Тянь-Шань шыңына атау беріледі Избранное

Среда, 14 Март 2018 04:28 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 777 раз

Тянь-Шань тауының бір шыңына «Астананың 20 жылдығы» атауы беріледі. Бұл туралы «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астананың 20 жылдығына орай бірнеше қызықты жоба әзірледік, таяу уақытта олар бойынша ынтымақтастық жасалады. Ең қызықты өңірлерді басып өтетін 6 экспедиция ұйымдастырылады. Аталған өңірлер: Алтай, Маңғыстау, Ұлытау, Жоңғар Алатауы және Жібек жолы», – деді ол ҚР Сыртқы істер министрлігінде елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифингте.

Оның айтуынша, әрбір жоба шамамен 12 күнге жоспарланған. «Біз шетелдік блогерлерді, туристік операторларды тартатын боламыз» деді ол. 

Сонымен қатар компания басшысы «20 шың» деп аталатын тағы бір қызықты жобаға тоқталды. «Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Қазақстанның тау сілемдерінің тізбегі ұзақ. Бұл ең бірінші кезекте Орталық Тянь-Шань, Іле, Жоңғар Алатауы, Алтай таулары. Оларға 20 экспедиция ұйымдастырып, ең соңында орталық Тянь-Шаньның бір шыңын бағындырып, оған «Астананың 20 жылдығы» атауы беріледі», – деді Рашид Күзембаев.

Оның айтуынша, елорда мерейтойы аясында «Көшпелілер әлемі» деп аталатын өте қызықты фестиваль ұйымдастырылады. Оған Еуразияны мекендейтін барлық түркі тілдес халықтардың өкілдері қатысады. «Сонымен қатар фестивальге Мажарстан, Болгария, Түркия және өзге де елдердің командалары шақырылады. Бұл Еуразия көшпелілерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тағамдарын таныстыруға мүмкіндік береді. Шара маусым айының соңы мен шілде айының басында ұйымдастырылады. 10-нан астам елден шамамен 300 қатысушы келеді деп күтіп отырмыз», – деді Рашид Күзембаев.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.