Кәсіпкерлік кеңесі құрылады Избранное

Пятница, 21 Октябрь 2016 05:06 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3838 раз

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі бизнес өкілдермен кездесу өткізді. Жиынға 160-тан астам шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар, ірі кәсіпкерлер де қатысты. Бейресми кездесудің басты мақсаты – аймақтағы кәсіпкерлермен жақын танысып, осы салада қордаланған өзекті мәселелерді ортақтасып шешу.

Жиында облыс әкімі өңірдің индустриалды-инновациялық даму жұмыстарында Елбасының берген тапсырмаларын толықтай орындап, бұл ретте, қағазбастылықты азайтып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін айтты. Аймақ басшысының кәсіпкерлікті қолдауға айрықша көңіл бөлгені жиналғандарды қуантып, өздерін алаңдататын мәселелерді әкімнің тікелей алдында баяндады.
Атап айтар болсақ, «Диойлгаз» компаниясының жетекшілігі «Тассай» индустриалды аймағынан бөлінген жер телімінің құжаттарын рәсімдеудегі қағазбастылық пен оны беруді кешеуілдетіп жатқанын айтты. Өз кезегінде, осы мәселе бойынша жауап берген облыс әкімі таяуда 14 қаулыға қол қоятынын, онда аталған «Диойлгаз» компаниясының да бар екенін жеткізді. Мұнан бөлек, апта соңына дейін жер учаскесін беру бойынша қаулының дайын болатынын айтты. Кездесу барысында айтылған және сол жерде шешімін тапқан мәселелердің бірі – «МарайЕ7» және «Карлс Крона» кәсіпорындарының электр энергиясымен қамтылмай отырғаны. Мәселеге қанық болған Жансейіт Түймебаев 3 тәулік аралығында аталмыш кәсіпорындарға электр қуатын жеткізуді тапсырды.
Бұдан өзге, отырыста инженерлік коммуникациялар мәселелері мен өнімді өткізу, шет елден келетін жұмысшыларға виза алу мәселелері сынды кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін көптеген проблемалар қозғалды.
Жиын қорытындысы бойынша, облыс әкімі жүйелі түрде жұмыс жасауды және облыс әкімінің жанынан кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды. Сондай-ақ, айына бір рет кәсіпкерліктің түрлі салаларына байланысты бизнесмендермен жиын өткізуді ұсынып, мемлекет пен кәсіпкерлік құрылымдары күштерін біріктіретін болса, күткен межені бағындыруға болатынын баса айтты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.