"EXPO-2017" – Тәуелсіздіктің табысты жемісі Избранное

Среда, 05 Октябрь 2016 05:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5615 раз

КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ ЕЛДЕР САНЫ ЖҮЗДЕН АСТЫ

Астана қаласында 2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық шаралары қыза түсті. Өткен аптада Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдаған еді. Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінге дейін 103 ел мен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын мәлімдеген. Халықаралық ұйымдармен қоса, 82 ел әлемдік ауқымды іс-шараға қатысатыны туралы келісімшартқа қол қойды.

2 МИЛЛИОННАН АСА АДАМ КЕЛЕДІ

Басқарма төрағасы мәлімдегеніндей, құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталады. Қазан айында павильондар – халықаралық қатысушыларға, ал тұрғын-үйлер делегация мүшелеріне беріледі. Көрме құрылысына 13 мың адам мен 560 техника тартылған.
Бір атап өтерлігі, көрмеге қатысатын мемлекеттер саны жоспарланғаннан асып түскен. Негізінен, стратегиялық құжатта көрмеге 100 мемлекет қатысатындығы көрсетілген. Жүзінші ел болып, өзінің қатысатынын нақтылаған – Украина. Шамамен 2 миллион адам келеді деп болжанып отыр.
– Еліміз ширек ғасырда әлем жұртшылығына танылып, әлеуметтік-экономикалық және мәдени әлеуетіміздің артуына септігін тигізген ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ТМД аумағында бірінші болып өткізгелі отыр. Қазақстанның әрбір өңірі осы тарихи оқиғаны табысты өткізуге қомақты үлесін қосуы керек, – деген еді Мемлекет басшысы жуырда Қостанай жұртшылығымен кездесуінде.
Бұған дейін Елбасының өзі «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенін аралап, «Қазақстан» павильоны және Конгресс-орталық ғимаратымен танысып шыққан-ды. Көрмені отандық және шетелдік ғылым үшін қызығушылық тудыратын сапалы инновациялық әзірлемелер арқылы толықтырудың маңыздылығын атап өтті. Жалпы, ұлттық павильон орналасқан шар тәріздес ғимараттың тақырыптық тұжырымдамасы «Болашақ энергиясының мұражайы» ретінде көрініс тапқан.
Ал Конгресс-орталық халықаралық конгрестер, конференциялар, симпозиумдар, концерттер және басқа да іс-шаралар өтетін көпфункциялы мәдени-сауықтыру нысаны болмақ.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев та облыстар және Астана, Алматы қалаларының әкімдеріне көрмені насихаттау, волонтерлік қызмет, туристік пакеттер әзірлеу, Астанадағы нысандардың көрмеге келушілерді қабылдау дайындығы, астаналық әуежай терминалының құрылысы, қонақүйлер қорының әзірлігі және логистика мәселелері жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеген.

МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР АЯСЫНДА...

Халықаралық көрмені тамашалауға ниет білдіріп жатқан адамдардың қатары қазірдің өзінде аз емес. Күні бүгінге дейін 74 мың билетті сату үшін 5 ірі келісімге қол жеткізіліпті. Көрме аясында 3 мыңнан астам тақырыптық және мәдени-сауықтық іс-шара өткізіледі, этнотуризмге басымдық беріледі. Көрмені өткізу шеңберінде көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру да жоспарланған. Соның бірі – «Астана ЭКСПО-2017» шеңберінде кәсіби бокс кеші мен WBС Конвенциясының өтуі. Бұл мақсатта жуырда ғана ынтымақтастық туралы бес тарапты – «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, Астана қаласының әкімдігі, «Қазақстан республикалық бокс федерациясы» қоғамдық бірлестік, World Boxing Council және «Diamond Ring Promotions» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Яғни, Астана қаласында 2017 жылғы қыркүйекте World Boxing Council 55 мерейтойлық Конвенциясын және Майк Тайсон, Геннадий Головкин мен т.б. атақты боксшылардың қатысуымен кәсіби бокс кеші өтетін болып келісілді.

«125 МЛН ЕУРО КӨЛЕМІНДЕ ДЕМЕУШІЛІК КӨРСЕТТІ»

Енді көрменің серіктестеріне келейік. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы А. Есімовтың айтуынша, ауқымды іс-шараға трансұлттық компаниялар да қызығушылық танытып отыр. Мәселен, ЭКСПО серіктестерінің қатарында «Циско», «Самсунг», «Шелл», «ДХЛ», «Шеврон», «Дженерал Электрик» және тағы басқа халықаралық корпорациялары бар. Олар бүгінге дейін 125 млн еуро көлемінде демеушілік көрсетті.
Еріктілер мен супервайзерлерді даярлау бойынша да белсенді жұмыс басталып кеткенін айта кетсек. Қазірдің өзінде еріктілерді дайындау жұмыстары үшін арнайы оқыту бағдарламалары жасалды, сондай-ақ, олардың әрқайсысы ЭКСПО-2017 еріктілер қозғалысының мүшелері үшін әзірленген әдістемелік нұсқаулықтармен қамтылады.

ОҢТҮСТІКТІҢ ҚОСАР ҮЛЕСІ БАР

Елбасының өзі атап өткеніндей, әлемдік ауқымды іс-шараға әр өңір тиісті үлесін қосуы тиіс. Бұл мақсатта өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Ең әуелі көрменің құрылысына өз үлесін қосып жатқан өндіріс орындарын айтар едік. Яғни, облыстағы «Kadiris» кірпіш компаниясының өнімдері бүгінде Астанаға жөнелтіліп жатыр. Нақтырақ айтқанда, пішіні әр түрлі, кәдімгі құрылысқа қажетті керамикалық қыштар «ЭКСПО» ғимараттарының құрылысында пайдаланылуда.
Қазірдің өзінде облыста 100 ерікті іріктеліп, алынды. ОҚО әкімдігі еріктілерді іріктеу бойынша комиссия құрған. Олар үшін арнайы тренингтер, халықаралық мамандар тарапынан дәрістер өткізіліп жатыр. Жуырда ғана
«ЭКСПО-2017» АҚ» Ұлттық компаниясының өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысының алдағы көрмеге дайындық жұмыстарымен танысып, тарихи-танымдық және табиғи-экологиялық бағыттар бойынша 3 және 5 күндік арнайы туристік маршруттар ұйымдастырды. Сонымен бірге, облыстан іріктелген 100 еріктімен кездесу кеші өтіп, «ЭКСПО-2017» көрмесі барысындағы еріктілер қызметінің маңыздылығы бойынша жастармен сұхбаттасу жүргізді.
Сондай-ақ, облыс әкімі
Б. Атамқұловтың бастамасымен ашылған «Ontustik tourism center» ақпараттық туристік орталығы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында туристерге ақпараттық қызмет көрсетуді бастап кетті.

Последнее изменение Среда, 05 Октябрь 2016 06:41
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.