Қазақстан-Корея: ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі Избранное

Пятница, 11 Ноябрь 2016 06:47 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 6325 раз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Жапонияға жасаған ресми сапарынан соң Корея Республикасына келді. Мемлекет басшысы алдымен ел астанасы Сеул қаласындағы Отан үшін құрбан болғандар монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысып, бір минут үнсіздікпен боздақтар рухына тағзым етті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Сапар барысында Қазақстан Президенті Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Екі елдің басшылары Қазақстан мен Кореяның стратегиялық серіктестігін жаңа сапалы деңгейге көтеру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Қазақстан Президенті Тынық мұхиты жағалауындағы Қытайдың Ляньюньган портының қазақстандық терминалы құрылысының аяқталғанын атап өтті.

– Бұл терминал арқылы қазірдің өзінде миллионға жуық контейнер тасымалданды. Сонымен бірге Қытаймен шекаралас Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен жалғайтын теміржол салынып, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағына дейін теміржол төселді. Осы бағыттардың бәрін корей бизнесінің пайдалануына болады, – деді Мемлекет басшысы.

Пак Кын Хе Нұрсұлтан Назарбаевпен елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толу қарсаңында кездесіп отырғанына айрықша қуанышты екенін жеткізді.

– Мемлекеттер басшыларының арасындағы өзара сенімге негізделген жеке достық қарым-қатынастың қалыптасқаны елдеріміздің стратегиялық әріптестігінің де нығая түсуіне септігін тигізеді. Қазақстан мен Кореяның қарым-қатынасы бір-бірін өзара толықтырушы ынтымақтастық негізінде жедел қарқынмен дамып келеді, – деді Корея Республикасының Президенті.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Корея Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті. Кездесуге ірі корей компанияларының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстанның Шығыс Азиядағы негізгі әріптестерінің бір екенін, тәуелсіздік жылдары осы елден келген инвестицияның жалпы көлемі 9 млрд долларға жеткенін атап өтті. Қазақстан Президенті 2015 жылы бірқатар сыртқы факторлар мен объективті себептерге байланысты өзара сауда-саттық көлемі біршама азайғанын айтты. 

– Осы орайда біздің экономикалық ынтымақтастығымызға тың серпін беру маңызды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс, қаржы және инвестициялар, көлік-логистика жүйесі өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары болып саналады, – деді Н. Назарбаев.

Қазақстан Президенті атап өткендей, біздің елде оңтүстіккореялық капиталдың үлесі бар 465 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде, соңғы үш жылдың өзінде жалпы құны 160 млн доллар болатын 14 инвестициялық жоба іске асты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы корей компанияларын Қазақстандағы мемлекеттік кәсіпорындарды жаппай жекешелендіру үрдісіне, алдағы «ЭКСПО-2017»: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесінің жұмысына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне белсене атсалысуға шақырды.

– Біз корей компанияларымен экономиканың барлық секторында ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Бүгінгі біздің кездесуіміз елдеріміздің іскер топтарының өзара тиімді ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын анықтап береді деп үміттенемін, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы сапар аясында Оңтүстік Кореяның Президентімен жүргізілген келіссөздің жемісті болғанын айтып, онда іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктері, соның ішінде Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту, ЕАЭО нарығына шығу перспективалары талқыланғанын атап өтті.

Последнее изменение Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.