Шымкенттің өз бренді мен тренді қалыптасады Избранное

Среда, 13 Июнь 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 279 раз

Талғат ЫСҚАҚОВ, «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының бас директоры:

Талгат Исхахов 1

– Шымкент тыныс-тіршілігі қайнап тұрған қала ғой. Халық саны көп, бос жұмыс орындарына деген қажеттілік мол. Бір облыстың орталығы емес, дербес бір өңір ретінде дамитын шаһар. Ал даму мен дамыту мәселесі әрқашан кадрлық саясат пен қаражатқа келіп тіреледі. Осы орайда, Республикамызда үшінші мегаполистің пайда болуы сондай бір ілгерілеудің көрсеткіші іспетті әсер етті. Қуандық! Шетелдерде әрбір қала өзінше бір мегаполис. Бірі туризм арқылы табыс тапса, екіншісі өндірісімен танымал. Сол сияқты, жаңа дәреже де Шымкент қаласына өзіндік бренді мен трендін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Мегаполис ретінде бүгінгісінен әлдеқайда көп өзгеріс күтемін. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Алматы қаласын айтайын. Онда жарнама саласында бірізділік бар. Сыртқы жарнама толығымен ретке қойылған. «АлматыЖарнама» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің рұқсатынсыз өз үйінің қабырғасына да жарнама ілуге ешкімнің құқы жоқ. Мейлі, ол бір жапырақ қағаз болса да. Өте ықпалды мекеме. Жарнаманы ілетін адам көлемі мен мекенжайын нақтылап, салық төлеп, содан соң ғана жарнамасын ілуге рұқсат алады. Сондай-ақ, рұқсат етілгеннен артық-кем өзгеріс жасамайды. Қалай белгіленді, солай жарнамалануы шарт. Өйтпеген жағдайда, міндетті түрде рұқсатсыз ілгендер айыппұл, ал артық ілгендер қосымша салық төлейді.
Жарнама саласындағы осындай бірізділікті Шымкентте де қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Себебі, бұл біріншіден кіріс көзі. Екіншіден, қалада жарнама жасаудың тәртібі қалыптасады. Сонымен қатар, жабайы жарнамадан арылған шаһар көркі еселене түсер еді. Бастысы, талап қойылған соң міндетті түрде орындалғаны жөн. Не айыппұл, не салық төлеу немесе қала келбетіне нұқсан келтірмеу.
Қазір Шымқаладағы сыртқы жарнама бойынша аудандық әкімдіктер жұмыс істеп жүр. Бет алды орналасқан жарнамаларды алып тастау үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Алайда, кей кәсіп иелері мұны «кәсіпкерлігіме қысым жасау» деп, бұрмалаушылыққа салып, мегаполиске тән тәртіп пен талапты жүйеге келтіруге кедергі жасауда. Әйтсе де, жарнаманы қадағалау барсында Алматы қаласындағы тәжірибе қолға алынса және сыбайлас жемқорлыққа жол берілмей, мақсатты деңгейде жұмыс істесе, жарнамадан түсетін табыстың өзі мегаполис бюджетіне қыруар қаржы түсірмек.
Кәсіпкер болғандықтан, мені ойландырып жүрген мәселенің негізгісі осы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.