Қазақстан мен Америка арасы нығая түспек Избранное

Пятница, 19 Январь 2018 04:27 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 293 раз

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары Астана мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Құрама штаттардың біздің елімізбен көп қырлы ықпалдастықты арттыра беруге қызығушылық танытып отырғаны аңғарылды. Мұның себебі, Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастықта өзіндік орны бар, ТМД мен Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттің туын ұстап отыр.

Екі ел арасында шартты-құқықтық, экономикалық қатынастардың берік негізі қалыптасқан. АҚШ Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдарда-ақ ядролық қарудан бас тартуын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Елбасының АҚШ-қа әр жылы жасаған сапарлары әрқашан жемісті болғанын атап өткен жөн. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 17 қаңтар күні Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесу барысында екіжақты келіссөздер жүргізіп, халықарлық өзекті мәселелерді талқылады.

– Сіздің келгеніңізге қуаныштымын. Көпшілік сізге құрметпен қарайды. АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынас жақсы жолға қойылған. Бізге Сізді қабылдау үлкен абырой. Еліңізге жасаған еңбегіңіз өте үлкен, – деді Дональд Трамп.

Қазақстан Президенті де Дональд Трампқа АҚШ-қа шақырғаны үшін алғыс білдіріп, басшылық қызметке келгеніне 1 жыл толуымен құттықтады.

– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. 26 жылдан бері Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Осы сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Экономикалық серіктес

Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары аясында жалпы құны 7 миллиард долларды құрайтын 20 келісім бекіді. Енді екі ел аграрлық сектор, фармацевтика және авиация секілді салаларда бірлесе жұмыс жасайтын болады. Келісім негізінде Қазақстан АҚШ-тан Boeing ұшақтарын алады. Сондай-ақ, елімізде 900 электровоз құрастырылады. 

Елбасы сонымен қатар іскер топ өкілдерімен кездесті. Онда транзит, бизнес, инвестиция секілді салаларда бірақатар мәселелерді талқылады. 

– Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Ел экономикасына салынған инвестициялардың көлемі бойынша АҚШ екінші орында тұр. Жалпы Қазақстанда түрлі салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, – деді Н.Назарбаев. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы мұнай-газ, энергетика және тағы да басқа салалар бойынша түрлі кездесулер өткізді. 

– Америка Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысын жақындатып, инвестиция көлемін арттыруы керек. Қазақстан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Сондықтан, екі ел арасында кәсіпкерлердің өзара қарым-қатынасы тиімді жолға қойылуы керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл іссапары осы әріптестікті нығайтуға арналған қадам деп есептеймін, – деді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының жобалар жөніндегі директоры Дэниел Рунде.

 

Тарихи оқиға

Бірқатар сарапшылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарын тарихи маңызға ие деп есептейді. Өйткені, АҚШ Азия мемлекеттері ішінде Қазақстанды сенімді серіктес санайды. Соның арқасында екі елге де тиімді бірқатар келісімдер қабылданды. Сондай-ақ, сыртқы саясатта да халықаралық достастықты нығайтуда мұндай сапарлардың маңызы ерекше. 

– Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жасаған іссапары үлкен стратегиялық маңызға ие. Өйткені, екі мемлекет басшылары құны 2 миллиард доллардан асатын келісімге қол қойды. Сонымен қатар, АҚШ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше құрмет көрсетті. Дональд Трамп Қазақстан Президентін әріптес ретінде ғана емес, дос ретінде де қабылдайтынын бүкіл әлемге мәлімдеді, – дейді Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институтының директоры Ануар Аязбеков. 

Жалпы екі ел Президентінің кездесуі халықарлық басылым беттерінде қызу талқыға түсті. «The Daily Signal», «The New York Times» және тағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік саяси жаңалыққа кеңінен орын беріпті. Естеріңізде болса, Елбасының сапары басталмай тұрып-ақ шетелдік БАҚ беттерінде Қазақстан туралы түрлі материалдар жарияланған болатын. Сонымен қатар, Дональд Трамптың «1991 жылы Рождество мерекесінің алдында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз» деген сөзі түрлі пікір туғызуда.

 

Сапар жалғаcуда

Нью-Йорктегі Линкольн орталығында «Астана Балет» театры америка жұршылығына концерт қойды. Оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып тамашалады. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасында «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр», «Щелкунчик» және басқа да қойылымдар енген.

Сондай-ақ, іссапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі брифингінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.