Елге ел қосылса құт Избранное

Пятница, 07 Апрель 2017 05:20 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4112 раз

Оңтүстікте өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Бүгінде облыстағы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың ішінде 62, 7 мың адам жұмыссыздар қатарында. Қазір халықты жұмыспен қамтуға, жаппай кәсіпкерлікке тартуға көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Облыс азаматтарының бірқатары жұмыс күші аз солтүстік облыстарға қоныс аударып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Мәселен, 2016 жылы облыстан Солтүстік Қазақстан облысына 125, Қостанай облысына 18, Шығыс Қазақстан облысына 3 отбасы қоныс аударған. Бәрі де жұмыспен қамтылған: кооперативтерге бірігіп, жер игеріп, тіршілік етуде. Биыл осы мақсатта қанша отбасы қоныс аударуға ниетті? Қанша шәкірт «Серпін» бойынша білім алмақ? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың халықты жұмыспен қамту бағдарламасын жан-жақты түсіндіру бойынша облысқа келген сапарында маңызды мәселелер айтылды.

17523297 1258133777636292 7281403594977679641 n89

700-ГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ КӨШУГЕ НИЕТТІ

Облыста сәуір айының 3-5 аралығында өңіраралық бірігуді дамыту жөніндегі шаралар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысынан 60-тан аса өкіл келді. Жалпы, бұл өңірлердің 1785 бос жұмыс орыны ұсынылды: өндірістік салада – 664 (37, 1 пайыз), білім саласында – 551 (31 пайыз), денсаулық сақтау саласында – 373 (21 пайыз), мемлекеттік басқару ісінде – 108 (6 пайыз), ауыл шаруашылығында – 64 (3,6 пайыз), т.б., бос орындар. 

Сондай-ақ, жәрмеңкеде Шымкент қаласынан 30 ірі кәсіпорын 2500-ге тарта бос орын ұсынды. 

Мақтарал, Сарыағаш ауданында және Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі табысты қорытындыланды. Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың айтуынша, 700-ге жуық отбасы көшті одан әрі жалғастыруға ниетті. «Серпін» бағдарламасы бойынша облыстың 700-ге тарта түлегі қызығушылық танытқан. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Елбасының Жолдауында айтылғандай, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды бастап кетті. Алғашқы жәрмеңке де Оңтүстіктен бастау алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жәрмеңкеге қатысып, жұмыс берушілердің талап-тілектерін тыңдады. 

Бұл бағдарламаны іске асыруда өңіраралық интеграцияны дамыту маңызды.Алда өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, мектеп бітіруші түлектеріне «Серпін» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіле бермек.

17759856 1258133664302970 1259234676628260440 n

ЖОБА ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

Іс-шара барысында ұйымдастырылған «Еңбек нарығының ұтқырлығын дамытудың» өңіраралық бизнес-форумында бірқатар мәселелер айтылды. Жоспарлар талқыланды. Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО облыстары әкімдерінің орынбасарлары, ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, облыстық мәслихат депутаттары қатысып, пікір алмасты. 

Тамара Қасымқызының айтуынша, биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының алғашқы бағыты аясында 2, 5 жыл оқу мерзімімен колледждерде тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылады. Бұл орайда ең алдымен мектепті бітірген соң оқуға түспеген жастарға назар аударылады. Кәсіп ашамын деген азаматтарға қалалық жерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры мен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие беріледі. 

17800296 1257877494328587 687265362038826685 n

Министрлік 2011-2016 жылдары аралығында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүргізді. Бұның аясында мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары жөнделді. Ауылдар абаттанды. 800 мыңнан астам азамат осы жобаға қатысты. 

2017 жылы бағдарламаның атауы неліктен өзгерді? Т.Дүйсенова бұл мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. 

–. Елбасы өз Жолдауында бүкіл әлем төртінші ғылыми-техникалық революцияға өткенін атап көрсетті. Қазір жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Енді барлық жұмыс берушілер мамандарға жоғары талап қояды. Өткен жылы жұмыс берушілерден жалпы 100 мыңнан аса жаңа бос орын бойынша хабарландыру ілінді. Онда ұсынылған қызметке сай келмеген талапкерлер де кезікті. Себебі, мектеп бітіргеннен кейін ешқандай мамандық иесі бола алмаған жастар көп. Біз алдыңғы бағдарлама аясында біраз азаматтарды жұмысқа тарттық. Уақытша істегендер де бар. Жұмыс берушілердің тапсырмасына сәйкес, азаматтарды оқыттық. Бірақ, бүгінгі нарыққа қажетті мамандарды толық қамти алғанымыз жоқ. Сондықтан, жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасуы, оларға қолдау көрсету, өздерінің кәсібін ашу үшін несие алуға қолдау көрсету, – деді министр. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев форумда сөйлеген сөзінде өңіраралық ынтымақтаса даму ең алдымен агроөнеркәсіптің ілгірілеуіне жол ашатынын айтады. 

