Мелиорациялау мәселесі – министр назарында Избранное

Пятница, 11 Май 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2844 раз

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ
Шөкеевтің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Мәжілісте өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін суару және шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері қаралды.

1

Басқосуға облыс әкімі
Ж.Түймебаев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева және министрліктің комитет төрағалары мен Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтық инспекция басшылары, жергілікті шаруа қожалығының иелері қатысты.
Жиында Ө.Шөкеев Қазақстанның географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі бірінші кезекте Оңтүстік өңірлерде өзекті екенін айтты.
– 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алу үшін жер және су ресурстарын пайдалануды арттыру мақсатында түрлі шаралар кешенін ұсынды. Атап айтқанда гидрология, топырақ және агроклиматтық жағдайларын жақсарту, – деді Өмірзақ Естайұлы.
Мәжілісте мелиорация жүйесінің мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылуы және Елбасының тапсырмасы аясында ирригация жүйесін қалпына келтіру және 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша өңірде алдағы уақытта атқарылатын шаралар сөз болды.

 

7

Облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақтағы суармалы жерлер көлемі ұлғайтылып, жаңа бағыттағы жобалар бойынша дамытылып жатқанын жеткізді. Айталық, өңірде өткен жылы 570,4 мың гектар суармалы жердің 498,2 мың гектары пайдаланылған. Былтыр, сондай-ақ, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 млрд теңгеге артқан. Озық технологияларды қолдануда да облыс республикада көш бастап тұр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан жылға қарқынды өсуде.
Басқосу барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныстары тыңдалды. Шаруалар маусымда түрлі тыңайтқыштардың бағасын бақылауға алу керегін және озық технологияларға сай алынатын жабдықтарға берілетін мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізуі қажеттігін, сондай-ақ суармалы жерлерге судың керекті мөлшерде келуін қамтамасыз етуін сұранды.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрайымы Ажар Елемесқызы шегірткеге және олардың таралуына мониторинг жүргізуді нақты бақылау үшін GPS трэкерлер мен GPS навигаторлар қолданылатын айтты. Олар республика аумағының фитосанитарлық жай-күйін, оның ішінде өңірлердегі шегірткелер бойынша нақты көрінісін көрсететін болады.

Последнее изменение Пятница, 11 Май 2018 05:45
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.