Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі Избранное

Пятница, 08 Июнь 2018 04:20 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 119 раз

1. Алмалы Алматыдан – шырайлы Шымшаһарға
2. Елбасының балалық дәуренінен естелік
3. Мемлекет басшысының марапаттары

Биылғы ақпан айының екінші жартысынан бастап облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі кешенді көрмесі өз жұмысын бастағаны белгілі. Осы үш ай уақыт аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар жоғары деңгейде өтті.

11

Жоба аясында халықаралық ғылыми конференция, «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де сарапшылар мен талдаушылардың, түрлі мемлекет ғалымдарының, профессорлар мен мұғалімдердің, сондай-ақ шетелдік және отандық жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Н.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Сондай-ақ, «Әлем таныған Елбасы» кітап көрмесі ашылды. Ал еліміздің рухани астанасындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тарихи таңдау» көшпелі экскурсиялары жергілікті тұрғындар үшін тарихи маңызы зор көрмедегі құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп тамашалауға үлкен мүмкіндік сыйлады. Тарихтан сыр шертер көшпелі көрмеге біз де қатысып қайттық.

Жобаның бастауы - Алматы

Көшпелі жоба алғаш рет 2017 жылдың қарашасынан бастап Оңтүстік астана жұртшылығының назарына ұсынылған. Алматы және Алматы облысы тұрғындарын қоса алғанда жоба қатысушылары мен көрмеге келушілердің саны 75 мыңнан астам адамға жетті. Бұдан кейін Елбасы кітапханасының жинақтарынан жасақталған жоба - «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі Шымкент қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сән-салтанатпен өз жұмысын бастады.
Көрменің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету. Келушілердің назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылды. Олардың қатарына Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, мемлекет басшылары мен отандық авторлардың қолтаңбасы бар кітаптар, сондай-ақ Мемлекет басшының шет тілдердегі еңбектері кіреді. Көрме «Елбасы қызметінің хроникасы» интерактивті бөлімінен, цифрлық фото альбомдар, деректік кинохрониканы көруге арналған видео аймақ секілді бірнеше блоктан құралған. Келушілер «Елбасы кітапханасы» көрмесімен танысты.

Шамалғаннан мемлекет басына дейінгі тарихи деректер

Елбасының көшпелі көрмесінің «Көшбасшы жолы» деп аталатын бірінші бөлімі Н.Ә.Назарбаевтың бала кезінен бастап қазіргі кезеңдегі тұлға болып қалыптасқан уақытқа дейінгі аралықты қамтиды. Көрмеге келгендер алдымен Алматы облысының бұрынғы Қаскелең ауданы, Үшқоңыр ауылында өмір сүрген
Елбасының ата-бабаларымен таныса алады. Қазақ халқы үшін ата-бабаларын құрметтеу ерекше маңызға ие екені баршаға мәлім. Бес жасынан бастап өзінің он екінші атасына дейін білетін бала Нұрсұлтан үлкен кісілер сұраған кезде мақтанышпен жатқа айтатын Әбіш, Назарбай, Сапақбай, Еділ,
Кенбаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай, Алтынай, Тоқтар, Есқожа есімді ата-бабалары шежіреде көрсетілген. Көненің көзіндей сақталған, Н.Жээренчиевтің Елбасыға тарту еткен «Шежіре» кәдесыйында ата-бабаларының есімдерін көруге болады.
Бір рулы елдің ұранына айналған Қарасай батыр – Нұрсұлтан Әбішұлының сегізінші атасы. Екінші және үшінші сөреде бала Нұрсұлтанның дүниеге келуі, оның мектеп табалдырығын аттағаны және оқу үлгерімі туралы құжаттардан үзінділер бейнеленген. Сондай-ақ, Елбасының бокс жаттығуындағы сәті де бар. Қаскелеңде 1958 жылы түскен фотосурет мұражайға келуші қауымды қызықтырмай қоймады. Бұл суреттен күш қайраты тасыған Нұрсұлтанды көруге болады.
Ал соңғы сөреде тарихи маңызды құжаттар кездеседі. Атап айтқанда Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасының №001 куәлігі болса, екіншісі Қазақ ССР Тұңғыш Президентінің куәлігі. Айта кетсек, бірінші бөлімде Мемлекет басшысының мұражай қорынан әкелінген 800-ге жуық түпнұсқа сурет пен қолжазба және 175-ке жуық жеке заттары қойылған.

«Көшбасшы феномені»

Екінші бөлімде күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан орынды шешімдердің тарихи тізбегі ұсынылған. Егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізген, бетбұрысты кезеңде Қазақстан халқы озық, демократиялық, ядролық қарусыз тарихи таңдау жасағаны мәлім. Бірінші сөреде мұражайға келушілердің көзіне оттай басылатын Семей полигоны жайлы деректер топтастырылған. Екінші сөре қазақ ғашыркерлеріне арналса, үшіншісінде Ұлттық валютаның тарихына көз жүгіртуге болады. Ел астанасын Алматыдан
Ақмолаға ауыстыру туралы Қазақстан Президентінің екі тілде жазылған Жарлығы мен Мемлекет басшысының 2000-2017 жылдардағы қызмет барысындағы суреттерін мұражайдың көрермені төртінші сөреден тамашалай алды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны Н.Назарбаев 1992 жылы, Тәуелсіздіктің 1 жылдығына арналған Қазақстан халқы форумында айтқан болатын. Орасан зор этникалық құрамы бар, көпұлтты Қазақстан қоғамындағы келісімді қамтамасыз етуде Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған
Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Осыған орай бесінші сөре арналған. Соңғы сөрелерде еліміздің ішкі және сыртқы жағдайлары сипатталған. Онда Мемлекет басшысы қабылдаған стратегиялық жоспарлар мен Жолдаулары жинақталған.

Елбасының 37 орденін тамашалады

Қазақстанның халықаралық аренадағы серіктестік пен татулыққа бағытталған саясатының арқасында, әлемдік қауымдастық біздің елімізге және Елбасымызға үлкен құрмет пен сенім білдіруде. Н.Ә.Назарбаевтың осындай сындарлы саясатын ескере отырып көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар әр жылдары Қазақстан Республикасының Президентін өздерінің жоғарғы мемлекеттік наградаларымен марапаттаған болатын. Бұл бөлімде мұражайға келушілер Елбасының осындай 37 орденін тамашалады.

Әлем таныған көшбасшы

Қазақстан тәуелсіздігін алған тұстан бастап барлық елмен достық қарым-қатынасын нығайта түсті. Бүгінде 120-дан астам мемлекет егемендігімізді мойындап, елімізбен тығыз байланыс орнатып келеді. Қазақстан өз алдына үй тігіп, ел тізгінін Елбасына сеніп тапсырылғалы бері талай тарихи оқиғалардың куәгері болды. Тәуелсіздік алған 27 жылда көптеген саяси ұйымдарға төрағалық етіп, әлемдік саясаттың дұрыс бағыт алуына да араласты.Сондай-ақ, Елбасының Ислам елдеріндегі сапарлары және Еуропа мемлекеттерінде барғанда Мемлекет басшысына берілген сыйлық экспонаттар көрменің көркін ашып тұр. Ал экспозицияның қорытынды бөлігінде Н. Назарбаевтың шет тілдеріне аударылған еңбектері ұсынылды.Айта кетейік, Оңтүстікке ат басын тіреген көрмені ақпан-мамыр айларының аралығында 169 мыңға жуық адам тамашалаған. Жуырда жұмысын қорытындылаған көшпелі көрме Атырауға жол тартып кетті.