– Солтүстік облыстардан картоп, мал азығы сынды өнімдерді алып, өңіраралық кооперативтерді қалыптастыру жолдарына мән беруіміз қажет. Дайын өнімдерді ішкі нарықтан бөлек, шекарадан асырып, Ресей федерациясының аумағына өткізуге мүмкіндік бар. Мұндай бағыт Еуразиялық экономикалық одақ аясында көршімізбен экономикалық байланысымызды нығайта түседі. Бірлескен одақтың шартына сәйкес, Қазақстан тарапынан өтетін тауарларға көптеген жеңілдіктер бар. Бүгінде облыстың бақша өнімдері Ресейге жіберіліп жатыр. Ал сол көкөніс өсіруді солтүстік облыстарда дамытып, шекара асыру тиімді болмақ. Сондай-ақ, шаруалар солтүстіктен Оңтүстікке жеткізетін ауылшаруашылық өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуге мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік нарығын жеңілдетуге оң ықпал ететіні анық. Бүгінде Қазығұрт ауданындағы «Аманкелді» корпорациясы Ақмола облысында 5 мың гектарға бидай дақылын егумен айналысады, – деді облыс әкімі. 

Форум соңында барлық облыс әкімдерімен бос жұмыс орындарын анықтау бойынша меморандумға қол қойылды. Солтүстікке қарай басталған көшті әрі қарай жалғастыру керек. Ниет білдірген әрбір азамат солтүстікте әлеуметтік көмектің көрсетілетінін, жұмыссыз қалмайтынын білуі тиіс.

Адамда екі отан болмайды. Қай жерде жүрсек те, қай өңірде еңбек етсек те, елдің дамуына үлес қосқан боламыз. Әрбір азамат осыны ұғына білсе, ұтарымыз көп. 

Сөз соңында айта кетсек, бүгінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 5627 студент солтүстік аймақтарда білім алуда. Олардың басым бөлігі сол жақта жұмыс істеуге ниетті. Мінекей, биыл тағы 700 түлек олардың қатарын толықтыруға ынталы.

 

Данияр ДҮЙСЕМБАЕВ, 
ШҚО, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

Бізге келуге қызығушылық артуда

IMG 20170402 195047– 2013-2015 жылдары жұмыспен қамту бағдарламасы аясында Риддерде 60 пәтерлі 3 үй салынды. Оңтүстіктен 17 отбасыны көшіріп әкелдік. Әр отбасының ішінде бір адам міндетті түрде жұмыспен қамтылды. Оларға пәтер берілді. Қалған отбасы мүшелері кәсіпке тартылуда. Көбісі мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. 
Қазір қалада 264 бос жұмыс орны бар. Қалалық ауруханаға 13 дәрігер жетіспейді. Білім саласына 34, медицина саласына 35 маман керек. Бізге терапевт дәрігер, рентгенолог, лаборанттар қажет. Осы жәрмеңке аясында Оңтүстіктен 20 отбасы бізге келуге қызығушылық танытып отыр. Әр адамға 35 айлық есептік көрсеткіште көші-қон шығындары төленеді.
Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша қаладағы аграрлық техникалық колледжде ОҚО-дан 22 студент білім алып жатыр. Бәрі де 2017 жылы оқуын аяқтайды. Біз олардың ата-анасына, әр отбасыға хат жолдадық. Оларды да осында жұмысқа орналастыруға жағдай жасауға мүдделіміз. 
Риддерде кен байыту өндірісі дамыған. «Қазмырыш» компаниясында 8 мыңнан аса астам адам жұмыс істейді. Риддер қысқы спорт түрлері бойынша да облыстағы көшбасшы қала. Тағы бір айта кетерлігі, бізде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшаға қамтуда ешқандай кезек жоқ.

Последнее изменение Среда, 12 Апрель 2017 05:32
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.