың айтуынша, мектепке осы жүйені енгізудің нәтижесінде оқушылардың үлгерімі жақсарып, оқуда озат болуына септігін тигізеді.
Қазір мектептегі білім сапасын арттыру, тәрбиелік жұмыстарды дамыту – өзекті мәселенің бірі. Жаңа технологияны қолданудың нәтижесінде көздеген мақсаттарға жетуге мүмкіндік бар.

Екі дүркін чемпион!

Среда, 29 Август 2018 05:20

Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасы Джакарта төрінде жеңісті жолды жалғастырды. Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова командалық сайыста Азиаданың жеңімпазы атанды. Сонымен қоса, Алина Әділханова көпсайыста үздік шықты.

40172288 1921865714528358 4628077709572964352 n

Осылайша Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында ел спортшылары сегіз алтынды қанжығалап, алғашқы ондыққа кірді. Әлия Юсупова жетекшілік ететін біздің команда жалпы есебі 159.850 ұпай жинап, Азия ойындарының алтын жүлдегері атанды. Екінші орында – Өзбекстан, үшінші сатыда – Оңтүстік Корея спортшылары. Алина Әділханова да көпсайыста Өзбекстан және Қытай аруларынан озып, дара шықты.
Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова шәкірттерінен зор үміт күткен. Сенім ақталды. Әбдірбекова мен Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика мектебінің шәкірттері. Шымкенттік гимнасшылар 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да жүлдегер атанғанын айта кетейік. Бұл жолы бас жүлде қоржынға түсті.
Сондай-ақ, шымкенттік басқа спортшылар да қола жүлделерге ие болды. Семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен каратэші Данияр Юлдашев (+84 келі) үздік үшінші орыннан көрінді. Сегіз алтынды қанжығаға байлаған Қазақстан жалпы есепте әзірге 11-орында тұр.

Пандустар талапқа сай ма?

Среда, 15 Август 2018 04:31

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында биылдың өзінде 185 нысанға пандустар орнатылған. Мобильді топ мүшелері 271 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар негізінен мүгедектерге қолжетімді орта құруға кәсіпкерлерді жұмылдыру мақсатындағы «Біз біргеміз» атты акция аясында жүзеге асып отыр.

DSC 5450

Жалпы, ауданда 64 мемлекеттік мекеме және 1011 жекеменшік нысан бар. Сәйкесінше, 64 мемлекеттік нысанға және жекеменшік 971 нысанға толықтай пандус орнатылыпты. Аудандағы әлсіз топтағы азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру, олардың мемлекеттік және жеке меншіктегі нысандарға еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін акция ұдайы өткізілуде. Бүгінде жеке меншіктегі 185 нысанға пандус қойылса, қалған 40 нысанға жыл соңына дейін орнатылады. Жалпы, ауданда мүгедектердің саны – 3961 адам. Оның ішінде 360 адам арбаға таңылған. Олардың ғимараттарға кіріп-шығуына оңтайлы жағдай жасалуда.
Ауданда мүгедектерге қолжетімді орта құру үшін жекеменшік нысандарға методикалық көмек көрсететін және зерделеу жұмыстарын жүргізетін мобильді топ құрылған. Оның құрамында білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдері бар. Талаптарды орындамаған жеке кәсіпкерлерге мобильді топ мүшелері ескерту жасап келеді.
Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаевтың айтуынша, кәсіпкерлер тек қана пандус емес, өз жағдайларына қарай жеделсаты да орнатып жатыр.
– Жалпы, мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сапасын жақсарту бойынша 2012-2018 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспарда қоғамдағы әлсіз топтағы азаматтардың мемлекеттік мекемемелерге кіруі, көшеде жүріп-тұруына жағдай жасау көзделген. Бұл мақсатта арнайы топ құрылып, тиісінше ескерту жұмыстары жүргізілді. Жалпы, тек мүгедектерге ғана емес, жасы 80 нен асқан қарияларымыз, балаларын ерткен жас аналарымыз да пандустың көмегін пайдаланады. Егер орнатпаған мекемелер болса, оларға арнайы хатпен шығамыз, үш ескерту береміз. Онда да әрекет байқалмаған жағдайда шара қолдану бойынша құзырлы органдарға ұсыныс беріледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

