Астана процесі – бітімгерліктің бастауы

Среда, 25 Январь 2017 05:46 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3935 раз

Cирия елінде қалыптасып отырған бүгінгі ахуал – халықаралық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Оның салдары күллі әлем елдеріне кері әсерін тигізуде. Экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы, заңсыз миграцияның көбеюі аталмыш мәселенің өзектілігін көрсетеді. Сондықтан, дүниежүзі елдері бұл жағдайды бейбіт шешуге мүдделі.

astana 4

Апта басында Сирия дағдарысын шешу бағытында келіссөздер жүргізу үшін мүдделі тараптар Астанада бас қосты. Яғни, Сирия Араб Республикасы үкіметі мен Сирия оппозициясы өкілдері, Ресей Федерациясы, Түркия, Иран Ислам Республикасы мен АҚШ елінің өкілдері «Астана процесі» аталған «диалог алаңында» гуманитарлық көмек, соғысты тоқтату және тұтқындарды босату мәселелерін талқыға салды.
Айта кетсек, Сирия шиеленісіне қатысты келіссөздерді Астанада өткізу жөнінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған ұсынған болатын. Осылайша, Астана процесі 6 жылға созылған жанжалды тоқтатуға бағытталған кезекті бастамаға айналды. 
Айта кетсек, Сирия шиеленісіне қатысты келіссөздерді Астанада өткізу жөнінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған ұсынған болатын. Осылайша, Астана процесі 6 жылға созылған жанжалды тоқтатуға бағытталған кезекті бастамаға айналды. Осы орайда, бұған дейінгі өткен Женева, Лозанна, Вена мен Мәскеуде өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермегенін айта кеткеніміз жөн. Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысты. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарды. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар.
Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасауда. Түрік және Иран делегацияларын аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары – Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари бастап келді.

Мұнан бөлек, сириялық дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де қатысты.
Келіссөздердің ашылу рәсімі БАҚ өкілдеріне тікелей көрсетілді. Жиыннан хабар тарату үшін 25 елден 380-ге жуық тілші реми тіркелген. Одан кейінгі келіссөздер барысы «жабық есік» жағдайында өтті.

СИРИЯДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС АЛДАҒЫ ЖАРТЫ ЖЫЛДА РЕТТЕЛУІ МҮМКІН

Бұл жиынға күні бұрын келген БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.
– Мен Ресей, Түркия және Иран Президенттерінің Астанада келіссөздер өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алдым. Біз кездесудің жемісті өткенін қалаймыз. Қазақстан кездесуге қатысатын тараптардың бәрімен тең әрі сенімді қарым-қатынаста болғандықтан, келіссөздер қалыпты өту үшін барлық жағдай жасалады деп ойлаймын, – деді екіжақты кездесуде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

astana 4-1

Өз кезегінде, Халықаралық ұйымның өкілі Астана процесі бейбіт өмірдің бастауы боларына сенім білдіріп, бастамашыл істердің ұйытқысы болып отырған Қазақ еліне алғыс сезімін білдірді. 
– Сіздің еліңіз халықаралық аренадағы ең күрделі ахуалды реттеу ісінде зор тәжірибесін көрсетіп, үлгі болып келеді. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігі Сирия қақтығысын шешудің қосымша мүмкіндігіне айналып отыр, – деді БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы елшісі Стаффан Де Мистура.
Астана процесі қатысушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндеу жолдады. Оны қызметіне жуырда ғана кіріскен еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыды. 
– Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмеді. Бейбітшілікті насихаттайтын Қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады, – делінген Елбасы Үндеуінде. 
6 жылға созылған Сирия қақтығысының жайын зерделеген әлемдік БАҚ құралдары да мұндай келіссөздердің өз нәтижесін береріне үлкен сенім артуда. 
– Бұл жиынға оппозициялық топ өкілдерінің қатысқаны қызығушылықты арттырып отыр. Себебі Сирия оппозициясы деген түсінік біркелкі емес. Ондаған саяси күштің әрқайсысы өзін «сириялық оппозиция» деп атайды. Мен геосаяси бағдарламаның авторы ретінде делегаттардың пікірін білгім келеді. Астана процесін бүкіл әлем бақылады. Тілшілер нәтижесін күтіп, соңғы мәлімдемелер «Қазмедиа орталығынан» тікелей эфирде таратылды. Үстел басында кім, қалай және кімге қарсы отырғандығын да қалт жібермеді. Көптен күткен диалогқа бақылаушы ретінде қатысқан АҚШ елшісі БҰҰ-ның өкілі мен сириялық оппозицияның дәл ортасында отырғаны да назардан тыс қалмады, – дейді шетелдік журналист Андрей Афанасьев. 
Астана процесінен хабар таратуға келген сириялық тілші Алла Ибрагим елдегі жағдайды айтып, ой бөлісті. 
– 6 жылға созылған соғыс халықты әбден шаршатты. Мысалы, Дамаскіде 22 күн ауызсу болған жоқ. Оқтын-оқтын жарық өшіп тұрады. Халық бейбіт күнді аңсайды. Атылған оқтың дауысынан әбден жалықты. Сондықтан біз осы келіссөздерге үлкен үміт артып отырмыз, – дейді ол. 
«Дөңгелек үстел» аясында Сирия билігі мен оппозиция өкілдері келелі келіссөз жүргізді. Екі күндік алқалы жиын соңында бітімгерлік бастамаға қол жетеді деген сенім зор. Осы арқылы төрткүл дүниені алаңдатқан түйткіл реттеледі деп күтілуде. Халықаралық қауымдастық Сириядағы соғыстың аяқталуынан үміт үзбей, қолдағы бар мүмкіндікті қолдануға ниетті. 
Айта кетсек, Астанада сириялық оппозиция топтарының бұған дейін де екі кездесуі өткен болатын. 2015 жылдың мамыр айында өткен алғашқы кездесуде астаналық декларация қабылданған. Бұл құжат лаңкестіктің барлық түрлерін айыптап, бүкіл шетел жасақтарын елден шығаруға шақырған. Келіссөздердің екінші кезеңі қазан айында өтті. Оған қатысқан сириялық оппозиционерлер бұл кездесуді ұйымдастырған Қазақстанға алғысын білдіріп, бейбіт мемлекет Сириядағы жанжалды реттеуге өз үлесін қосатынына сенім білдірген болатын. Дегенмен, Халықаралық қауымдастық тарапынан ұйымдастырылған бұған дейінгі басқосулар бүгінгідей үлкен құрамда өтпегенін де айта кеткеніміз жөн.

