Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Нұрлы жер» жеке тұрғын үй салуға басымдық береді» Избранное

Среда, 14 Сентябрь 2016 05:23 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4250 раз

Өткен аптада Мемлекет басшысы төрағалық еткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шаралар айқындалды.

DSC 8121Елбасы отырыста атап өткендей, бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру. Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдай қосымша нақты шаралар қабылдауды талап етіп отырғанын баса айтып, алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды. 

– Үкімет бүгінде шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шаралар қабылдауға тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60%-ы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында біз 5 өңірде пилоттық режімде «Ауылда жұмыспен қамту» атты жаңа жобаны іске асыруды қолға алдық. Оған 10 миллиард теңге бөлінді, – деді Елбасы. 

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жыл соңында мемлекеттік қазына 830 миллиард теңге қосымша кіріспен толығады. Бұл биылдың өзінде дағдарысқа қарсы жоспардан және ағымдағы проблемаларды шешуден стратегиялық даму міндеттерін орындауға көшуге мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй мәселесіне арнайы тоқталды. Былтыр республикада 9 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының көлемі 2016 жыл қорытындысында 10 миллион шаршы метрден асады деп болжануда. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау үшін 2005 жылдан бері тиісті мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көпшіліктің тұрғын үйге мұқтаждығы әлі де жоғары. Жұртты тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін орындау ісі кешенді жаңа шараларды талап етеді. Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасының қолға алынатынын мәлімдеді. Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып, жеке үй салу үшін 10 сотық жер учаскелерін беру көзделіп отыр.

– Біз аталған мәселені шешудің жаңа жолын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Оған қазіргі бағдарламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын үй салуға басымдық беру керек, – деді Н.Назарбаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір азаматқа 10 сотық жер тиесілі. Алайда ол жерді беру үшін инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Ондай жерге жарық, электр энергия мен су құбырлары тартылуы қажет. «Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үйді салатындардың шығындары азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мойнымызға алып отырмыз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келіп, айтылған міндеттерді орындау үшін Үкіметке биылғы республикалық бюджетті нақтылауды тапсырды.