Сенімді әріптестік серпіліске бастайды Избранное

Среда, 05 Октябрь 2016 06:13 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2987 раз

Кеше Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы XIII форумы аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде екіжақты ынтымақтастықтың дамуының басты бағыттарын талқылады.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өткізіліп келеді.

– Сочиде өткен форумда қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін елдеріміздің үкіметтері жемісті жұмыс жүргізді, – деді Мемлекет басшысы кездесу барысында. – Бүгінгі форумда екі елдің 900 бизнесмені кездесуде. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінің басшылары келіссөз жүргізіп, нәтижесінде қазірдің өзінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Мұның бәрі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.

2015 жылдың қорытындысына сәйкес екі елдің арасындағы тауар айналымы 14,57 млрд долларды құрады

В.Путин көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделгенін атап өтті.

– Біз барлық бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасаймыз. Сіздің бастамаңызбен өткізіліп отырған өңіраралық форумға Қазақстанмен бірлесіп тығыз жұмыс жүргізетін Ресейдің 400 бизнесмені қатысуда. Бүгінгі форумның тақырыбы өңірдің көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды әрі пайдалы болмақ, – деді Ресей көшбасшысы.

 

Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі саналады. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысына сәйкес екі елдің арасындағы тауар айналымы 14,57 млрд долларды құрады. Екіжақты бизнес форум аясында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды. 

– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Форум барысында Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары рәсімделді. Құжатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин қол қойды.

Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.