Версия для печати

«Газет – тарихтың секундтық стрелкасы» Избранное

Среда, 27 Июнь 2018 05:58 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3970 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Алдағы 10-20 жылда интернет газет-журналдарды ақпарат әлемінен ығыстырып тастауы мүмкін».

3

Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде қағаз басылымдардыңкелешегі туралы сөз болғанда бұл болжам жиі айтылады. Кезінде Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі құлағы һәм тілі»деп атап өткен маңызы жоғары, рухани азық саналатын басылымға, расында, ақпараттық кеңістіктен жоғалу қаупі төне ме? Ақпарат саласы мамандарының жан-жақты пікірлерін ортаға сала отырып осы тақырыпты тарқатып көрдік.

Ұлт тарихының темірқазығы

Газеттің, басқа жақты айтпағанда, қазақ даласында халықпен бірге жасап келе жатқанына екі ғасырға жуық уақыт өтіпті. Посткеңестік дәуірде ақпарат таратуда радио, сосын көгілдір жәшік келді де, сол уақытта дәл қазіргідей газеттің болашағы жоққа шығарылып, тіпті «жерленіп» те тастағанмен, газет әлі «өмір сүріп» келеді. Бүгінгі таңда электронды порталдар, әлеуметтік желілердің жаңалықтарды таратудағы көз ілеспес жылдамдығы қағаз басылымдардың нарықтағы сұранысын төмендетуде. Иә, шынтуайтына келгенде оқырман бүгін болған жаңалықты екі-үш күннен кейін жарық көретін газеттен оқығаннан гөрі үшін интернеттен көруді дұрыс санайтыны жасырын емес.
Дегенмен, тарихшыларымыз «Газет жойылады» деген пікірмен келіспейді. Әйгілі неміс ойшылы А.Шопенгауэр «Газет – тарихтың секундтық стрелкасы» деген. «Басылымдарымызда ұлтымыздың тарихы, тұрмысы, әр замандағы болмысы жатыр» дейді облыстық саяси-қуғын сүргін құрбандары мұражайының директоры Батырғазы Серғазиев.

 

– Әр адамның заман ағымынан, технологиядан қалыс қалмағаны дұрыс. Бүгінде оқырманның басым бөлігіне интернет қолжетімді болғандықтан ақпаратпен лезде, яғни, оқиға болып жатқан сәтте-ақ жылдам танысқанды мақұл көреді. Бұлар қысқа ғана «болды», «өтті» дегендей жеңіл ақпараттар. Ал басылымдардан қоғамда болып жатқан рухани, әдеби, мәдени, әлеуметтік саладағы жаңалықтармен кеңірек танысамыз. Газет осы жағынан ұтымды. Екіншіден, газет-журналдар – ұлтымыздың тарихы. Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрабандары мұражайының қорында елімізде алғаш жарық көрген «Ақжол», «Шолпан» журналдарының кейбір сандарының көшірмесі сақтаулы. Оларды көрші Ташкенттегі мұражайлардан алдырдық. Осы арқылы тарихымызды зерттедік, журналистердің еңбегі арқылы сол қоғамның үнін естідік. Сондықтан, газет ертеңіміз үшін қоғамымызға қажет, – дейді мұражай басшысы.

DSC 4088

Жаңа медиамен бәсекеде

Осы тұста айта кету керек, жұмысын газет-журналдан бастап, қазір ақпараттық порталдарға қатар жазып жүрген әріптестеріміз жетерлік. Солардың бірі – ақпарат айдынына қосылғанына екі жыл болған «Адым.кз» сайтының жетекшісі
Нұршат Төкен. «Газетті қолға ұстап, парақтап, мақалаларын сүзгіден өткізе оқығаннан артығы жоқ» дейді журналист. Әлеуметтік желіні ақпарат таратуда тиімді пайдаланып жүрген жігіт қағаз басылымның орны бөлек екенін айтады. – Жазу шеберлігі бар жандардың бірінші газет-журналдардың сүзгісінен өтіп, тәжірибе жинақтағаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, газет редакциясы – журналистиканың мектебі деп едім.
– «Интернет ресурстарының күші дәстүрлі БАҚ-тың жойылуына алып келеді» деген – алыпқашпа әңгіменің бірі. Бұл сөздер қағаз басылымдар мен жаңа медианың арасындағы бәсекелестікті шыңдау үшін айтылатын болу керек. Қайта осы бәсекелестіктен олар бір-бірін толықтырып, дами түседі. Қарапайым ғана мысал, Жапония техникалық прогрестің шыңына шыққан ел болғанымен жарық көргеніне 100 жылдан асқан дәстүрлі басылымдары миллиондаған тиражбен шығады екен, – дейді сайт жетекшісі.

Газет салмақты ақпарат құралы болуы тиіс

Тағы бір әріптесіміз де газеттің болашағына сенім артады. Өзі жаңа медиа саласынан хабары бар, түрлі семинарларға қатысып, интернет-БАҚтың қақ ортасында жүрген Жәнібек Нұрыш ол үшін қағаз басылымдар салмақты да сараптама материалдарымен ерекшеленуі тиіс деп санайды.
– Қазақстанда қағаз газеттің, соның ішінде қазақ тіліндегі баспасөздің таяу ондаған жылда жойылатынына сенбеймін. Өйткені, басылымды алатын аудитория және оған жазылатын оқырманы бар.

