Ең әуелі ел мүддесі ескерілуі тиіс

Среда, 21 Сентябрь 2016 06:00 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3662 раз

«Халық қызметшісі» айдарының бүгінгі қонағы – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

knurtaiҚайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы 28 тамызда дүниеге келген. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мен Д.Қонаев атындағы гуманитарлық институтында жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің кадрлық қамтамасыз ету департаментінің маманы болып бастаған. Мемлекет басшысының саясатын жүргізуде зор жетістіктерімен көзге түсіп, 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

Қайрат Ырзақұлұлы 2015 жылдың 26 қаңтарынан бастап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Жауапты қызметті қолға алған іскер азамат бүгінде қаламыздың білім беру, ішкі саясат, мәдениет және спорт салаларына жетекшілік етеді.

Қайрат Ырзақұлұлы қай істе болмасын шыншылдық пен лайықты басшылық жасауға тырысады және тынымсыз еңбек етуге бейім. Мемлекеттік қызметтегі тағы бір ерекшелігі – әкімдік пен халықтың ашық әрі еркін түрде байланыс жасауына үлкен үлес қосып келеді.

– Қазіргі қарыштап дамыған заманда ең алдымен, ұрпақ тәрбиесі аса маңызды. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты, – дейді Қайрат Ырзақұлұлы. – Осы тұста мектептің, ұстаздардың алдына қоятын біздің басты мәселеміздің бірі – өркениетті, азаматтық – адамгершілік қасиеті мол, патриоттық сезімі жоғары, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Менің қызметтегі басты міндетім осы бағыттағы жұмыстарды үйлестірумен тікелей байланысты. Өзіндік шежірелі тарихы бар, құндылығы мол Шымкент қаласында мәдени саланың дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, қазір «Қала күні» мерекесіне арналған барлық мәдени шаралар мен жобалар шымкенттіктердің рухани өміріне ерекше серпіліс беріп, сондай-ақ стратегиялық мақсаттарға жетуге және ұлттық құндылықтарды ұйыстыруға ықпал етуі тиіс. Біз осыған ерекше мән берудеміз. Биыл еліміз үшін қоғамдық-саяси маңызы зор Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойлануда. Еліміздің 25 жылдағы жетістігін айқындап, халыққа жеткізу бойынша ақпараттық науқан жүруде. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін насихаттау – бұл да үлкен идеология. Ең бастысы Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау бағытында атқарылатын жұмыстарды БАҚ арқылы халыққа жеткізу қажет. Өйткені, мемлекеттік ақпараттық саясат дұрыс насихатталуы үшін БАҚ саласына артылатын міндет жоғары.

Салауатты өмір салтын ұстанған адамның дені сау болады. Бұл – Қайрат Ырзақұлұлының ұстанымы. Қолы қалт еткенде спортпен шұғылданып, әлемдік классиктердің кітабын оқиды. Жаңа заңдарды, техникалық жаңалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Отбасында екі ұл, екі қыздың әкесі.

– Біздің ойымызда жеке мүдде емес, ең әуелі мемлекеттің мүддесі тұруы керек. Адал қызмет, әділ шешім, қарапайымдылық және адамгершілік қасиет барлық мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Қ.Нұртай.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.