Версия для печати

Қайрат МЕЙІРМАНОВ:«ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛЫП, ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІЗ!» Избранное

Среда, 25 Июль 2018 04:35 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4217 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Анықтама

DSC 6713

Мейірманов Қайрат Ақмолдаұлы – 1970 жылы 13 желтоқсанда дүниеге келген. Әскери борышын өтеген, жоғары білімді. Еңбек жолын 1994 жылы «Нұржан» ЖШС директоры қызметінен бастаған. Бірқатар мекемеде жауапты қызметтерді атқарып, ұжымды ұйыстыра білген Қ.Мейірманов бүгінде «РОРС» ЖШС директоры. Отбасылы, 5 баланың әкесі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылымының депутаты. Әр айдың бірінші және төртінші сенбісі, сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін №29 сайлау округіне қарасты Қарабастау, Бадам-1, Бадам-2 Қаратөбе, Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптарының азаматтарын Төле би көшесіндегі 41-үйде қабылдайды.

Қарабастау, Бадам-1, Бадам-2, Қаратөбе, Жұлдыз, Жалын тұрғын алаптарының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Бұл аумақтың тұрғындарын не мазалайды? Шешімін тапқан сұрақтар бар ма? Біз осы сауалдардың жауабын іздеп, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Мейірманов Қайрат Ақмолдаұлын іздеп бардық.
Қайрат Ақмолдаұлына хабарласқанымызда сенбі күні тұрғындармен кездесетінін айтып, бізді де сол кездесуге шақырды. Шынын айту керек, шілденің +40 градус ыстығында көшеде жүруді ойлап, қиналғанымызбен, ол жиында бұдан да күйіп тұрған мәселенің қаралатыны анық еді. Айтқандай-ақ, жиынға Қарабастау, Бадам-1, Бадам-2 Қаратөбе, Жұлдыз, Жалын тұрғын алабының көше билері, №29, №94, №96, №97, №99, №100 және №105 мектеп директорлары мен әкімдіктің «Жұлдыз» аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Сейдулла Ибишев, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов қатысты.

Мектептердің жай-күйі назарда

Жиын басталғаннан-ақ әр тұрғын өзекті мәселесін ортаға салып, сол күнге дейін тиісті орындардан жауап болмағанын, өтінішінің орындалуына депутаттың ықпал етуін сұрады. Мысалы, бір жыл бұрын күрделі жөнделген №100 мектептің директоры А.Қосаева оқу орнына жылыту қазандығы қажет екенін айтты.
– Білім мекемелерінде қосымша жылу қазандығы болуы тиіс. Бірі істен шыққан жағдайда, екіншісі жұмысқа дайын болуы керек. Сонымен қатар мектептің сыртқы әжетханасы апатты жағдайда тұр, соның орнына жаңасын салып беруді сұраймыз, – деді мектеп басшысы.
Ал №94 мектепке ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінген, алайда басшылығы күрделі жөндеуге өтініш жасады. Бұл білім ошағының жанынан биыл 20 млн теңгеге жаңа әрі заманауи үлгідегі стадион салына бастапты. Аудан әкімінің орынбасары А.Малахов стадионның сапасына мердігер мен техникалық бақылау қызметі жауапты екенін еске салды.
2004 жылы пайдалануға берілген №99 мектептің жанынан 610 млн теңгеге 300 орынды жаңа оқу корпусы салынды. Ал тағы 20 млн теңге жаңа спорт алаңшасын салу үшін бөлінген. Бұл білім ошағының ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2 млн теңге бөлінгенімен, мектеп басшылығы шатырды күрделі жөндеу қажет дейді.
– Мектептің жертөлесіне жылу жүйесінен су кетеді де құбырдағы су азайып қала береді. Оның қайдан кетіп жатқанын табу үшін 6 жерді аршуға тура келді. Бірақ жылыту жүйесі құбырының қай тұстан жарылғанын табуға шамамыз келмей отыр, – деген мектеп басшысына аудан әкімінің орынбасары жауап берді.
– Мектепте жылыту жүйесін сығымдауға жауапты мердігерлер келгенде міндетті түрде әкімдікке хабарласып, жұмыс бастағаны туралы ескертіңіз. Біз басы-қасында жүріп, мердігер мекемемен бірге осы олқылықты анықтауға көмектесеміз және сол кезде-ақ кемшілікті жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді А.Малахов.

