Ақтөбе оқиғасы мемлекеттiк бақылауда Избранное

Среда, 08 Июнь 2016 04:42 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3444 раз

Еліміздегі күш-қуат құрылымдары 5 маусым күні Ақтөбеде орын алған террорлық әрекеттерге қарсы операцияларды соңына дейін жүргізуі тиіс. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлімдеді.

selektor– Мемлекет басшысы бұл мәселені өз бақылауында ұстап отыр. Күш-қуат органдары бұл операцияны соңына дейін жүргізуі тиіс. Әкімдіктер, барлық мемлекеттік органдар сәйкесінше шаралар қабылдауы қажет. Ал одан ары қарай қорытынды шығаратын боламыз. Демек, біздің шаруашылығымызда кейбір кемшіліктер бар деген сөз. Біз бұл ретте бірқатар кешенді шаралар қабылдауымыз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын, – деді К.Мәсімов.

Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Ақтөбедегі қарулы қақтығыста жараланған 9 адамның жағдайы өте ауыр екенінін мәлім етті.

– «Бұл кезеңде 38 адам медициналық көмек алып, 2-еуі қаза тапты. Жеңіл-желпі жараланған 15 адам қабылдау бөлмелерінде қаралып, амбулаториялық емделуге жіберілді. 20 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 14-іне ота жасалды, тағы 3-еуіне қазір операция жасауда. 9 адамның жағдайы өте ауыр»,– деді Т. Дүйсенова.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед те аталған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
– Қазақстан мұсылмандары мен бүкіл ислам дүниесі барша айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айында өтетін оразаға дайындалып жатқанда Ақтөбе қаласында жантүршігерлік лаңкестік оқиға орын алды. Сіздер мен біздің бауырларымыз – бейкүнә жандар жазықсыз құрбан болып, оққа ұшты. «Нұр Отан» партиясы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қатты қайғырып, көңіл айтады, – деп атап өтті өз мәлімдемесінде Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ, лаңкестік оқиғаға қатысты ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан халқына үндеу тастады.
«Осы оқиғаға дін атын жамылған радикалдардың қатысы бар деп айтылуда. Адам жанын түршіктіретін зұлымдыққа дін жолында жүрген мұсылмандарға қатысы бар деп айтуға ауыз бармайды. Ислам діні ешкімді ұстанатын дініне немесе ұлтына бөлместен, жазықсыз қан төгуге ешқашан рұқсат етпейді. Ел мұсылмандарының басын қосып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы орын алған лаңкестік оқиғаны үзілді-кесілді айыптайды», – деді Бас мүфти.

Ақтөбеде орын алған оқиғалардан кейін қалада террорлық қауіптің қызыл деңгейі белгіленді. Айта кетейік, қауіптің шекті деңгейі жасалған терроризм актісі туралы ақпарат, сондай-ақ терроризм актісін (актілерін) қайталап жасау немесе террористік тұрғыдан осал объектілерге бір мезгілде террористік шабуылдар жасау мүмкіндігі туралы расталған ақпарат болған кезде белгіленеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.