Версия для печати

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан елміз Избранное

Пятница, 26 Январь 2018 06:09 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4317 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен, ресми және іскер топ өкілдерімен кездесті. Жалпы құны 7 милллард долларға жететін 20 келісім бекіді. Экономикалық серіктестікке бастайтын бірқатар келісімдер жасады. Бұл жайында газетіміздің өткен санында кеңінен баяндаған болатынбыз.

Қазақстан Президентінің іссапары аясында өткен тағы бір ауқымды шара – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиын әлем жұртшылығының назарын аударып, Қазақ елінің көтерген тақырыбына құлақ түрді. 

Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын. Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 28 жыл. Талай адамдардың өмірін жалмаған бұл қару тажал болып көрінеді бізге. Сол себепті де Тәуелсіздік алған бойда сынақ полигонын жауып, өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарттық. Дегенмен, 40 жыл бойы сынақ жүргізілген қырғын қарудың зардабын Семей, Қарағанды, Павлодар жұртшылығы күні бүгінге дейін көріп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырып, өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болатынын айтып өтті. Естеріңізде болса, Иранды да осылай ядролық қарудан бас тартуға шақырған болатын. Сонымен қатар, Қазақ елі мен дүниежүзілік қоғамдастықтың арқасында Жаңа жер, Невада, Лобнор сияқты сынақ полигондарының жабылғанын атап өту керек. Салдарынан түрлі сынақтар жүргізуге шектеу қоятын, ал, жүргізілген жағдайда мораторий қолданылатын келісім қабылданды. Олардың қатарында «Ядролық клуб» державалары да бар. 

Қазақстан бүгінгі таңда бейбітшілік пен ынтымақтастықты қолдайтын және ол бағыттағы бірден-бір бастамашы ел болып отыр. Геосаяси мәселелерде әрқашан үн қосып, мемлекеттер арасындағы шиеленісті бір үстел басында шешуге шақыруда. 

– Сенім шаралары бүгінде қантөгіс болып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзекті болып отыр. Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде.

Өзара сенім Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн. Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіссөз өтті, – деді Қазақстан Президенті. 

Сонымен қатар, Елбасы Корей түбегіндегі болып жатқан оқиғалар үлкен қарама-қайшылықтың бар екенін және оған мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақыратынын айтты. Бұдан бөлек, сенімділік талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтайтынын сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Тиімді құрал – ядролық қарудан азат аймақтар құру

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудің тиімді жолын айтты. Бұл – ядролық қарудан азат аймақтар құру. Осы арқылы ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болу. Мұндай сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс екенін жеткізді. 

– Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды осыған шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жаппай қырып-жоятын қаруларға химиялық, биологиялық және радиологиялық қарулар да жатады. Және олардың деструктивті күштердің қолына түсуі қауіп тудырады. Дамыған елдер ғылыми жетістіктерін бұл бағытта пайдаланбауы керек. Мұндай бастаманы алдымен үлкен державалар қолдауы тиіс. Елбасы өз сөзінде аталған қауіптердің орын алмауы үшін 4 басымдықты атады. Бірінші, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет. Екінші, Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Үшінші, еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді қою керек. Төртінші, халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек.

 

Ортақ келісім бұзылмауы тиіс

Қазақ елі басшысының төрағалығымен өткен жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Мұнда әлемдік қатынастар жөніндегі өзекті мәселелер және оның шешімдері ұсынылған. Маңызды мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттемелер жүктейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданғанын атап өту керек.

Сонымен қатар, Елбасы антиядролық келісімді бұзған елдерге санкция қолдануды ұсынды. Қауіпсіздік Кеңесі оны арнайы резолюциямен бекітуі тиіс екенін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Польша Президенті Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін алғысын білдіріп, күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды екенін айтты. 

– Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып ядролық қарудан бас тартқанда, оның мұндай қадамды мемлекет үшін жасағанын мәлімдегені жадымда. Сол кезден бастап Қазақстан ұстанымына беріктігін дәлелдеуде. Қазақстанның бұл бастамалары бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жақындататын, ядролық қауіпсіздікті қолдайтын маңызды қадам, – деді Анджей Дуда.

 

Кеңестен кейін...

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ-қа жасаған сапарын қорытындылап, Қауіпсіздік кеңесінде көтерілген мәселенің маңыздылығына тоқталды. 

– Біз АҚШ, Ресей және Қытайдан кейінгі, ал әлем бойынша 4-ші ядролық қару-жарағымыздан саналы түрде бас тарттық. Ол кезде елімізде 1100 оқ тұмсық, АҚШ-тың шекарасына дейін жететін 110 дана СС-18 зымыраны болған. Оларды қалдырып ядролық қаруға айналдырып, барлығын қорқытып үркіту идеясы болды. Дегенмен, халық менің шешім қабылдауыма көмек көрсетті. Және біз дұрыс жасадық, – деді Н.Назарбаев қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында. 

Әділетті және қауіпсіз әлем құруда бұл кеңестің рөлі үлкен. Сонымен қатар, халықаралық қатынастағы сенімге селкеу түсіп, саяси дүрбелең белең алған уақытта жер жаһанға төрелік айтқан Қазақстан Президентінің мемлекетаралық ықпалдастықты арттырудағы еңбегі зор. Шетелдік сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Қазақ елінің әлем бейбітшілігін сақтауға қосып жатқан үлесін жоғары бағалауда. Осы тұста, мұндай мәртебелі қызметте Орталық Азия елдерінің ішіндегі алғашқы мемлекет болғанымызды атап өту керек. Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету арқылы өзіміздің көңіліміздегіні айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатқанымызды жеткізді. 

– Осындай кезеңдерде менің есімде халқым тұрады. Қазақ деген халық болмаса біз қалқиып осы жерде отырмас едік. Әрине, толқисың. Қай кезде қазақтың баласы осы жерде отырып ақыл айтып еді? Дүниежүзінде 200 мемлекет бар. Олардың ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін басқарғандар көп емес. Өңірімізден біз осындай дәрежеге жеттік. Өзіміздің көңілімізді айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.