Қазанның 6-7 күндері Шымкент қаласында өтетін «Ontustik Tourism-2016» халықаралық туристік форумына 250 шетелдік (10-нан астам елден) және қазақстандық қонақтар келмек. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Жүйріктаев хабарлады.
Сондай-ақ брифингке «ОҚО туризм индустриясының дамыту» орталығы қауымдастығының жетекшісі Гүлмира Ақбердиева және «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары Олжас Шынтаев қатысты.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, форум аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы – Жібек Жолының жүрегі» тақырыбындағы бизнес-конференция мен «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі, сонымен қатар, облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылады.
– Туризм мен қонақжайлық қызмет саласында іскерлік қатынастар орнату және дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан форумда қатысушылар үшін әлеуетті бизнес-серіктестермен кездесулер өткізіліп, меморандумдар түзіледі деп күтілуде. Сонымен бірге, «ONTUSTIKTOURISM-2016» туризм шарасында туристік және қонақүй бизнесі саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардан қажетті кеңестер алуға мүмкіндік туады, – деді О.Шынтаев.