ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде Ұлт жоспарының «Біртектілік пен бірлік» деп аталатын төртінші бағытының өңірде орындалуы туралы баспасөз мәслихаты өтіп, онда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту бағытында атқарылып жатқан кешенді шараларға кеңінен тоқталған хатшылық меңгерушісі ел бірлігін бекемдеу, этносаралық татулықты сақтау және «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін дәріптеу мақсатында 189 іс-шара ұйымдастырылып, оған 215 мыңнан астам тұрғынның қамтылғанын жеткізді. Сондай-ақ облыстағы этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен тұрмысы төмен және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 260 балаға 2,6 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілгенін айтты.
Брифинг барысында облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі өңірдегі этносаралық ахуалға тоқсан сайын зерттеулер жүргізіліп, сараптама жасалатынын, сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 97,7 пайызы өздерін біртұтас Қазақстан халқының өкілі екендігін мақтан тұтатындығын айтып, бұл осы саладағы жүйелі жұмыстың мақсатты түрде нәтижелі іске асып келе жатқанын аңғартады деді.