90 пайызға жуық қолжетімді орта қалыптасқан

DSC 5556

«Біз біргеміз» акциясы аясында мобильді топ пен БАҚ өкілдері аудандағы пандустардың жағдайымен танысты. Негізінен сауда орындарындағы жағдайға куә болдық. Мәселен, Тәуке хан көшесінің бойындағы «Ақ дастархан» сауда орны жаңа үлгіде жеделсаты орнатыпты. Арбаға таңылған азаматтарға қолайлы. Зырылдап істеп тұрған жеделсатының көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар осы нысанға еркін кіріп-шыға алады.
Келесі нысан – «Биоклиник» медицина орталығына пандус орнатылған. Бірақ азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайсыз. Мобильді топ мүшелері меншік иесіне ескерту жасады. Кәсіпкерлер межелі мерзімде талапты орындауға уәде берді.
– Жалпы айтқанда Әл-Фараби ауданы бойынша әлсіз топтағы азаматтарға жағдай жасалған. 90 пайыз қолжетімді. 2012 жылдан бастап ай сайын акция өткізіліп келеді. Мектеп, балабақшаларда, сауда ғимараттарында барлығы сәйкес. Дегенмен, кейбір талапқа сай емес жекеменшік нысандар да бар. Салондар, дүкендер де сай емес деп айтуға болады, – дейді қалалық мүгедектер қауымдастығының мүшесі Бейіржан Қазыханов.
Мобильді топ осылайша әр ай сайын акцияны жалғастыра бермек. Ал пандус орнатпаған немесе ескертуге пысқырмай жүрген жүрген кәсіпкерлерге талап күшеймек.

Көлік кептелісі азаюда

Пятница, 03 Август 2018 04:25

Шаһардағы «Бекжан» базары маңындағы жолайырықтан көліктер жүре бастады. Мердігер мекеме «ЖБИ-С» ЖШС құрылыс жұмыстарын қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ал қалған ұсақ-түйек жұмыстары көліктер жүрсе де жалғаса береді. Жолайырықтан көліктерді ерте өткізудің де өз себебі бар.

DSC 4885

Жуырда ғана газетімізде жолайырық құрылысы қыркүйек айында аяқталатынын жазған едік. Көп ұзамай-ақ мердігер мекеме жолайырықты қала тұрғындарының игілігіне берді. Жалпы есептеулер бойынша бұл маңнан өтетін көлік саны тәулігіне 150 мыңға жетеді. Бұған дейін 109 мың көлік өтсе, осынау жаңа құрылыстың нәтижесінде олардың саны 41 мыңға артып отыр.
– Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бұл маңда Ахунбабаев көшесі кеңейтіліп жатыр. Осы жұмысты істеу үшін жолды ашу қажет болды. Жалпы, жол құрылысын қараша айында қабылдап аламыз, - дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Қ. Баймендиев.
Бүгінде халық көп шоғырланған маңдағы жолайырықтан көліктер ағылып өтіп жатыр. Дегенмен, межелі мерзімге дейін аяқжолдар салу, көгалдандыру сынды жұмыстар да жалғаса бермек.

Шымкент қаласының орталық көшелеріндегі, саябақтар мен гүлзарлар бойында жарықшамдар орнату жұмыстары жүйелі атқарылуда. Бүгінде қала бойынша 139 көше түнгі жарықтандыру жүйелерімен қамтылған.

