«ЭКСПО-2017» Қазақ елінің әлемдік беделін көтеретін шара

Пятница, 14 Апрель 2017 11:49 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 6393 раз

«Экспо – 2017» көрмесінің басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Павильондардың бәрі де қатысушы елдерге тапсырылғанын өткен нөмірімізде жазған едік. Енді сәуір айының соңына дейін әр ел өздеріне тиесілі павильондарды безендіріп, көрмеге дайындаулары шарт. Әлем елдерінің назары – Астанада.  Қатысушы елдер көрмеге келушілерді қалай таңғалдырмақ? «Экспоға» дайындық барысы туралы не дейді?

17629716 986158894853346 8532815876520062962 n

СӘУІРДЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛАДЫ

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы Коммерциялық департаменті директорының орынбасары Илья Оразақов 115 мемлекеттің павильондардағы дайындық жұмыстары сәуір айының соңына дейін жүргізілетінін атап өткен еді. Наурыздың соңында барлық ел өз павильондарын алды. Енді әр мемлекет өздеріне тиесілі павильондарын жабдықтау, тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізеді. 

– Көрмеге қойылатын жобалардың мазмұнына мән беріліп жатыр. Әрбір мемлекет келген қонақтарды өздерінің инновациялық өнімдерімен, мәдениетімен, шоуларымен таңғалдыратын болады. Жобаларды іріктеп алу бойынша нақты талаптар бар. Кейбір елдерге көрменің тақырыбы аясында қойылатын жобалар бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты. Мемлекеттер әлемдегі барлық энергия көзі бойынша өз жобаларын ұсынады. Ол – су, жел, жер, күн және т.б. энергиялар, – деген еді И. Оразақов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Бүгінде әр ел өз павильондарын таныстыруды бастап кетті. Таяуда ғана Шанхайда ҚХР ұлттық павильоны мен брендтерін таныстыруға арналған баспасөз жиыны өтті. «Болашақ энергиясы жасыл Жібек жолы» тақырыбымен қытай павильоны көпшілікті қызықтырып отырғаны белгілі. 

17634504 986158818186687 4325430530423318996 n

Сондай-ақ, Лондонда «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі британдық павильон көпшілікке таныстырылды. Оған Біріккен Корольдіктің сауда және инвестиция жөніндегі мемлекеттік министрі Грег Хэндс, Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ұлттық комиссары Чарльз Хендри, ҚР Елшісі Ерлан Ыдырысов қатысқан. Ұлыбритания павильоны Астанада 10 маусым күні ашылады деп жоспарланған. Ұлыбритания павильоны қазақтың киіз үйі үлгісінде дайындалыпты. Жобаның негізгі тақырыбы – «Біз – Энергиямыз» деп аталады. Жалпы аумағы – 1,100 шаршы метр. Яғни, көрмедегі ең ірі нысандардың бірі. Онда келушілер болашақ энергияны өндіру және қолдану саласында «графен» атты бірегей материалды таныстыру шараларына куә болмақ. Павильонның ортасында келушілерді озық компьютерлік технологиялар арқылы жасалған, шолу бұрышы 360 градус құрайтын ғаламның бірегей көрінісі жобасы орналасқан. Павильонның шарықтау шыңы графен. Яғни, ол энергияны өндіру мен қолданудың әдісін түбегейлі өзгерте алатын болашақтың материалы. Дизайн авторы – әйгілі британдық архитектор Асиф Хан.

«ЭНЕРГИЯ – ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТУГЕ ҚУАТТЫ»

Қазір Еуроодақтағы жел энергетикасының көшбасшылары – Германия, Франция және Нидерланды. Мәселен, аталған елдерде өткен жылы жел энергиясынан 12, 5 мың гигаватт қуат өндірілді. Германия «Экспо-2017» көрмесіне де осындай жобаларын ұсынбақ. Неміс мамандары көрмеге келген қонақтарды немен таңғалдырмақ? Жаңа технологиялар бойынша әлемде көш бастаған олар көрмеде инновациялық технологиялардың жаңа хай-тек жобаларын көрсетеді. Германия павильонының аумағы да 1 мың шаршы метрден асады. «Өндірілген энергияны үнемдеу және сақтау» деп аталатын павильонда 4 бөлімнен тұратын стенд немістердің баламалы қуат көздерін қалай пайдаланатыны туралы кеңірек баяндайды. Сонымен бірге, жұртшылық назарына озық үлгідегі отандық электромобильдер ұсынылады. 

3016565-slide-521cce51e8e44eeb1b00008dtop-firms-compete-to-design-kazakhstan-s-world-expo-in-20173

– Ең бірінші біз «Германияда өндірілген» брендімен шығатын баламалы қуат саласындағы дүниелерді таныстырамыз. Көрмеміз «болашақ қаласы» үлгісімен салынған. Яғни, біздің озық технологияларды енгізу арқылы Астананы одан әрі гүлдендіре алатын ұсыныстарымыз бар. Біздің негізгі ұранымыз: «Энергия – әлемді өзгертуге қуатты». Біз өз тәжірибемізбен бөлісе отырып, басқа елдердің де жобаларын көргіміз келеді. Павильонға келген әрбір адам жаңғыртылатын қуат көзі туралы жаңа ақпарат алып, оны өз үйінде қолдана білуі керек, – дейді EXPO-2017 көрмесіндегі Германия павильонының директоры Бэттина Бохынек.

«ЕЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚУАНЫШЫНА АЙНАЛМАҚ»

Жуырда АҚШ-тың «Inparkmagazine.com» сайты Қазақ елінің бұл маңызды іс-шараға қызу дайынтықта екенін атап өтіпті. «Дүниежүзілік көрме жақында көпшілікке есігін айқара ашады. Бүгінде қатысушылар әлемдік деңгейде соңғы дайындық кезеңдерін жүргізуде. «Экспо-2017» ел тұрғындарының қуанышына айналмақ және ұзақ уақыт елдің есінде сақталмақ. Көрмеде халықаралық қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер, ұмытылмас әсер сыйлары анық. Шамамен айта кетсек, көрмеде күн сайынғы келушілердің орташа саны – 55 301 адамға жетпек, ал ең көп келуішелр шамамен 110 602 мыңға жетеді», деп жазады әлгі сайт. 

Осылайша, дүниежүзілік көрменің дайындық шаралары шарықтау шегіне жетіп келеді. Үш ай аралықта көрмені 5 млн-ға жуық адам тамашалайтыны жоспарланып отыр. Жалпы, бүгінге дейін халықаралық көрменің 670 мыңнан астам билеті сатылған. Оның 13%-ы шетелдік қонақтарға тиесілі. Бүгінде көрме билеттерін сататын кассалар еліміздің барлық өңірінде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Алда көрменің билеттері теміржол билеттерімен бірге еліміздің барлық облысындағы 220 кассада сатылады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.