Кәріз жүйесі кезек күттірмейді

– Осыдан біраз бұрын мәслихат сессиясында Қарабастау елдімекенінде көпір салу және медициналық пункт ашуға қаражат бөлу туралы мәселені қозғадым. Қала әкімі Ғабидолла
Рахматоллаұлы бұл мәселені тікелей өзі бақылайтынын айтты. Бүгінде ең өзекті болып тұрған көпір мәселелері алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын, – дейді Қайрат Ақмолдаұлы.
Депутатқа тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағым көп-ақ. Бірі жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жол белгілерін, бағдаршам, жаяу жүргіншілер өткелі мен аялдама сұраса, енді біразы қалалық №7 емханаға қатынайтын қоғамдық көлік сұрады. Медициналық бекет ашу, оның жұмысын жандандыру мәселесі бір ғана Қарабастауда емес, Жұлдыз, Бадам-1, Бадам-2 тұрғын алаптарында да маңызды. Ал сапалы электр желісін тартып, коммуналды қызметке тиімді бағада төлем жасау, трансформатор орнату – №29 сайлау округінің негізгі мәселесі. Әсіресе, Жұлдыз елдімекеніндегі электр бағаналары 1976 жылы тұрғызылған, әбден тозығы жеткен дейді сайлаушылар. Мұндағы кәріз жүйесі де кезек күттірмейтін мәселенің бірі дейді халық қалаулысы.
– Жұлдыз елдімекенінде 2 қабатты 27 үй бар. Барлығының кәріз жүйесі істен шыққан. Толығымен жаңарту қажет. Қазір осы көпқабатты үйдің тұрғындары санитарлық жағдайдың жоғынан түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Айтсақ, өзімізге сын, бірақ, бізде осындай мәселе бар, – деді депутат.

21 көшені жөндеуге қаржы бөлінді

– Азаматтарды жеке қабылдау әр айдың бірінші және төртінші сенбісіне жоспарланған. Одан бөлек, бүгінге дейін Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын, «Ұлт жоспары», «100 нақты қадам», «Бес әлеуметтік бастама» сынды стратегиялық маңызы зор жобаларды түсіндіру мақсатында Шымкент қаласында өткен 4 кездесуге қатысып, №29 қалалық сайлау округі тұрғындарымен 5 кездесу өткіздім. Ал аудандағы жергілікті орган өкілдерімен бірге 4 кездесу, «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы басшыларының қатысуымен тағы 3 қоғамдық қабылдау өтті. Сайлаушылардың көтерген өзекті мәселелері жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен шешімін тапты. Ал шешімін күтетін сұрақтар бойынша тиісті органдарға депутаттық хат жолданды, – дейді Қ.Мейірманов.
Дәл осы №29 қалалық сайлау округі бойынша өзекті мәселелердің бірі – елдімекендердегі көшелерді жөндеу, жаңарту жұмыстары. Депутаттық бақылаудың нәтижесінде 2017 жылы Еңбекші ауданы бойынша жөнделетін 32 көшеге аталған округтің 21 көшесі енді. Бір ғана Қарабастау елдімекенінің 9 көшесі жөнделді. Осы елдімекендегі №99 мектепке қосымша салынатын ғимаратының құрылысына 2017 жылы бөлінген қаржы да сайлаушылар мен халық қалаулысының жемісті еңбегінің көрінісі.
Әйтсе де, қалалық мәслихаттың депутаты қаралуы тиіс хаттардың, тұрғындар сұранысының көптігін алға тартты.
– Бірқатар жұмыс нәтиже берді. Бірақ, біз онымен тоқтап қалатын болсақ, тұрғын алаптарда шешімін таппаған мәселелер қордалана түсері анық. Шымкент қаласы үшінші мегаполиске айналды. Бүгінде қалада үлкен өзгерістер болып жатыр. Басқармалар құрылуда. Осы күнге дейін әр мекеменің папкасында жауап күтіп жатқан халықтың арыз-шағымдары, ұсыныс, сұраныстарына жан бітеді. Тіпті, қайта құру жұмыстарынан кейін ол мәселелердің шешілу жолдары да оңайланады деген сенімдемін. Сондай-ақ, аталған кемшіліктерді жою бағытында біз жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс істейміз, халыққа қызмет етеміз, – деген Қайрат Ақмолдаұлы тұрғындардан түскен бірқатар өтінішті біздің назарымызға ұсынды.

