Конституциялық реформалар – мемлекетіміз дамуының заңды нәтижесі Избранное

Среда, 15 Март 2017 06:17 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5560 раз

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 наурызда «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы мемлекетіміз үшін мәні зор маңызды қадам – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Елбасы сөзінің толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Қадірлі қауым!
Құрметті қазақстандықтар!

Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам. Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.

Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.

Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.

Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.

Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық.

Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университеттер басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.

Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.
Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінгі реформа – мемлекетіміз дамуының заңды нәтижесі. Біз – өз мемлекеттілігін құру үстіндегі жас елміз. Бізге өзгеріс үстіндегі дүние талаптарына экономикада да, сондай-ақ, саясатта да жауап беруіміз қажет.

Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің басқа тармақтарына беріледі. Үкімет қабылдайтын шешімдері үшін өзінің жауапкершілігін күшейтеді. Парламент Үкімет пен атқарушы органдардың қызметтерін бақылау үшін жаңа өкілеттіктерге ие болады. Еліміздің конституциялық құрылысы, егемендігі мен тәуелсіздігі мызғымастығының кепілдігі нығая түсетін болады.

Саяси жүйе демократиялылық пен орнықтылықтың үлкен деңгейіне қол жеткізеді. Сонымен бір мезгілде, басқарудың президенттік формасы Қазақстан Республикасының базалық іргетасы болып қалады. Заң жобасын талқылау барысында жұртшылық президенттік биліктің әлсіреуіне қатысты өздерінің алаңдаушылықтарын білдірді. Баршаны еліміздің тұтастығы, мемлекетіміздің тұрақтылығы, халқымыздың бірлігі мен достығы толғандырады. Билік теңгерімділірек, икемдірек және тиімдірек бола түседі. Қабылданатын өзгерістер өзінің мәні жөнінен жүйелі, олар кең қоғамдық резонанс туғызып, қолдауға ие болды.

Жұмыс тобының мүшелеріне, Парламент депутаттары мен барша қазақстандықтарға конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы қолдауы мен баға жеткізгісіз үлестері үшін шын көңілден шыққан ризашы-лығым мен құрметімді білдіремін. Мен сондай-ақ, Отан игілігі жолындағы еңбегімді халық қалаулыларының Конституцияға ерекше түзетумен атап өтуді ұсынғанын оң бағалаймын. Бұл халқымыздың мүддесі үшін реформаларды әрі қарай жүргізуге ынталандырып, сенімділік пен күш-қуат береді.

Жолдауда айтылғанындай, бүгінгі күнгі жедел технологиялық революция жаһандық экономикада жаңа шынайы өмір қалыптастырып отыр. Жаңартылған Конституция – бұл уақыт сын-тегеурініне біздің жауа-бымыз. Стратегиялық мақсат – әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуге қол жеткізу үшін Қазақстанның барлық азаматтарына өздерінің күш-жігерлерін біріктіру маңызды.

Бәріміз бірге ХХІ ғасырда еліміздің табысты дамуын, халқымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ете алатынымызға сенімдімін. Реформаның негізгі мақсаты да осы – бірлігімізді, достығымызды, өзара түсіністігімізді, азаматтардың этностық, тілдік және конфессиялық қағидаттар бойынша теңдігін сақтау. Осы топтасқандығымыздың арқасында біз талай мәрте жеңістерге жеттік. Осы постулаттарға сүйене отырып, біз жаңа жеңістерге жететін боламыз.

Барлық қазақстандықтарды біздің егеменді саяси тарихымызда жаңа кезең ашатын Негізгі Заңға өзгерістер қабылдануымен құттықтаймын.

 

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

98edc35cb38ddda5fcbe1f5f7a8811b6Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты:

– Бұл – тарихи оқиға. Мемлекет басшысы өз өкілеттігін билік тармақтары арасында қайта бөліп беру арқылы бүкіл әлемге кезекті мәрте Қазақстанның демократиялық даму жолының қандай да бір өзгеріссіз, жан- жақты ойластырылып, кезең-кезеңмен жүзеге асатынын дәлелдеді. Бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған конституциялық реформаны барлық партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары қызу талқылады. «Ауыл» партиясы мүшелерінің де пікірлері қазақ-стандықтардың ойымен үндесетінін айта кеткен ләзім. Осыған орай, біздің партия Алматыда сарапшылар кеңесінің отырысын өткізді. Еліміздің 14 облысында, Астана мен Алматы қалаларында партиялық ұйымдарымызда да талқылауға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Орталық аппаратқа облыстың барлық филиалдарынан жүздеген ұсыныс келіп түсті. Соның бірқатары Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына жолданды. Партиямыздың мүшелері үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейтуді, оның Парламенттің алдында есепті болуын қолдайды.

 

 DSC2215

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
қалалық мәслихат хатшысы:

– Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қоюы – бұл елімізді жаңа қырынан дамытатын маңызды қадам. Конституциялық реформа мемлекеттік және саяси жүйенің негізін, заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлін айқындайды. Сондай-ақ, онда тәуелсіздік тұғыры бекітіліп, Елбасының қызметі мен мәртебесін көрсететін негізгі қағидалар көрсетілген.
Бұдан былай министрлердің құзыреті Парламентке өтеді. Сәйкесінше депутаттық корпустың басқарушы биліктегі жауапкершілігі күшейе түседі. Жергілікті басқарушы органның әлеуметтік-экономикалық процесстерге қатысу мүмкіндіктері артады. Осы орайда Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары мемлекеттік басқаруда тиімді шешімдер шығаруды, мемлекеттік жобалардың орындалуын бақылауға алуды көздейді. Бұл – жауапты міндет. Өйткені, Президент тарапынан қаламызды үшінші мегаполисқа айналдыру тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда қала бюджетінің көлемі 110 миллиардқа жетті. Оның басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлерге, заманауи үлгіде дамып келе жатқан коммуналдық инфраструктуралық құрылыс нысандарына бөлінуде. Белгіленген мақсатқа жету үшін қаржыны мүмкіндігінше тиімді пайдалану көзделіп отыр. Жұмысымыздың басты бағыты – шымкенттіктердің өмірін сапалы, қауіпсіз әрі ыңғайлы ету.
Конституциялық реформа еліміздің демократиялық дамуына жаңа серпін, жауапкершілік жүгі артылған билік тармақтарының барлығына жігер беретініне сенімдімін.

Последнее изменение Среда, 15 Март 2017 06:31
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Кездесу өтті КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ КЕҢЕСТІ »