IMG 5007

Бұл жұмыстар қажеттілігіне орай кезең-кезеңімен іске асады. Әрине, шағынаудандардың (тұрғын алаптардың) жолаушылар ағыны көп және әлеуметтік нысандар (мектеп, балабақша, емхана) орналасқан криминалдық жағдайы жоғары көшелерді қамту – басты назарда.
Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, Шымкенттегі 139 орталық көшеде, 8 саябақ, 32 гүлзарда жарықтандыру жүйелері орналасқан.
2016-17 жылдары Тәуке хан даңғылы, Бақбаев, Темірлан тасжолы, Желтоқсан және Бәйтереков көшелерінде жер асты бойынша жарықтандыру желілері жүргізілді. Бүгінде осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында Бәйдібек би даңғылы, Темірлан тасжолын (Бейбітшілік көшесінен-Бекжан базарына және Бақбаев көшесінен-«СинОйл» жанармай құю бекетіне дейін) жер асты бойынша жарықтандыру желілерін жүргізу жұмыстары қызған шақ. Жүйелерді күтіп ұстау жұмыстары да назарда тұр. 
– Былтыр төрт аудан бойынша 28 көшеде құрылыс жұмыстары басталған еді. 16 көшедегі жұмысты аяқтап, жүйеге қостық. Қалған 12 көше биыл тапсырылады. Мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сол себептен биыл жарықтандырылған көшелерінің саны 28 көшеге ұлғаяды, – дейді тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Н. Бектұрсынов. Жалпы, биылға өтпелі болған құрылыс жұмыстары толығымен тамыз айында аяқталып, жарықтандырылған көше саны 162-ге ұлғаяды. Сонымен қатар, биыл жаңадан қосылған елдімекендердің орталық көшелері мен мектеп, балабақша орналасқан 43 көшені жарықтандыру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 39 көшеде жаңа құрылыс, 4 көшеге қайта құру жұмыстары қарастырылып, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес биылғы қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.Жалпы, жасыл энергетикаға бет бұру, баламалы қуат көздерін пайдалану сынды мәселелер жылдан жылға өзекті бола түсуде. Сондықтан, қаланың орталық көшелеріндегі, қоғамдық орындарындағы жарықшамдарды энерго үнемдеу жүйесіне ауыстыру – басым бағыттардың бірі. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі мамандарының берген мәліметіне сәйкес, қала бойынша 32 692 дана жарықшам орнатылған. Оның ішінде 16 226 данасы саябақтар мен гүлзарларда, 16 466 данасы 162 көшеге жарық береді. 2016-2017 жылдар аралығында 89 көшедегі 11 565 дана жарық шам диодты шамдарға ауыстырылыпты. Нәтижеде пайдаланылған электр энергиясы 40 пайызға үнемделген. Жалпы, бүгінге дейін қала көшелеріндегі және саябақтар мен гүлзарлардағы 32 692 жарық шамының 27 791-і немесе 85 пайызы энергия үнемдегіш лампаларға ауыстырылды. 
Диодты шамдардың игілігі көп: энергияны үнемдейді әрі жарықты мол береді. Оған қоса мұндай жағдайда бүкіл қаланың жарықтандыру жүйесі бір орталықтан басқарылады. Егер әрбір қала тұрғыны үйлерінде диодтық шамдарды пайдаланып, электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық заттарды уақытылы қосып, өшірсе, біраз қаражатын үнемдеуге мүмкіндігі болмақ. Жалпы айта кетсек, 2013-2016 жылдар аралығында қала бойынша 1020 көпқабатты тұрғын үй ауласы жарықтандырылса, 2019 жылы қала аумағына қосылған тұрғын алаптардағы және «КИК», «Бәйтерек», «Самұрық» және «Тұрғын үй жинақ банк» ипотекалық компаниялар арқылы салынған көпқабатты тұрғын үй аулаларын жарықтандыру үшін сметалық құжаттама әзірлеу тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің жұмыс жоспарына енгізілген.

Үшінші мегаполис болғаннан кейін тазалық пен тәртіп, мәдениет жағынан да өзгелерге үлгі болуымыз керек. Қалада қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Таяуда ғана 30 жаңа автобус әкелінді. Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен, қоғамдық көліктегі мәдениет жағы әлі де кемшін тартып тұр. Кейде аялдамалардың атын дұрыстап атауға келгенде енжармыз.Ал кейде жүргізушілер дөрекілік танытады. Сол баяғы сарын, баяғы әуен. Жалпы, қоғамдық орындағы мәдениет жайына неге мән бермейтін болдық?

DSC 9611

Салғырттық па, сауатсыздық па?

