«Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылады Избранное

Понедельник, 27 Март 2017 04:50 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3472 раз

Шымкентте «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі құрылып, нәтижесінде, кәсіпкерлерге бірқатар тегін қызметтер жиынтығы ұсынылмақ. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы және «Ордабасы» индустриалды аймағы бірлесіп, «Шымкент шина жасау зауыты» аумағындағы өндіріс нысандарында жаңа кәсіпорындар құру жобасын қолға алды.

ordabasy

Индустриалды паркке барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кеңес дәуірінен қалған индус-триялық алпауыттың аумағындағы нысандар мен инфрақұрылымдардың жақсы сақталғанын айрықша атап өтті. Десек те, зауыттың өзін қайта іске қосу қиын шаруа. Сондықтан да, облыс басшылығы зауыттың аумағында бірқатар жаңа кәсіпорындар құру мақсатында өндіріс нысандарын кәсіпкерлерге екі айға тегін беру ісін қолға алып, жеңілдетілген баға саясатын ұсынбақ.

Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтың мәлімдеуінше, «Атамекен-Ордабасы» индустриалды паркі кәсіпкерлерге заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсетіп, оларды бизнес саласында оқытуды да қолға алмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақта кәсіп ашқысы келетіндерге ақпараттық және PR қолдау көрсетіп, жарнамалау, қаржы көзін тартуға ат салысу, бизнес-жоспар жасау сынды тегін қызметтер жиынтығын қоса ұсынып отыр.

Қала сыртында орналасқан өндіріс орнында ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінен өзге барлық салалар үшін қолайлы жағдай жасалған. Онда тауарларға арналған қойма да бар. Бүгінде паркте 5 жоба іске асырылуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тегін қызметтер жиынтығын түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

Өңір басшысы мұнан соң Шымкенттегі қорғасын зауытымен танысты. Алайда өндіріс аумағындағы цехтар жұмыс істемейді.

– Қорғасын зауытының болашағы түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта екі зауытты да тиімді пайдаланудың тетіктерін ойластырған жөн. Егер мүмкін болып жатса, ондағы жер телімдері мен өндіріс ошақтарында жаңа өндіріс орындарын ашуды қолға алуымыз керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Айта кетейік, 2010 жылы «Оңтүстiкполиметалл ӨК» акционерлік қоғамы мен «Қазақмыс» корпорациясы және «А-Мега трейдинг» ЖШС-нің үшжақты келісімі негізінде қорғасын зауыты толыққанды жұмысқа көшкен болатын. Алайда, өнеркәсіп орнының жұмысы қайта тұралап, банкротқа ұшырады. Бүгінде зауыттың бірқатар ғимараттары банкте кепілдікте тұр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.