Мәулен Әшімбаев:«Шымкент – ұлтымыздың ұйытқысы» Избранное

Среда, 25 Июль 2018 05:56 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4673 раз

Өткен аптада өңірімізге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев іс-сапармен келді.

DSC 0870

«Нұр Отан» партиясы бүгінде өз қызметін жаңғырту барысында бірқатар тың бастамаларды іске асыруды қолға алған. Олардың қатарында цифрландыру ісіне үлес қосу, халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру, жастардың сапалы білім алып, дені сау ұрпақ болып қалыптасуына жағдай жасау сынды жобалар. Және еліміздегі кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталықтары ретінде қайта құру жұмыстарына да басымдық беруде. Қазіргі ақпараттық технология заманында «Бәсеке. Сапа. Жеделдік» құндылықтары басты трендке айналып отырғаны белгілі. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясы барлық отандық кітапханаларды жаңа заманға лайық, жастардың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ететін білім орталығы ретінде қайта жаңғыртпақ.
Бұл орайда Шымкент қаласындағы «Отырар» әмбебап ғылыми кітапханасында коворкинг-орталығы жұмысын бастады. Одан бөлек, орталықта конференц-зал қарастырылған, онда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізуге жағдай жасалған. Сондай-ақ демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені, ағылшын тілін үйрететін курс және еркін пікірталас аймағы бар. Бүгінде кітпаханаға күн сайын 100-ге жуық жасөспірім келіп, өзін-өзі дамытуда.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған нысаның жұмысымен танысып, жастар бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануы керектігін тілге тиек етті.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай коворкинг-орталық ретінде қайта құру жобасын қолға алды. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыруымыз керек. Бүгінгі жастар әрдайым өз-өздерінің білім-біліктілігін көтеруі үшін осындай орталықтар көптеп қажет. Мұнда тәжірибе алмасады, өз қабілеттерін дамытады. Және өздерінің тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін өте маңызды кітаптарды оқуы тиіс,– деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-сапар барысында М.Әшімбаев Шымкентте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске қосылған №37 «Айгерім» балабақшасының тыныс-тіршілігіне де қанықты.

Филиал төрағасы сайланды

Мәулен Сағатханұлы «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен XXXIV конференцияға қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мәулен Сағатханұлы сөз алып, филиал төрағалығына қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың кандидатурасын ұсынды. Бұл ұсынысты конференция делегаттары бір ауыздан қолдады. Осылайша Ғабидолла Әбдіраxымов "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.
Бұдан кейін Мәулен Әшімбаев Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау туралы баяндама жасады.
– Шымкент қаласы – ұлтымыздың ұйытқысы, Орта Азиядағы ірі қалалардың біріне айналар мүмкіндігі бар. Осы орайда Елбасының саясатын жүргізуде «Нұр Отан» партиясының аймақтардағы филиалдарына зор жауапкершілік жүктеледі. Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы және басқа да тапсырмаларын жүзеге асыруға баршамыз жұмылуымыз керек. Партия филиалының төрағасы Ғабидолла Рахматоллаұлы нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз. Партияны жаңа белеске шығаруда бірлесе жұмыс істейміз, жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Ал Өмірзақ Пердебекұлы 12 жыл бойы партия филиалының төрағасы қызметін атқарды. Сіздің қызметіңізге алғысымды білдіремін, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Сондай-ақ, Конференцияда «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының тексеру-бақылау комиссиясының жаңа құрамын бекіту, Мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасының Шымкент қаласында іске асырылуы бойынша жол карталарының жасақталуын үйлестіру және қаулының орындалуына бақылау жүргізуді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының Саяси кеңесіне жүктеу туралы қаулы қабылданды. Сондай-ақ, конференция делегаттары «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамын сайлады.

23 мыңнан астам оқушы ақпараттық технология бойынша білім алады

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев шаһарда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдымен партияның бастамасымен ашылған IT-орталықтарда болды. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінен ашылған 80 балаға арналған «IT-сыныптарды аралап, бағдарламалау тілін үйреніп жүрген балғындармен тілдесті. Партия өкілдері бұдан кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде орналасқан орталыққа да ат басын бұрды. Партиялық жоба бойынша бұл орталықта өңірдегі информатика пәнінің мұғалімдері бағдарламалау, робот техникалары және 3D модельдеу негіздерін үйренуде. Жылына 40 маман оқытып, біліктілігін арттыру көзделген. IT-орталықтарының үш мақсатына тоқталған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев шырайлы қаладағы жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
– IT саласының мамандары – ХХІ ғасырдағы қоғамға нағыз керек кадрлар. Алдағы жылдары бұл мамандарға сұраныс арта түспек. Шымкенттегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында партияның бастамасымен осы жоғары оқу орталықтарында ашылған ақпараттық технологиялар орталығында болдық. Мұндағы жұмыстар дұрыс ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Балалардың да ынтасы жоғары, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған, балаларды ақпараттық технологияларға баулитын «IT-сыныпта 2020 жылға дейін 23 500-ге жуық бала жаңа технологияның қыр-сырын меңгерсе, IT-орталықтарда 120 информатика пәнінің мұғалімі білімін жетілдірмек. Орталық жұмыстарына жоғары баға берген Мәулен Әшімбаев ақпараттық саланың мамандарына сәттілік тіледі.

Тағабай ҚАСЫМ,
Азамат ЖАППАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.