жәнібек фото

Осы екі фактор газеттің қағаз түрінде таралуына әсер етеді, - дейді «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәнібек Нұрыш. – Тағы бір жайт - газетте деген сенім интернет-сайттары мен телеарнада айтылған ақпаратқа қарағанда жоғары. Мұның себебі неде екенін білмеймін, бірақ «газетте жазылған, газетте айтыпты» деген тіркестер әлі де қолданыста. Демек, қазақ тіліндегі газеттердің шығуы әзірге тоқтамайды. Бір жағынан мен мұны қазақстандық медиада әлі күнге дейін сапалы ақпарат таратушы интернет-сайттардың әлі де аз болуымен байланыстырамын. Бірі екіншісін толықтай алмастыруға, сайттар өз мүмкіндіктерін пайдаланып, технологиялық тұрғыдан ерекшеленетін контент ұсынуға әзір емес. Тек мәтін-фото, ара-тұра видео берумен шектеледі. Мұның видеодан басқасын газет те ұсына алады. Бұған қағазды қолға алып оқудың әсері басқаша болатынын да қосыңыз. Ал газетті қалай дамытуға болады, оқырманын арттырмаса да барын жоғалтпаудың жолдары қандай десек, мұнда, ең біріншіден, газет өзінің сараптамалық-талдамалы бағытынан таймауы керек. Салмақты әрі толыққанды, тараптары қамтылған, эмоциясы бар, оқиғаларға толы материал ұсына алса, бұл газеттің тұрақты оқырмандарының қалыптасуына әсер етеді. Сондай-ақ, сериялы материалдар, бір айдар аясында тұрақты түрде қызықты мақалалар ұсына алса, онда оқырманын табады. Газет өзінің беттелу дизайнымен де оқырманын өзіне тартып, ұстай алады. Ондағы мәліметті берудің визуализациясы әсем де ұғынықты болса, бұл да оқырманның көзін қуантады. Баспасөзде тек мәтін ғана емес, визуализация да алдыңғы орынға шықты. Маған аймақтық медианың, соның ішінде қағаз түріндегі газеттің медианарық заңдылықтарына сай дамығанын бақылау және тек бақылап қоймай, соның ортасында жүру ұнайды.

Уақытпен үндесу көштен қалдырмайды

Қош, өз қаламыздан шығып, әлемге назар аударайық. Соңғы бір статистикалық зерттеу «Әлемде газет жойылады» деген қауесетті жоққа шығарады. Айталық, NOP World компаниясы жүргізген зерттеуге сүйенсек, адамдар бір аптадағы 16,6 сағат уақытын теледидар көруге, 8,9 сағатын – ғаламторға, 8 сағатын – радио тыңдауға, ал 6,5 сағатын мерзімді басылымдарды оқуға жұмсайтын көрінеді. Осы көштің басындағы үндістандықтар аптасына 10 сағат уақытын кітап, газет оқуға арнайды екен. Бұған қарап әлем бойынша газеттердің қоғамдағы маңызын жоғалтпағанын аңғарамыз.
Ал еліміздегі «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай «Газет уақытпен үндесіп жұмыс істесе, ақпарат нарығында көлеңкеде қалмайды» деген пікір айтады.

87777

– «Газеттің болашағы жоқ» деген сөздің айтылып жүргені кеше немесе бүгін емес. Технологиядағы жетістіктермен бірге ақпарат таратудың түрлі көздері пайда болған сайын айтылатын даурықпа әңгіме, – дейді әріптесіміз. –«Даурықпа сөз» деп айтуға негіз бар, өйткені келер жылы еліміздің бас басылымы жүз жылдығын кең көлемде атап өткелі отыр. Яғни, «Егемен Қазақстан» газеті ақпарат нарығында бір ғасырдан бері оқырманымен бірге тыныстап келеді. Бірақ, бұл тұста қағаз басылымдар арқаны кеңге салмай, уақытпен үндесіп, ақпараттық порталдармен қатар жүргені дұрыс. Бұл тұрғыдан біздің басылымның ақпараттық порталының қазақ, ағылшын тіліндегі және латын қарпіндегі нұсқалары кең қолданысқа енген. Бүгінде газеттің латын тіліндегі нұсқасының көрілімін шетелдегі қандастарымыз көбейтіп отыр. Осылайша «Егемен
Қазақстан» газетінің интернеттегі нұсқасы елімізде электронды ақпарат порталдар арасынан таралымы мен оқылымы жағынан ондық болмаса да алғашқы отыздықтан орын алып, салмақты мақаларымен көштен де, көптен де қалмай, көш басынан көрініп келеді.
Ғ.Елшібай «Алдағы уақытта қоғамда ең сенімді ақпарат – газеттерде» деген түсінік қалыптастыруда журналистер біршама тер төгуі тиіс» деген ұсынысын айтты. – Қазір әлеуметтік желілерде анық-қанығы жоқ ақпараттар легі көп тарап жатқандықтан, мәселені тарқатып, түсіндіріп, анық-қанығын жеткізетіндер – қағаз басылымдар ғана. Смартфондар сараптаманы қамти алмайды, – деді тілші.
Қалай болғанда да барлығына уақыт төреші. Кино пайда болғанда «театр өледі», газет шыққанда «кітап келмеске кетеді», ал интернет ақпарат нарығын жаулағанда «газет-журнал құрдымға кетеді» деген әңгіме айтылған. Ал «Газет – рухани азық, бүгінгі тарих, қоғамның тынысы» десек, шынайы ақпарат көзіне қол жеткізіп, таңдап-талғауды өзіңізге қалдырамыз, көзі қарақты оқырман!

Последнее изменение Среда, 27 Июнь 2018 08:42
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.