ӘСКЕРИ ҚҰРЫЛЫМДАР жаңа құрал-жабдықтармен қамтылуда Избранное

Пятница, 31 Март 2017 07:21 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5599 раз

Соңғы жылдары Қазақстан Қарулы күштерінің қатары білікті мамандармен толықты. Әскери бөлімдердің соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылуы, әр түрлі қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде. ҚР Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері өңірімізге келген екі күндік жұмыс сапарында осыған көз жеткізді. Алдағы уақытта әскерилердің әлеуметтік жағдайы да жақсара бермек.

DSC 1780

Сенат депутаттары Дариға Назарбаева, Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Серік Жақсыбеков, Ләззат Қиынов және Георгий Ким сапар барысында өңірдегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері, Ұлттық ұлан және Шекара қызметі бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мәселелерін зерделеуді мақсат еткен. 

Алдымен, сенаторлар Қазақстан Қарулы Күштерінің Шымкент гарнизонында болып, жеке құрамның күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, авиациялық базаның әскери бөлімдеріндегі жауынгерлік кезекшіліктің ұйымдастырылуын, Су-25, МиГ-29 ұшақтары мен Ми-17, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтары тұрған әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін көріп шықты. Радиотехникалық және зениттік зымыран бөлімшелері мен әскери авиация экипаждарының жауынгерлік мүмкіндіктерін де тамашалады. 

DSC 1863

Одан кейін делегаттар ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде болды. Онда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қайрат Ақтанов депутаттарды әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі мен әскердің жеке құрамына жүктелген құқық қорғау міндеттерін, қару-жарақ пен қорғаныс құралдарының жаңа үлгілерімен таныстырып, сондай-ақ, әскери құрылымды одан әрі дамытудағы келешекте атқарылатын істерден хабардар етті. 

Сондай-ақ, сенаторлар ішкі әскердің 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жаужүрек 17 жауынгердің ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының жауынгерлік әдіс-тәсілдері де халық қалаулыларының көңілінен шықты. 

DSC 1726

– «Оңтүстік» бағыт – өте маңызды. Террористік қауіптің алдын алу, шекарамызды күшейту сынды жағдай баса назарда тұрғанын білесіздер. Сол себептен, бүгінгі әскери қорғанысымыздың, шекарашылардың, басқа да әскери құрылымдардың атқарып жатқан жұмыстарының деңгейін білуіміз керек. Әскерилердің қазіргі заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуына жоғары баға беруге болады. Әсіресе, кадрлар мәселесінің уақыт сәтімен шешімін табуы қуантады. Офицерлер өте тәжірибелі. Өздерінің мамандықтарын меңгерген, – деді Сенат депутаты Икрам Адырбеков. 

Бұл саладағы негізгі мәселелердің бірі – әскерлердің әлеуметтік жағдайы. Сенаторлар осы жағдайды терең зерттемек. 

DSC 2112

И.Адырбековтың айтуынша, Отан қорғаушылардың баспана, жалақы мәселесі, басқа да әлеуметтік қосымша төлемдеріне байланысты сауал болса, ол мәселе тиісті органдарға жеткізілмек. 

Жұмысшы топ екі күндік сапар барысында Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі және Оңтүстік Қазақстан аумағындағы кедендік бекеттердің жұмысымен танысуды жоспарлап отыр. Сарыағаш ауданындағы әскери бөлімде комитеттің жылжымалы отырысы өтпек.

Последнее изменение Пятница, 31 Март 2017 10:47
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.