АЛДЫМЫЗДА ЖАҢА МІНДЕТТЕР ТҰР

Среда, 01 Февраль 2017 05:02 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4186 раз

Кеше қала әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланды. Жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, төрағалық етті.

Жолдаудың негізгі бағыттарын саралаған басқосуға Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, құрылымдық бөлім басшылары, қала аумағына қарасты төрт аудан әкімі және мектеп басшылары қатысты. Қала әкімі жиынға қатысушыларды 2017 жылы Елбасы белгілеп берген саясат пен бағыт-бағдарды негізге ала отырып жұмыс істеуге шақырды.

– Елбасы Жолдауында технологияны меңгеру, осы саладағы біліктілікті арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту жөнінде айтылған тапсырмалар біздің күнделікті жұмысымызбен тікелей байланысты. Шымкент қаласында 60 мың гектар жер ауыл шаруашылығына арналған. Соның барлығын сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңа технологиялық әдістермен қолданып, дұрыс пайдалануымыз қажет. Сондай-ақ, инфрақұрылымның басым бағыты қала сыртындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандарда жүзеге аспақ. Қала тұрғындары орталыққа оңай келіп-кете алатындай жағдай жасалуы тиіс, – деді қала әкімі.

 DSC2588

Ал білім саласының мамандарына балаларды мектеп жасынан-ақ кәсіби мамандануға бейімдеу қажеттігін ескертіп, сол бағытта жұмыс жасауға үндеді. Қала әкімі тұрғын үй кезегінде 28 мың, ал жер алу үшін кезекте 90 мыңнан астам қала тұрғыны өтініш білдіргенін айтып, бұл ретте «Нұрлы жер» бағдарламасының тиімділігі зор болатынын мәлімдеді.

Жиынға қатысқан Шымкент қаласының Құрметті азаматы Әділхан Сұлтанбек ақсақал қаланы көркейтудегі игілікті істері үшін Ғ. Рахматоллаұлына алғысын білдіріп, осы бағытта тер төгіп жүрген сала мамандарына, қаланың белсенді жастарына ақ батасын берді. Жиынды қала әкімі қорытындылады.

– Елбасының Жолдауын мұқият оқып шықсаңыздар көп шаруадан хабардар боласыздар. Жолдау халыққа арналды, сондықтан бүгінгі жиынға қатысушылар оны түсіндіруге міндеттіміз. Осы мақсатта белсенді түрде бірге жұмыс жасайтын боламыз, – деді Ғ.Әбдірахымов.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.