Қазақстан – қауіпсіз қоғам көшбасшысы Избранное

Среда, 30 Ноябрь 2016 09:44 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5286 раз

1991 жылдың 29 тамызында Қазақ Елі үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызы зор оқиға болды. Жеріміз бен халқымызға 40 жылға жуық қасірет шектірген милитаризмнің ең зұлмат сынағы бұл күні заңдық тұрғыдан тоқтатылды.

1429968669 Yadernoe oruzhieРасында, бірнеше онжылдық бойында күллі әлем атом қаруын қысқарту, оны сынауға мораторий жариялау үдерістері арқылы ядролық қауіп деңгейін төмендетуге тырысты. Осы орайда, Қазақстан әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жабу туралы Жарлық шығару арқылы ядролық қарусыз әлем құруға алғашқы қадам жасады. Яғни, Қазақстан – осындай қадамға барған әлемдегі бірінші ел. Бұл оқиғаның бүкіл жаһан халқы үшін ұлық мәні бар еді.

Бұл ретте, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық өлшемдер бойынша теңдессіз саясаткер ретінде танылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өз қолымен құрған жас мемлекет тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап дүниежүзілік ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысы атануына қажетті барлық жағдайды жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде Қазақстан Республикасының Президенті атанысымен шын мәнінде президенттік шешімдер шығара бастады. Кеңес Одағы әлі ыдырамай тұрған шақта, 40 жыл бойы халқына қасірет шектіріп келген жер бетіндегі ең алып сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонын жапты.

Семей сынақ алаңын жабу – ядролық қарусыз әлем құру жолындағы қазақ халқының ұлы қадамдарының бастауы болды. Осы тарихи шешімнен кейін Невада, Лобнор, Жаңа жер секілді ірі полигондар жабылды. Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адам-зат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз бұрнағы жыл БҰҰ-ның қарарымен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды.

Кеңес Одағы кезеңінде қазіргі қазақ мемлекетінің аумағында орасан зор ядролық қару-жарақтар қоры орналастырылған еді. Егемендігін жариялаған уақытта Қазақстан 1040 ядролық оқтұмсық пен әуеден тастауға болатын 370 ядролық бомбаның иесі атанып шыға келді. Жас мемлекет ядролық құдіреті бойынша әлемде бірден төртінші орынды иеленді. Кеңес Одағы ыдыраған, кімнің қайда қалғаны белгісіз алмағайып күндерде осыншама орасан қаруға мұралық еткен 

Қазақстан өзін ядролық держава деп жариялау мүмкіндігіне толық ие болды.

Жаппай қарулану бәсекесінің қарқыны әлі де қайта қоймаған ол күндерде «ядролық держава» атануға қызығушылық та зор болатын. Елдің ішіндегі саясаткерлердің арасында тағдырдың өзі сыйлай салған «ядролық әлеуеттен» бас тартпай, иелік етіп қалуды ұсынғандар көп болды. Ол шын мәнінде, әлемдік алпауыттарды халықаралық қауымдастыққа енді ғана мүше атанған жас мемлекетпен дереу санасуға мәжбүрлейтін негізгі құрал еді. Дегенмен, жас мемлекеттің сонау бір қиын сәттердегі ғана емес, ғасырлық, бәлкім, мыңжылдық болашағын айқындау жауапкершілігі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жүктелген еді. Түпкілікті шешімді Елбасы қабылдады.

Осынау аса жауапкершілікті сәтте Елбасы айрықша көрегенділік таныта білгенін бүгінгі таңда біз мақтанышпен айта аламыз. Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік және стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі бола алады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.