Тұрғын үй мен кәсіпкерлікті дамыту – тұрақты назарда Избранное

Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:30 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3697 раз

Осы аптада Оңтүстікке «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев іссапармен келді. Сапар барысында басқарма төрағасының қатысуымен өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жиын өтті. Басқосуда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасының облыс орталығы – Шымкентті еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру туралы тапсырмасына орай, шаһардың бүгінгі таңда үлкен құрылыс алаңына айналғанын жеткізді.

БИЫЛҒЫ МЕЖЕ – 1 496 ПӘТЕРЛІ 34 ТҰРҒЫН ҮЙ

Өңір басшысы мұндай ауқымды істердің сәтті атқарылуына мемлекет пен бизнестің жүйелі ара-қатынасы, оның ішінде, «Бәйтерек» холдингінің үлесі орасан екенін атап өтті. Мәселен, облысымызда «Бәйтерек девелопмент» арқылы былтыр көпқабатты 36 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1 572 отбасы тұрғын үймен қамтамысыз етілген. Ал биыл көлемі шамамен 93 мың шаршы метр болатын 1 496 пәтерлі 34 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды тұрғын үйге баға құнын Алматы мен елордадағы пәтер құнымен теңестіру жағын ойластыруды ұсынды. Бұл құрылыс компанияларына материал үнемдемей, жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ пәтер шаршы метрін де өзгерту ұсынысы жасалды, себебі ОҚО-да көп балалы отбасылар көп.

Бүгінде өңірімізде 43 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұрса, бұл көрсеткіш бойынша Оңтүстік өңірі Астанадан кейінгі екінші орында тұр. «Қазір өңірде 243 тұрғын үй салынуда. Оның басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама аясында. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында және «Шымкент-сити» аумағында 316 тоғыз қабатты үй бой көтеруде», – деді өңір басшысының бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Е.Досаев Оңтүстік өңіріндегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлік салаларын дамытып, барлық ұсыныстарды қолдауға дайын екенін жеткізді. «Үкіметтің негізгі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларын жүзеге асыруда қаржылық операторы болып табылатын «Бәйтерек» холдингі ҚР Мемлекеттік индустриалды-иннновациялық даму бағдарламасы аясында 2020 жылға дейінгі индустриалды жобаларды қаржыландырып, Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй құрылысы жұмыстарына қатысады. Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді басқарма төрағасы.

dosaev

Жиында сонымен қатар, бірқатар тиісті сала өкілдері тақырып аясындағы аймағымызға қатысты өзекті мәселелерді шешуде өз ойларымен бөлісіп, жан-жақты қолдауға әзір екендіктерін айтты. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі кәсіпорындардың дамуына септігін тигізген «Бәйтерек» холдингінің басшылығына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда, оның ішінде тоқыма кластерін дамытуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзілді. Сондай-ақ, жобаларды қаржыландыруға әзірлеу аясында «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды.

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

dosaev-2

Бұдан соң Басқарма төрағасы Е.Досаев өңір басшысы Ж. Түймебаевпен бірге Шымкенттегі холдингтің еншілес компаниялары қаржыландырған бірқатар нысандарда болды. Ең алдымен, «Асар» шағынауданына барып, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің қолдауымен бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің құрылысымен танысты.
Бүгінгі таңда шағынауданда 1496 пәтерден тұратын 5 қабатты 34 үйді 4 мердігер компания салуда. Өз кезегінде, басқарма төрағасы таныстырылған жұмыстарды оң бағалап, құрылысты сапалы әрі уақытылы істейтін мердігер мекемелерді қолдауға әрқашанда дайын екенін жеткізді.
Сапар аясында Ерболат Асқарбекұлы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «БалТекстиль» кілем фабрикасында болды. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдау тауып, қаржыландырылған жоба 2014 жылы іске қосылып, кілем фабрикасымен 1722,6 мың ш.м. кілем мен кілем өнімдері дайындалған. Бүгінгі таңда мұнда 245 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, «AzalaTextile» ЖШС-і тоқыма-тігін фабрикасының өндірісімен де танысты. Аталған фабрика холдинг тарапынан «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша қолдау алған. «AzalaTextile» ЖШС-нің ерекшелігі сол, мұнда қолданылатын шикізаттардың барлығы отандық саналады. Бүгінгі таңда компанияның өнімдері Литва, Латвия, Италия мен Германия, Чехия, Ресей, Қытай мен Эстония сынды бірқатар мемлекеттерге экспортталады.

dosaev-1

ОҢТҮСТІК ӨНІМДЕРІ ШЕТЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛУДА

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы Холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев Қазығұрт ауданында болып, бірқатар кәсіпорындар мен шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Алдымен Шарапхана ауылдық округіндегі Индустриалды аймақта орналасқан «Lotus Food Company LLC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Тез әзірленетін тағамдар» өндірісімен және ауыл шаруашылығы саласына арналған биоорганикалық тыңайтқыштар шығаратын фабрика жұмысын аралап көрді. Жобалық құны 472 млн теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 620 мыңнан аса қаптама әзірлеуге қауқарлы. Өнімді республика аумағының барлық қалаларына өткізу жоспарда бар. Күнделікті тұрмыста жоғары сұранысқа ие, тез дайындалатын өнімдер шығаратын кәсіпорын 48 адамды жұмыспен қамтуда.

Қазіргі таңда аудандағы индустриалдық аймақта 5,8 млрд теңгелік 7 жоба мақұлданып, осы жылы жалпы сомасы 722,7 млн теңгелік 2 жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Олар «Отырабат Құрылысы» ЖШС-ның құны 120 млн теңгелік газоблок өндірісі мен «Асыл Бастау КZ» ЖШС-нің құны 602,7 млн теңге болатын майсыздандырылған құрғақ сүт және сары май өндіру жобалары. Мұнан соң, облыс әкімі бастаған делегаттар Қызылқия ауыл округіндегі 500 гектардан астам жерге қарқынды бау шаруашылығын дамытып отырған «Аманкелді» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Сапар барысында шаруалардың жұмысымен танысқан өңір басшысы тұқымбақтағы өндірілетін көшеттерді кеңінен насихаттап, өзге де аудандарға ұсынуды тапсырды. «Елбасы Оңтүстікке жасаған сапарында облыстың көкөніс пен жеміс-жидек өндіретін нағыз «фабрикаға» айналуға барлық мүмкіндігі бар деген болатын. Осы мүмкіндікті барынша қолдану үшін барлық аудан, қалалар аталған серіктестіктен тәжірибе алып, бау-бақша шаруашылығын дамытуымыз керек», – деді әкім. Ерболат Досаев өз сөзінде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қашанда қолдау көрсетілетінін айтып, облыстағы өндірілетін өнімдерді өзге де өңірлерге кеңінен таныстыру қажеттігіне тоқталды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.