Жапондықтар медициналық байланысты нығайтуға ықылас танытты Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:36 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 210 раз

222

Оңтүстік Қазақстан облысының күндері бірнеше мерекемен тұспа-тұс келіп, Елорданы думанға бөледі. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай республиканың барлық аймағы бас қалада мәдени күндерін өткізген-ді. Дегенмен, керуендегі соңғы түйенің жүгі ауыр болатынындай, біздің өңір мәдени іс-шараларды қамтумен шектелмеді. Бас қаладағы алғашқы жиын Оңтүстіктің мүмкіндіктері мен әлеуетін арттыратын бизнес-форумнан бастау алды.


Өңіріміздің экономикалық дамуы, ішкі және сыртқы сауда барысы, туризмнің бүгіні мен болашағы әңгіме болған форумға 200-ге жуық адам қатысты. «Ontustik Business: жаңа мүмкіндіктер» бизнес-форумына Парламент Мәжілісінің депутаттары мен шетел мемлекеттерінің Қазақстандағы 30-дан астам елшілері, даму институттары мен екінші деңгейлі банктер, кәсіпкерлер қатысып, біздің өңірдің экономикалық және рухани жаңғыру бағытындағы жобаларымен танысты. Облыстағы жеңілөнеркәсіпті дамыту, экспорттау, инвестиция тарту тақырыбында ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев пен «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мырзалар ой өрбітті. 

12222

– Еліміздегі мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмыстарына 1 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалуда. Сондықтан Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту ісі – Оңтүстіктегі ірі жобаларымыздың бірі болып саналады. ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» атауына сәйкес, алдағы уақытта бұл өңірде күн сәулесінен энергия өндіретін үлкен жобаларды да қаржыландыру жоспарымыз бар, – деді Б. Жәмішев.

Ал «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары М. Майкенов облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа бизнес-форумның атауын «Ontustik Business: жаңа мүмкіндіктер» деген таңдаудың сәтті әрі айқын бағытты білдіретінін айтты.

– Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту бағытында нақты қадам жасап, тиянақты жұмыс жасап келе жатқаны байқалып-ақ тұр. Дәл осы өңірлік жобалардың қарқынды жұмыс істеуі республиканың экономикасын алға жылжытуда оң нәтиже береді, – деді ол. 

Өз кезегінде аймақ басшысы Ж. Түймебаев шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндірістің даму барысын әңгімеледі. 

– Өздеріңізге белгілі, әлемде сапалы, экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Тұтынушы сапа мен қауіпсіздікті талап етеді. Осы орайда Қазақстанға Ресей, Қытай, Иран сынды басқа да елдерден жаңа нарық бағыты жол ашуда. Осы нарықты игеруде Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуеті зор. Себебі, тарихи өлкенің аграрлы саласы жақсы дамыған. Соңғы 3 жылда жиналған бақша өнімдерінің көлемі 1 миллион тоннадан асып түседі. Қазақстандағы жылыжайдың 90 пайызы біздің өңірде орналасқан. Мақта толығымен, ал жүзім мен бақша өнімдерінің 70 пайызы осы облыста өсіріледі, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бизнес-форум барысында өңірдің инвестициялық жобалары, инвестпреференциялардан бөлек, туристік саласының таныстырылымы өтті. «ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы» Ассоциациясының директоры Г. Ақбердиеваның Оңтүстік туризмі жайлы баяндамасы әсіресе шетелдік кәсіпкерлер мен елшілерді қызықтыра түсті.

Ұлы Жібек жолының қиылысында орналасқан облыстың табиғаты әсем. Тарихи жәдігері мен ескерткіші көп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, руханияты сол қалпында сақталған аймақ. 2016 жылдың бірінші тоқсанында 33 мың турист келген өңірдің биылғы осы уақыттағы көрсеткіші 52 850 туристке артып отыр.

123333

Бизнес-форум аясында 6 меморандумға қол қойылды. Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриялды -иновациялық даму және туризм басқармасы мен «POWER LANDMARK HOLDINGS LTD» компаниясы арасында өзара келісімге келіп, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде меморандуға қол қойды. Басқарма басшысы Батырхан Құрмансейіт алғашқылардың бірі болып «Шымкент» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Қытайдың Аньхой провинциясы халықаралық сауда қатынасын дамыту комитетімен екіжақты түсіністік жөнінде меморандум түзілгенін айтты.

– Сондай-ақ дәл осы компания «НГ-Энерго» ААҚ-мен әріптестік арттыру жөнінде келісімге келді. Қос тарап алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты дамыта түсуге уағдаласты. Осыған ұқсас меморандум халықаралық ұйымдармен және нақты компаниялармен де өңірдің ауылшаруашылығы, туризм саласында жасалды. Бұл келісім тек инвесторлық қызметпен шектелмейді, меморандум аясында дамыту, таныту, басқа да көптеген іс-шараларды екіжақты келісіммен жоспарлы түрде жүзеге асыратын боламыз, – деді басқарма басшысы.

20170829 102849Ал Жапонияның халықаралық достық қарым-қатынастар кеңесінің өкілі Такатуши Маэда Қазақстан – Жапония арасындағы байланысты дамытуға қызығушылық танытты.

– Экономикалық, туристік бағытта ғана емес, мәдени, гуманитарлық, білім және медицина саласында да екі ел бір-бірімен тығыз байланыс орнатса, алда біз бұдан да көп жобаларды қолға аламыз деген ойдамын. Осы мақсатта біздер екі елдің ғана емес, өңірлер арасындағы байланысты да арттыруымыз қажет. Жапониялық ұйымның Оңтүстік Қазақстан облысымен жасаған меморандумы да соны көздейді, – деді өкіл.

Өңірдің тыныс-тіршілігі, даму сатысы қызу талқыға түскен жиын соңында бизнес-форумға қатысушыларды облыс әкімі Ж.Түймебаев «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтетін «Оңтүстік өнімдері» атты тауар өндірушілердің көрмесіне шақырды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.