×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Елбасы Оңтүстікке іссапармен келді Избранное

Пятница, 28 Апрель 2017 06:48 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3067 раз

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Алдымен, Елбасы облыс орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратының алдынан бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің ашылу рәсіміне қатысты.

DSC 4590

5901c37fe9e40«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» МОНУМЕНТІ АШЫЛДЫ

Бүгінде өңірдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты қалыптастырған Ассамблея құрамына 20 этномәдени бірлестік енеді. Аталмыш бірлестіктердің бастамасымен салынған монумент түрлі ұлттардың қазақ халқына деген алғысы мен адал ниетінің нышаны болып саналады. ҚР Президенті салтанатты жиында түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің татулығы Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы екенін атап өтті.

– Әр уақытта біз өзімізді Қазақстан азаматы екенімізді қуанышпен айта аламыз. Себебі, Тәуелсіз жылдар ішінде өзіндік даму жүйесі қалыптасқан қазақ халқын, Қазақстан елін дүние жүзі толық танып-білді. Өзге мемлекеттермен тереземіз тең жағдайда жарқын келешекке нық басып келеміз. Мұның барлығы да, елдегі тұрақтылықтың, этносаралық келісімнің нәтижесінде жүзеге асып келеді. Мемлекеттің ішкі дамуы үшін бізге дәл осы құндылықтар қажет еді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Монументтің биіктігі 7,5 метрді құрайды. Нысан еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әспеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ мың алғыс!» деген жазу бар.

DSC 4417

Кезінде солақай саясаттың салдарынан ата-бабалары Қазақстанға күштеп қоныстанған этностардың өсіп-өнген ұрпақтары бүгінгі бейбітшіл, берекелі заманға аман-есен жетуін, Қазақстандағы жергілікті халықтың бауырмалдығының арқасы деп біледі. Осы орайда, аталмыш монумент – өңірдегі түрлі ұлт пен ұлыстың қазақ еліне деген кіршіксіз ризалығы мен шынайы алғысының символикалық көрінісі іспетті. 

Елбасы қайта жөндеуден өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясының» (бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры) ғимаратын аралады. Облыстық бюджет есебінен жөндеуден өткен үш қабатты нысанда «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері мен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан. Ғимараттың 800 орынға арналған көрермен залы бар. Мұнда түрлі үйірмелер мен жексенбілік мектептердің тұрақты әрекет етуіне жағдай жасалған. Алдағы уақытта бұл ғимаратта Оңтүстік жұртшылығын берекелі бірлік пен ырысты ынтымаққа үндейтін іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылмақ.

Мемлекет басшысының назарына этномәдени бірлестіктер өкілдерінің орындауындағы «Бірлігіміз жарасқан» деп аталатын музыкалық композиция ұсынылды.

 

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ – КӘСІПКЕРЛІККЕ СЕРПІН

Елбасы облыс орталығындағы терезе шығаруға арналған алюминий профильдерін әзірлейтін «Gold Aluminum» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты. Ондағы ақпараттық стендтер мен экспозициялық макеттерді көріп, алдағы жоспарларына қанықты. 

DSC 4560

2014 жылы индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «GOLD Aluminum» брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылған.

Серіктестік өткен жылы 750 тонна алюмин профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанға экспортталған. Елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустриаландыру картасының аясында өңірде 159 жоба жүзеге асып, 100,9 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 21 пайызды құрайды.

Бұдан соң Елбасы қарқынды бау өсіру және жеміс-жидектерді сақтаумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Онда Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалып, ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі ұсынылды. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған серіктестікке бастапқыда 83 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, компания жұмысын бастаған үш жылда оның саны 277 адамға жеткен. «Агробизнес-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиенің есебінен 400 млн теңге алған қожалық басшылығы бүгінгі таңда ел қазынасына 607 млн теңге салық түсірген. 

Жалпы көлемі 106,5 гектар болатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің бауына 215 мың түптен астам жеміс ағаштары егілген. Мұнда алманың «Гренни», «Смит», «Фуджи», «Голден делишес», «Гала», «Айдаред» алхоры мен шиенің «Стенлей» атты шетелдік сұрыптарын кездестіруге болады. Заманауи техникамен жабдықталған бау тамшылатып суару жүйесі арқылы жұмыс істейді. 

DSC 4190

Сапар барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Мемлекет басшысына Шымкент шаһарының бүгінгі даму жоспарын таныстырып, жаңадан бой көтеріп жатқан «Шымкент Сити» іскерлік және тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстары жөнінде баяндады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аталған бау шаруашылығының ғимаратында өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, елімізде қызу қолдауға ие болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайында әңгімелесті. 

– Мен таяуда жариялаған мақаламда заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесін жан-жақты баяндаған болатынмын. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу. Оңтүстік өңірі бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп, өркендеп келеді. Облыс орталығы Шымкент қаласының дамуына да мемлекет тарапынан жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Үшінші мегаполистің халқы биыл миллионға жетеді деп жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы. 

DSC 4361

Жиында сөз алған жазушы-журналист Мархабат Байғұт пен белгілі кәсіпкер, «САУТС-ОЙЛ» ЖШС-нің бас директоры Серікжан Сейітжанов Елбасы мақаласының маңыздылығына тоқталып, онда айтылған мәселелердің елдің әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ Оңтүстік жастары атынан Елбасыға ізгі лебізін білдірген Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков бүгінгі таңда жастардың білім алуына және кәсіпті меңгеруге үлкен қолдау бар екенін айтып өтті. 

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев кездесу соңында Оңтүстікте мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы өз деңгейінде екенін тілге тиек ете келе, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Президент өз сөзінде ірі табысқа жетуде қоғамның рухани жаңғыруы қажет екендігін, бұл жолда жаңа міндеттерді іске асыратын білімді де, білікті мамандар екенін ерекше қадап айтты. 

– Оңтүстік – еліміз үшін ерекше маңызы бар аймақ. Мұнда 800-ге жуық тарихи ескерткіш бар. Өңірдің туризмнің ордасы болуға да мүмкіндігі мол. Ендігі ретте облыста шағын кәсіптің одан әрі қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Кәсіпкерлік – экономиканың басты тірегі. Мен мұны үнемі айтып келе жатырмын. Мәселен, Германия бюджетінің 80 пайызы шағын кәсіптен түсіп отыр. Оңтүстік халқы еңбекқор, шаруаның көзін таба біледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды игілікке пайдаланып, осы саланы барынша жандандыру қажет, – деді Елбасы қорытынды сөзінде.

 

Сәбит ТАСТАНБЕК
Жеңiсбек СЕРІКҰЛЫ

Последнее изменение Пятница, 28 Апрель 2017 09:35