Үкімет басшысы Түркістанның даму жоспарымен танысты Избранное

Пятница, 22 Июнь 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 61 раз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Оңтүстікке іс-сапармен келіп, жаңадан құрылған Түркістан облыстық мәслихаттың сессиясына қатысты.

003

Отырыс барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Түркістан облысының әкімі лауазымына Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты тағайындау туралы ұсынысы жазылған Мемлекет басшысының облыстық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.
Бұдан кейін облыс активімен кездескен Премьер-Министр мен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Түркістан облысының жаңа әкімін таныстырды. Үкімт басшысы Жансейіт Түймебаевтың облысты дамытудағы еңбегін айтып, аймақ басшысының түрлі жауапты басшылық қызметтердегі мол тәжірибесін атап өтті.
Одан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков жұмыс сапарымен Түркістан қаласында болды. Онда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев шаһардың аймақ орталығы ретінде даму жоспарымен таныстырды. Дамыту жобасы, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын одан әрі жаңғырту жұмыстарын баяндады.
- Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Онда әкімшілік-іскерлік орталықтың жалпы аумағы 170 гектар аумақты құрайтын болады. Ал 300 гектар жерге көп қабатты үйлер салынып, қалашықта 65 мыңға жуық адам тұрмақ. Онда облыс әкімдігі, аумақтық мекемелер, құқық қорғау органдарының күштік құрылымдары, мәдениет үйлері, көрме орталығы, мектеп пен саябақ, демалыс орындары болады, - деді өңір басшысы.
Ж.Түймебаев, сонымен қатар, «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы айтты. Жоба Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды қайта жаңартуға бағытталған. «Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр. Оның біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласы халқының саны 162 мың адамға жуық. Шаһарда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы жалпы көлемі 33 368 шаршы метрді құрайтын баспана пайдалануға берілген.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.