Еңбек және тыл ардагері Өркен Әбдіреев ақсақал 70 жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. Барша ғұмыры осында өткен. Ұлттық мүддеге келгенде үнсіз қалған емес. Сергек. Жастар тәрбиесі, қоғамдық мәдениеттің қалыптасуы хақында әрдайым ойын ашық айтып келеді. Таяуда редакциямызға хабарласып, бірқатар ескертпелерін, ұсыныстарын айтты.
– Қазір жасым 84-ке келді. Қаламыздағы оң өзгерістерге қуанамын. Шымқаланың мегаполис болып, жаңа мәртебе алғанына дән ризамыз. Шүкір, заманымыз тыныш. Әйтсе де қазіргі жастар тәрбиесі қатты ойландырады. Қоғамдық орындардағы бірқатар келеңсіз жағдайларды көргенде көңілім құлазиды, – деп бастады ақсақал әңгімесін. Қарияны толғандырып жүрген жағдай – қоғамдық көлік саласындағы салғырттықтар. Аялдамалардың ұлтымызға еңбегі сіңген тұлғалардың атымен аталатыны әрине өте орынды. Бірақ соны дұрыс атамайтынымыз қалай?
Көнекөз қария әңгіме ауанынан осыны ұғындырды. Аялдамаларды хабарлаудағы тіл тазалығына деген құрмет кемшіндеу түсіп жатқаны рас. Карл Маркс көшесі – М.Х.Дулати, Некрасов көшесі – Нәзір Төреқұлов, Попов көшесі – Ақназар хан, Полторацкий көшесі – Іляев көшесі аталғанына жиырма жылға жуықтады. Бірақ біз әлі күнге баяғы атаудан арылмай келеміз. Ескерткендерге «е, әдет боп кеткен ғой» деп енжар жауап бере салатындар аз емес.
Осы мәселелер жөніндегі ойын айтып, қария қоғамдық көліктердің басшыларымен де жиі кездеседі. Көлікке мінгенде кондукторларға да үнемі ескертеді. Бірақ, нәтиже жоқ.
– Қалай болса солай сөйлеу басым. Өз тілімізді қорлау, қазаққа еңбек сіңірген тұлғалардың аты-жөнін бұрып айту тыйылар емес. Өзім қоғамдық көлікпен жиі жүремін. «Мардан Сапарбаевтан түсетін кім бар?» дейді. Ұят емес пе?! Арыстай азаматты қорлау ғой бұл! «Сапарбаев аялдамасынан түсетін кім бар?» деп неге толық хабарламайды? Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, елімізге қазақылық жағынан да үлгілі болса екен. Осы мәселені түпкілікті шешу керек қой, – дейді ақсақал ашына сөйлей.
Ойланатын жағдай. Тыл ардагері Өркен ата көптен бері осы мәселені көтеріп жүр. Мұнда көлік компаниясы басшылары тарапынан да жауапсыздық бар секілді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары осылай дейді. Әйтпегенде аялдамалардың аттарын дұрыс атау жөнінде барлық көлік компанияларына жыл басында хат жіберілген. Тасымалдаушы мекемелерде жиналыс өткізілген. «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің мамандарымен бірлесе тұрақты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, автобус кондукторларына аялдамалардың атауларын толық мемлекеттік тілде хабарлау, жүйедегі тәртіппен бағытта жолаушыларға көрсететін тасымалдау қызметінің мәдениет деңгейін көтеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, әр аптадағы бейсенбі күндері өтетін жиналыста көлік компанияларының басшыларына кондукторлар және жүргізушілер құрамдарымен мәдениетті арттыру туралы нұсқаулық өткізулер тапсырылады. Кондукторларға талап күшейген. Жалпы, ономастика комиссиясы бекіткен көше атауларын толық айту талабы қойылған. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кездесулер, семинарлар ұйымдастырып жатыр.
Өзекті мәселе. Негізінен, бөлім мамандары кондукторлардың уақытша ғана жұмыс істеп, көп тұрақтамайтынын айтады. Көлік компанияларының бәрі жекеменшік. Жұмысқа кімді алатындары өздерінің еркінде. Десек те, қалада мәдениет болу керек емес пе?! Бізде әлі сана өзгеруі керек сияқты. Ұлтжандылықты, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыратын уақыт жетті емес пе?
Электронды билетке көшу де басты мақсаттың бірі. 2018-2019 жыл аралығында автобустарға электронды билет жүйесін орнату жоспарланып отыр. Әлде қоғамдық көліктегі мәдениет жағы сол кезде түзелер ме екен?!

DSC 9392

Жүргізуші мен кондуктор үшін оқу орталығы керек шығар?

Таяуда №40 бағыттағы автобусқа мінген едік. «Қатын көпір» аялдамасынан бір егде апай түсті. Аяғын әрең басып, қиналып жүретіні байқалады. Жүргізуші болса «Неге дайындалып тұрмайсыз? Ай қарап келе жатсыз ба? Болсаңызшы тезірек!» деп дүңк еткізді. Сөйтсек, ол кісі мүгедек екен. Мына дөрекілік жарымжан апайдың жанын қаншалықты жаралағанын айтпай – ақ түсіндік.
Мұндай жағдайларды тізе берсек көп-ақ. Автобустар жаңарғанмен, ондағы мәдениет жағы жаңғырмай тұрғаны ойлантады. Адамдар əлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, бірқатар қоғамдық тəртіп ережелеріне бағынуға тиіс. Дініміз тазалықты иманның жартысы деген. Қоғамдық ортаның əдебінен аттамай, мұсылман қандай жағдайда да басқа адамдардың ренішін туғызатын іс-əрекеттен бойын аулақ ұстағаны абзал.
Мына бір жағдайды да атап өткен жөн шығар. Бүгінде автобустарда даңғаза музыка қою да әдетке айналған. Жұмыстан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушылардың мазасын кетіріп, әдепті сақтамау да ерсі әрекет. Мұндай келеңсіздіктерді де жиі байқаймыз.
Жалпы, қоғамдық орында әдепті сақтау жүргізушілердің де, жүргіншілердің де міндеті. Елімізде жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар орын алуда.
Қоғамдық көліктегі мәдениетті қалыптастырудың қандай жолы бар? Бүгінгі таңда Астанада қоғамдық көліктегі мәдениетті дамытуға, жүргізушілер мен кондукторларға арналған оқу орталығы жұмыс істейді. Бәлкім, бізге де осындай оқу орталығы керек шығар. Сонда тәртіп пен талап күшейер ме еді.

Страница 5 из 13