Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ: «Сәулетті ғимараттар – қаламыздың сәні»

Понедельник, 26 Сентябрь 2016 05:14 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5264 раз

Ғабит Мәуленқұлов, Қаратау ауданының әкімі

– Ғабит Патшаханұлы, Қаратау ауданына әкім болып тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қойған жоқ. Жұмысты неден бастадыңыз?

– Қызметке кіріскеніме бар-жоғы енді екі ай болады. Арнайы кесте түзіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысу үшін әзірге 12 елдімекенді аралап шықтым. Халықты мектеп ғимаратына жинап, ұсыныстарын, өтініштерін тыңдадық. Қазан айының ортасына дейін ауданға қарасты барлық елдімекенді аралап, тұрғындармен кездесіп, танысып шығамын.

– Қазір ауданда қандай мәселе өзекті болып тұр?

– Ең бірінші мәселе – жол. Әсіресе, балалар үшін мектепке баратын аяқжол болмай, олар шаң-топыраққа көміліп барып жүр. Ертең жаңбыр жауса, балшыққа батады. Сондықтан қариялармен ақылдасып, 7-8 елдімекенге мектепке дейін шағал тас төсеп бердік. Бұдан бөлек, ауызсу, жарық, жылуға қатысты түйіні тарқатылмай тұрған мәселе көп. Жақсы жаңалығымыз да аз емес. Жаңа оқу жылында біздің ауданда үш бірдей жаңа білім ордасы бой көтеріп, оқушыларды қабылдады. Сайрам тұрғын алабында ойын алаңшалары салынып жатыр. Сондай-ақ, бірнеше іс-шаралар өткіздік.

 MG 2296

– Жуырда ауданда бала тәрбиесіне қатысты жиын өткенін білеміз. Осы мәселеде қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталсаңыз...

– Иә, Қаратау ауданында жыл басынан бері кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты 44 қылмыстық іс қозғалған. Былтырғы статистикалық мәліметке жүгінсек, жасөспірімдер арасында қылмыстың саны екі есеге өскенін көрсетеді. Бала тәрбиесін тек ата-ана мен ұстаздарға ысырып қойып,біздің қарап отыруымызға болмайды. Олардың жат қылықтарымен бірге күресуіміз керек, оларды осындай жағдайға не итермелегенін анықтап, дұрыс жолға салуымыз қажет. Сол себепті біз «Жастар тәрбиесі – өзекті мәселе» деген бастаманы қолға алып, бірінші семинар-тренинг өткіздік. Оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Бала тәрбиесіне қатысты орталық ашу туралы, басқа да ұсыныстар түсіп, жақсы идеялар, ойлар айтылды. Алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыратын боламыз. Ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстар қолға алынады. Нәтижесін көреміз деген сенімдеміз. Бұдан бөлек, «Мектепке жол» акциясына қаратаулықтар белсене қатысты. 700-ге жуық баланы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтыдық. Кәсіпкерлердің қолдауымен 50 балаға мектеп формасын әпердік. 40-тан астам отбасының үйіне қызметкерлерімен бірге барып, қажетті керек-жарақтарды балаларға өз қолыммен тапсырдым. Сосын Тәуке хан бабамыз «Жеті жарғыны» жариялаған Мәртөбе біздің ауданда орналасқан. Ата-баба рухына тағзым етіп, жастарға үлгі-насихат ету үшін осы төбеде театрландырылған қойылым жасадық. Еліміздің туын желбіреттік. Сонымен қатар дінге байланысты арнайы комиссиямыз бар. Жат ағымға еріп кеткен отбасылардың бар екені шындық. Олардың алдын алу үшін имамдармен, жастармен бұрын айына бір рет кездессек, қазір екі рет жүздесетін болып шештік.

 MG 2313

– Қаратаудың кәсіпкерлері белсенділік танытып, үнемі игі істің басы-қасында жүреді. Демеушілердің қамқорлығы, жұмысының нәтижесі қандай?

– Қаратау ауданындағы шешімін таппай жатқан өзекті мәселелерді шешуге қолдау танытып, атсалысып жатқан депутаттарға, кәсіпкерлерге алғысымды білдіргім келеді. Кейбірі біздің ұсыныстарымызды аяқсыз қалдырмай, көмек қолын созып жатыр. Бір кәсіпкер тұрмысы төмен отбасыларға 1,5-2 тоннадан көмір түсіріп беруге келісіп отыр. Бұл да азғантай жалақыға қарап, күнін көріп отырған отбасыларға көмек, қолдау болмақ. Қайнарбұлақ саяжайы аумағындағы кей елдімекендерге күндігіне төрт рет су тасушы көлікпен тіршілік нәрін жеткізіп беруде. Тағы бір кәсіпкеріміз үш жерге құбыр тартып беретін болды. Шағал тас төсеп беріп жатқан кәсіпкерлер бар. Жағдайы төмен отбасыларды азық- түлікпен қамтып, үнемі көмектесіп жатқандар да аз емес. Бастамамыз көп. Көп жағдайда қаржыға келіп тіреледі. Кәсіпкерлер, депутаттар игі іске қолдау танытып отыр.

– Қызметте қандай басшысыз? Қаталсыз ба?

– Қаталмын деп айта алмаймын. Жұмыс болған соң, кейде қатал болуға тура келеді. Ең бірінші қызметкерлерден тәртіпті, жауапкершілікті талап етемін. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп тектен-текке айтпаса керек. Тәртіп болған жерде жұмыс та жүйелі жолға қойылады. Адам баласы болғаннан кейін кейде түрлі қиындықтармен бетпе-бет жолығасың. Ондай кезде түсіністікпен қарауға тырысамын. Ұжымымыз – ұйымшыл, бастамашыл. Жұмыс кестесіне қарамай, келген халықты қайтармай, мұң-мұқтажын тыңдап, мүмкіндігінше көмектесіп жатырмыз.

– Қазір «Қала күні» мерекесі тойлануда. Сіз үшін Шымкент несімен ерекшеленеді?

– Өзім Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында туып-өстім. Мектепті бітірген соң Алматыға оқуға түсіп, кейін қызмет бабымен Атырау, Астана қалаларында тұрдым. Шыны керек, Шымкентке ауысып келгенде қаланың көркіне таңырқап, жолдан адасып жүргенім рас. Өйткені, қала кеңейген, танымастай өскен, өркендеген. Адамдарында жылылық, мейірімділік бар, сонысымен ерекшеленеді. Шымқаламыздың тұрғындарын «Қала күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Шырайы жылдан жылға арта берсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Последнее изменение Понедельник, 26 Сентябрь 2016 09:01