Елбасы Дональд Трампты құттықтады

Пятница, 11 Ноябрь 2016 07:00 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 6288 раз

АҚШ-тағы Президент сайлауының нәтижесі белгілі болды. Республикалық партия атынан кандидат болған Дональд Трамп саяси науқанның қорытындысы бойынша жеңіске жетті. Саяси додада ол 57 миллион халықтың дауысын жинады. 70 жастағы Д. Трамп АҚШ елінің тарихындағы ең егде Президент болмақ.

АҚШ-тың сайлау жүйесі күрделі екені белгілі. 8 қарашада америкалықтар өз дауыстарын қағаз жүзінде нақты кандидатқа емес, сайлаушыларға берді. Жалпы, Сайлаушылар алқасында 538 сайлаушы бар. АҚШ Президенті атануы үшін кандидаттарға сайлаушылардың кемінде 270 дауысын жинауы қажет еді. 40-тан астам штаттардың нәтижесі бойынша «су жаңа» Президент 276 дауыс жинады.

Осыған орай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа Америка Құрама Штаттарының 45-ші Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. «Сіздің басшылығыңызбен Америка Құрама Штаттары дүние жүзінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау және өсіп-өркендеу жолында тірек болып қала беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта. Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа табыс тілеп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

2017 жылдың қаңтар айында Дональд Трамп салтанатты түрде ант қабылдайды және алдағы төрт жылда елді басқаратын болады. Айта кетейік, Д. Трамп 1946 жылы 14 маусымда Куинсте (Нью-Йорк) дүниеге келген. Пенсильвания университетінен экономика бакалавры дәрежесін алып шыққан. Байлығы $4,1 млрд долларды құрайтын Трамп тек жылжымайтын мүліктен бөлек, спорт (реслинг, гольф, футбол), дәрумен сату сияқты кәсіп түрлерімен айналысады. Ол 2015 жылдың 16 маусымында АҚШ президенттігіне ресми түрде Республикалық партия атынан қатысатын үміткер екенін мәлімдеген болатын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.