Облыс әкімдігі Түркістанға көшті Избранное

Среда, 22 Август 2018 03:35 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3192 раз

Шымкенттен жаңа облыс орталығы – Түркістан шаһарына қоныс аударған облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерін шымкенттіктер салтанатты түрде шығарып салды. 11 автобусқа жайғасқан көш құрамында құзырлы орган басшылары, 28 аумақтық департаменттің және 24 облыстық басқарманың басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері, жалпы саны 1 мыңға жуық адам болды.

ШЫМКЕНТТЕН ТУРКИСТАНГА

Тарихи сәтте жолбасшы болған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, маңызды шешімдер қабылданған Түркістанға атбасын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтар, жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін айтты.
– Әр мемлекеттің, әр облыстың, әр қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы деп Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи шешімге 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде «Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз» деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз. Түркістан – бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан оны дамытуға, өркендетуге күш салуымыз қажет. Шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды, – деді әкім.
Шымкенттегі салтанатты шарада белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтер құттықтау сөз сөйлеп, әкімдік қызметкерлеріне қызметте жетістіктер мен табыс тіледі. Шығарып салуға келген тұрғындарға қымыз бен бауырсақ таратылып, тарихи көштің көркін ашты.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.