Жапония – Қазақстан үшін сенімді серіктес Избранное

Среда, 09 Ноябрь 2016 05:58 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5885 раз

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барды. Онда Елбасы Жапония Императоры Акихитомен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы қазіргі қарым-қатынастың ахуалы және оны алдағы уақытта қарқынды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің түрлі саладағы өзара іс-қимылына, соның ішінде Жапонияның Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне тұрақты түрде қатысып келе жатқанына тоқталып, бұл елмен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында сенімді серіктестік орнағанын айтты.

Қазақстан Президенті жаһандық қақтығыстарды реттеуге және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етуге Жапонияның баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жауапты миссия атқару барысында ядролық қарусыз әлем қалыптастыру, энергетика, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған шараларды қолға алатынын жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ екі ел ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың жайын талқылады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Бүгінде Астана Еуразияның ірі ғылыми және білім беру орталығының біріне айналды. Біз қазір жастарды білім алу үшін өзіміздің университетімізге тартудамыз. Онда жапон жастары да оқитын болады деп үміттенеміз.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония серіктестігінің жоғары деңгейге жеткенін және сапар аясында өтіп жатқан келіссөздер алдағы уақытта оның аясын кеңейтуге бағытталатынын атап өтті.

– Біздің елдеріміз ядролық қарудың зардабын тікелей өз басынан өткерді. Жапония мен Қазақстан антиядролық қозғалыстың көшбасшылары болып саналады. Бұл жұмысты біз бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін. Менің Хиросимаға алдағы сапарымның мақсаты – жапон халқымен ниеттестігімізді білдіру, біз ХХІ ғасырда ядролық қарусыз әлем қалыптастыру жолында бірлесе жұмыс жүргізудеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық аренадағы өзара іс-қимылының белсенді түрде жүргізіліп отырғанына назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында бір ғана Жапониядан келген инвестицияның жалпы көлемі 10 млрд долларға жеткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Tokyo Rope компаниясында болды. Елбасы компания қызметімен танысып, шығарған өнімдерін көрді. Сондай-ақ, телекөпір арқылы Қазақстандағы болат бұйымдар шығаратын «Токио Роуп Алматы» зауытын салтанатты түрде іске қосу шарасына қатысты.

Мұнан кейін Н. Назарбаев «Токай» университетіне ат басын бұрды. Қазақстан Президенті университетті аралау барысында күннен қуат алатын «Токай челленджер» автокөлігін көріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша осында оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті. Елбасы оқу орнының ұжымы алдында сөйлеген сөзінде «Токай» университеті мен Назарбаев Университеті арасында қалыптасқан серіктестік қарым-қатынасқа назар аударды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.