Қазақстан-Өзбекстан: әріптестік арта түседі Избранное

Среда, 23 Май 2018 09:46 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2789 раз

Таяуда ғана Шымкентте «Оңтүстік Қазақстан – Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің бірлескен көрмесі өткен болатын. Екі тараптың тауар өндірушілерінің әріптестігі нығая түскен. Өзбекстан – Орта Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі. 2018 жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Екі елдің басшылары 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялаған еді. Іскерлік қарым-қатынасты дамыту мақсатында Шымкент қаласында Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті.

DSC 8725

Форум барысында алғаш рет Іскерлік Кеңестің бірінші кездесуі өтті. Форум жұмысына екі елдің елшілері Ерік Өтембаев пен Саидикрам Ниязходжаев, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Өзбекстан Республикасының сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Саифназаров,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт  Түймебаев, Өзбекстандағы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен қос елдің 400-ден астам кәсіпкері қатысты.Іскерлік жиында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл басқосу бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының артуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

DSC 8485

– Қазақстан мен
Өзбекстан – өздерінің тәуелсіздіктерін нығайтып, болашаққа батыл қадам жасап келе жатқан мемлекеттер. Өткен жылдарда қос тараптың дипломатиялық қатынастары өзара сенімге негізделе отырып дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде жаңаша қарқын алып, уақыт талабына сай жалғасын табуда.
Өзбекстан Республикасы – Орта Азиядағы Қазақстанның негізгі стратегиялық әріптестерінің бірі. Мәселен, өткен жылы екіжақты сауданың көлемі 30 пайызға артып, 2 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал екі елдің көшбасшылары биылғы сауда айналымын 3 миллиард долларға арттыруды, 2020 жылға қарай 5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондықтан қазіргі таңда екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету маңызды. Бұл іс-шара осы айтылған міндеттемелерді жүзеге асыруда септігін тигізері анық. Бұл өзара ынтымақтастыққа және екі ел арасындағы берік бауырластық қатынастарды орнатуға бағытталған тағы бір қадам, – деді облыс әкімі.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен форум барысында тараптар бірлескен бизнес жобалар мен инвестициялық ұсыныстар жайында ынтымақтастықты дамытуды сөз етіп, экспорт пен импорт бойынша үшінші елдерге кіру жайын талқылады. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы мен
Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келеді. Биылғы соңғы үш айдың көрсеткіші бойынша ОҚО мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 125,7 млн АҚШ долларын құрап отыр. Сонымен қатар Оңтүстіктен Өзбекстанға 73,1 млн АҚШ доллары болатын өнім экспортталса, көрші елден бізге 52,5 млн АҚШ доллары көлеміндегі тауар импортталған.
Форумның басты идеяларының бірі – өнімдерді ең ірі әлемдік нарықта, соның ішінде Қытай мен ЕЭО-да бірлесіп шығару және дамыту.
Жиында Адхам Икрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.
ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров аймақтық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Аталған ұсынысты Өзбекстан тарапы бірауыздан қолдады.
Бизнес-форум кезінде екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бетпе бет жүздесу форматында келіссөздер жүріп, бірқатар бағытта іскерлік әріптестікті дамыту мақсатында екі жақты құжаттарға қол қойылды. Қатысушылар өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді. Сонымен қоса форумға қатысушылар отандық тауар өндірушілер ұсынған өнімдер көрмесін тамашалады.