Өзбекстанның үш облыс әкімімен меморандумға қол қойды Избранное

Среда, 20 Сентябрь 2017 05:15 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3379 раз

Бүгінде Қазақ-стан мен Өзбекстан арасында әріптестік байланыс артып келеді. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарының аясында маңызды келіссөздер жүргізіліп, бірқатар келісімдерге қол қойылды.

Өзбекстан елімен шекаралас Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де бұл сапардың орны ерекше болды. Сондықтан да қазақстандық ресми делегацияның құрамында ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Айта кетерліігі, биылдың өзінде екі ел арасында бекеттер ашылып, жаңадан пойыз бен автобустар қатынап, кедендегі бірқатар акциздік төлем алынып тасталды. Бұл жолғы Мемлекет басшысының жұмыс сапарында да 10 маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінде екі ел Президентінің қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Ташкент облысының хокимы Бабаев Шукурулло мен Сырдария облысының хокимы Ашурматов Ойбек және Джизак облысының хокимы Исмолилов Сайфуддин арасында сауда-экономикалық және мәдени-гу­манитарлық салалардағы өзара түсіністік туралы меморандум түзілді.

Сонымен қатар, екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақ-өзбек бизнес-форумы өтті. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретін кездесуге қазақстандық 300-ден астам кәсіпкер қатысты.

Іскерлік кездесуге Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы бастаған 150-ден астам кәсіпкер қатысты. Екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы жанданған іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық туралы 7 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайтын бірнеше келісімдер түзілді. 

Сондай тиімді келісімдердің біріне еліміздегі 200-ден астам дәрі-дәрмек шығарумен айналысатын «Химфарм» акционерлік қоғамы қол жеткізді. Елдегі осы саладағы жетекші кәсіпорын бұған дейін көрші Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Моңғолия сынды елдерге өз өнімдерін экспорттап келген болса, енді міне Өзбекстанға өз өнімін шығармақ.

Өзбекстан күнгей кәсіпкерлері үшін 32 миллиондық тұтынушысы бар ең жақын нарық. Сондықтан да тауар айналымын арттырып, кәсіпкерлікті бірлесе дамыту мақсатында наурыз айында Ж.Түймебаев бастаған оңтүстікқазақстандық делегация Өзбекстанға ресми сапармен барған-ды. Нәтижесінде мамыр айында Ташкент тауар өндірушілерінің көрмесі Шымкентте ұйымдастырылып, оған 200-дей кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.

Екі елдің қарым-қатынасын жақсарту мақсатында наурыз айында «Алматы-Ташкент» және «Самарқанд-Ташкент-Астана» бағытындағы алғашқы пойыз жолға шықты. Бұдан бөлек, шілде айында Ташкент-Термез автожолы мен «Сырдария» өткізу бекеті ашылды.

Последнее изменение Среда, 20 Сентябрь 2017 06:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.