«Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп алып-ұшып жүретіндер кімдер? Избранное

Среда, 27 Июнь 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 376 раз

28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Бұл мерекеде көбіне бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген журналистерді құттықтап жатамыз. Дегенмен, журналистерге қажетті, нақты ақпараттарды тауып беріп, түрлі мекемелер мен БАҚ арасын байланыстырып жүрген баспасөз хатшыларының да кәсіби осы мейрамға қатысы бар екенін естен шығармаған жөн.

DSC 3634

Иә, журналистерге дер кезінде керекті мәліметтерді тауып беру – баспасөз хатшыларының басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда олар тілшілерге жұмыс істеп жатқандай. Бірақ мекеменің мүддесі мен басшылықтың талабы тағы бар. Екі ортада «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп алып-ұшып жүретіндер осылар. Міне, хатшылықтың машақаты да осында. Жұмыс қиын. Бірақ маңызды.
Жуырда БАҚ туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардағы ақпарат сұрату мерзімін ұзарту баспасөз хатшыларының жұмысын едәуір жеңілдетті. Бұл ақпараттардың нақты, сенімді, толық болуына жол ашты. Сондықтан қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыс біршама жақсара түскен. Әсіресе, Түркістан облысы әкімдігі баспасөз орталығы қызметкерлерінің жедел әрі сапалы жұмысын ерекше атап өткен жөн. Олардың арасында өз жұмысына аса жауаркершілікпен қарап, журналистердің алғысын алып жүрген облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлейменова да бар.
Мира Сүлейменова Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика мамандығын үздік бітірген. «31 арна», «Информбюро», «Шахар», «Азаттық радиосы» және тағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби журналист болып істеген. «Сондықтан болар, журналистердің қандай ақпарат сұрағысы келгенін бірден біліп, мәліметтерді нақты және дер кезінде беруге тырысамын» дейді.
– Журналист болып жүргенде ақпарат ала алмасақ, «Неге бізден жасырады?» деп ренжитін едік. Ресми ақпарат ала алмасақ, басқа жолдармен іздеп, тауып, жазамыз. Ал оның баспасөз хатшыларына қатысы жоқ екенін білмейміз. Енді өзім осы салаға келіп, бұның да өз машақаты бар екеніне көзім жетті. Мәселен, журналистер 15 сұрақ жолдаса, мен оларға өзім жауап бере алмаймын. Сол 15 түрлі сұраққа 15 түрлі маманмен жолығып, мәліметтерді толық жинап болған соң ғана бере аламын. Кейде 1-2 күн ішінде шешілмейтін кейбір мәселелер туралы ақпаратты талап етіп жатады, – дейді Мира Сүлейменова.
Әріптесіміздің айтуынша, ақпараттық сауатсыздық көбіне әлеуметтік желі белсенділерінде кездеседі. Өйткені олар негізінен табыс пен жеке басының атағы үшін жұмыс істейді. Олардың денін жәбір көрген, ауруға ұшыраған, жетім қалған балалардың өмірі қызықтырмайды дейді. Түрмеде, изоляторда отырған адамдардан «Суретіңізді жарияласақ болады ма?» деп сұрау тіпті ақылға сыймайды. Әр материалдары елді дүрліктіргенін қалайды.
– Денсаулық сақтау саласында қандай да бір мәлімет беруден алдын мұқият тексеру керек. Мұнда адам тағдырына қатысты дүниелер айтылады. Ертең бұл ақпараттар емделушінің жеке өміріне әсер етеді. Тілші болып жүрген кезімде дәрігерлердің жұмысын онша біле бермейтінмін. Баспасөз хатшысы болғалы бері ақ халатты жандардың жұмысы қаншалықты қиын екеніне көзім жетті, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Шерхан Мұртаза айтқандай, «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің қатарында баспасөз хатшыларының қызметін атап өтуге әбден болады. Сондықтан екі сала қызметкерлері тізе біріктіріп жұмыс істегенде ғана ақпарат саласында сапалы дүниелер пайда болары анық. Ендеше, мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.