Хаттар:

Social-Media-Management

Райсия МАҒЗЫМОВА, Қарабастау елдімекенінің тұрғыны, ардагер:
– «Казтрансойл» АҚ-ның талап-арызына байланысты Еңбекші аудандық соты «Үй мен қосымша құрылыстары 820 миллиметрлік мұнай құбырынан 75 метрден аспайтын қашықтықта салынған. Сол үшін барлық құрылыс бұзылуы керек» деген шешім қабылдаған. Ал біздің үй құбыр 500 миллиметр кезінде салынған, ол кезде сақтандыру аймағы 50 метр болатын. Көшіретін болса, өтемақы төлеп, басқа жерден жер берілуіне ықпал жасап, көмектесуіңізді сұранамын. Мұндай жағдайдағы үйлер көп. 45 жастағы мүгедек балам бар.

Абдуразақ БАЙЖУМАНОВ, Бадам-1, «Шанхай» төбешік ауылының тұрғыны:
– Біздің ауылымыз жарық, су, газбен толық қамтылған, тек ұзындығы шамамен 2500 метр жолдың жайы қинап отыр. Осы көшемізді асфальттап беруге көмектесуіңізді сұраймыз.

Әбдімәлік ӘБДІЖАППАРОВ, Қаратөбе тұрғын алабы:
1. Бадам-1 т/а «Жаңа құрылыс» бөлімшесінде электр жарығының 1 кВ үшін 45 теңге төлейміз. Мұны арзандатып беруді сұраймыз.
2. Панфилов көшесінде №157 трансформатор жаңадан қосылған үйлерді жарықтандыруға қауқары жетпей тұр. Кешкісін теледидар қосуға да жетпейді. Осы трансформаторды ауыстыруға көмектесіңіздер.

Қаратөбе елдімекенінің тұрғындары:
– Бүкіл Қаратөбе елдімекені арқылы арық өтеді. Сол арықта кейбір күндері сасық су аққанда дем алу қиындайды. Әкімшілік, «СЭС» тексереді, бірақ бәрі таза деген шешім береді. Ал жұрттың тұншыққаны тұншыққан, осыны анықтап, мәселені шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Әшірхан ТӨЛЕЕВ, Бадам-1 тұрғын алабы:
– №39 бағыттағы автобус Сайрам елдімекеніне дейін жүреді. Тым ұзақ. Бұл қоғамдық көлік Бадам-1-ден қайтып, №7 емхана арқылы жүрсе.

Олжабай ақсақал, Қарабастау елдімекенінің тұрғыны:
1. Экологияға көңіл бөлуіміз керек. Біздің елдімекендер мұнай зауытының жанында орналасқан. Зауыттың зияны өте көп. Зауыт басқармасы зауыт айналасына мыңдаған ағаш отырғызуы керек. Осыны қолға алайық.
2. Қарабастауда ауыл шаруашылығы үшін берілген 200-ден аса жер теліміне жекеменшік үйлер салынған. Осы үйлерді заңдастыруға көмектесіңіздер.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:12
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.