100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды Избранное

Пятница, 08 Декабрь 2017 07:05 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 338 раз

elbasy-97

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары таныстырылды.

– Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаны іске асыруды бастадық, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.

– Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнығуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және автомобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, еліміздің автозауыттарында электромобильдер құрастыру ісі басталғанын айрықша атап өтті.

– Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері құрастырылады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару зауытының құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе атқаратын тағы бір жоба іске асырыла бастады. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті, сонымен қатар, экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.

– Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым теміржол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.

Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауы жүлдегерлерінің сыйлықтарын тапсырды.

Последнее изменение Пятница, 08 Декабрь 2017 10:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.