ДҮЙІМ ЕЛДІҢ НАЗАРЫ – ҚАЗАҚСТАНДА

Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған келіссөздер туралы шетелдік БАҚ жарыса жазуда. Мәселен, Ресейдің «Коммерсант» газеті: «Алты жылда алғаш рет Сирияның қарулы оппозициясы келіссөзге келді» деп жазады. «Және оған саяси өкілі емес, «Джейш аль-Ислам», «Мұхаммед Аллюш», «Сирияның азат әскері» сынды ұйымдардың жетекшілері басшылық еткен. 15 оппозициялық топ өкілінің кездесуге келуі бұрын-соңды болмаған жағдай», – деп жазады мерзімді басылым. Сондай-ақ мақалада бұл халықаралық қақтығысты реттеуге бағытталған маңызды қадам екендігіне басымдық берілген. «Коммерсант» газетіне берген сұхбатында Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу: «Астана процесі – тарихи оқиға. Бұл кездесу Сирия, Иран, Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге серпін береді. Мұндай форматтағы кездесу бұған дейін ұйымдастырылмаған, мұның өзі үлкен жетістік», – дейді.

20170124093144

Ал «Би-би-си» арнасы Сирияның ресми билігі мен ондағы қарулы оппозияция алғаш рет Астана алаңында келіссөз жүргізіп жатқандығы туралы ақпарат таратты.
Оппозиция Сирия Президенті Башар Асадтың отставкаға кетуін талап етіп отырғандығы белгілі. Ал Асад ол үшін елдің Конституциясын өзгертуге тура келеді. «Бұл тек рефедендум арқылы жасалады», – дейді.

БЕЛСЕНДІ ЫНТЫМАҚТАСУҒА ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

Астана процесіне қатысушылар келіссөздер өткізуге мүмкіндік жасаған Қазақстан Президентіне ризашылықтарын білдірді. Бұл жөнінде әлемдік БАҚ өкілдері үшін баспасөз баяндамасын өткізген ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлім етті.
– Біз Астанадағы Сирия жөніндегі халықаралық кездесу үкімет пен опппозиция арасындағы тікелей диалог үшін форма саналатындығын атап өтеміз. Мұны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарары талап етеді. Біз қарулы оппозициялық топтардың келіссөздердің келесі раундына қатысуға ниет танытып отырғандығын қолдаймыз. Ол 2017 жылдың 8 ақпанында Женевада БҰҰ құзіретімен өтеді, – деді министр өз мәлімдемесінде. 
Сондай-ақ, құжатта тараптар халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшелерін БҰҰ ҚК қарарымен келісілген барлық іс-шараларды жүзеге асырудағы саяси процеске қолдау көрсетуге шақырған. 
– Біз сириялық саяси процесті қамтамасыз ету, жаһандық процестерге және 2254 қарарын жүзеге асыруға үлес қосу үшін БҰҰ көмегімен Астана платформасында белсенді ынтымақтасуға шешім қабылдадық. Біз Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлы мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстанға өз аумағында, астанада Сирия бойынша халықаралық кездесуді қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз, – делінген құжатта.

Суреттер kazinform.kz
сайтынан алынды

Последнее изменение Среда, 25 Январь 2017 05:51
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.