«Astana Media Week»:тәжірибе алмасудың тұрақты алаңы Избранное

Среда, 03 Октябрь 2018 04:14 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 321 раз

Өткен аптада еліміздің түкпір-түкпірінен қаламын қару еткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ат басын Арқаға бұрып, бас қаламыз Астанаға арнайы келді. Ондағы мақсат – журналист қауымы үшін жылдың басты оқиғасы саналатын үш күндік айтулы «Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталығына қатысу. Қазақстан мен шетелдегі медиаиндустрияның 60-қа жуық топ-менеджері, 50-ден астам продакшн-компанияның өкілдері, жалпы 2 мыңнан астам қонақты қарсы алған биылғы жиын «DIGITAL MEDIA» тақырыбында өтті. Медиа -апталыққа «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің Директор-Бас редакторы Айгүл Қапбарова бастаған делегация да қатысып қайтты. Делегация құрамында Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы БАҚ саласының өкілдері болды.

989

Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты

Медиа-апталықтың ресми ашылу рәсімінде сөз сөйлеген еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін беретіндігіне сенімді екендігін баса айтты.
– Елбасымыз отандық медиа саласының дамуына әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және «Рухани жаңғыру» жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру. Бұл шараның негізгі мақсаты – отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты. Astana Media Weekке қатысуға ниет білдіретін мемлекеттер саны да артып келеді. Бұл – тілшілердің шығармашылығын шыңдауға үлкен мүмкіндік, – деді Д. Абаев.
Медиа-апталықтың бірінші күні Media Talks пікірталас алаңы жұмыс істеп, оған әртүрлі қызмет салаларының жетекші мамандары қатысты. Ток-шоу форматында өткен шара барысында «Болашақтағы кәсіптер» тақырыбы, интернет қауіпсіздігі жан-жақты талқыға түсті.
Интернет демекші, сөз реті келгенде ата кетейік, қазір елімізде халықтың 80 пайызға жуығы интернет қолданады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Қазақстанда 117 қала бар, оларда 10,5 миллионға жуық адам тұрады. Бұдан басқа аудан орталықтарын қосқанда, 150-ге жуық елдімекенде 3,5 миллион адам тұрып жатыр. Барлығын қосқанда, 14 миллионға жуық адам бар. Тұрғындары 10 мыңнан асатын ауылдарда 4G, жылдам интернет байланысы бар. Қазіргі жағдай жаман емес. Ал 2,5 мыңға жуық елдімекенді министрлік екіге бөліп қарастырып жатыр. Біріншісі – келешегі бар саналатын ауылдар. Тасжол мен теміржол бойындағы елдімекендерге интернетті жеткізу жеңілірек болады. «Мұндай ауылдарға оптиканы жеткізуді биылдан бастап үш жылдың ішінде бітіреміз. Ал қалған екі жарым мыңға жуық ауылды жердегі халықтың саны бір-ақ миллион. Жекеменшік компаниялар ондай шағын ауылдарға интернет жеткізуден бас тартып отыр. Сол себепті мемлекет тарапынан көмектеспекпіз. Біз қазір 2-3 жылдың ішінде интернетті қалай жеткізетінімізді зерттеп жатырмыз. Спутник арқылы байланыс мемлекетке өте қымбатқа түседі. Сондықтан, ауылдардағы бұрынғы телефон байланысын жаңартып, жаңа технологияларды енгізіп, үш-төрт жылда осы мәселені бір жағына шығарамыз деп отырмыз», – деді министр тілшілерге берген сұхбатында.

«Өңірлік БАҚ форумы»:Дәстүрлі БАҚ – мемлекеттік тілдің қорғаушысы

«Қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған ол – дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары». Мұндай пікірді Astana Media Weeк аясында өткен «Өңірлік БАҚ» форумында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп айтты.
– Қазақ сөзінің қайнарын сақтап отырған дәстүрлі БАҚ, қазақ тілін сақтап отырған осы газеттер мен журналдар. Интернет басылымдарға, жаңа медиаға менің ешқандай дауым жоқ. Бірақ ол жерде тілдің шұбарлануы, тілдік қорымыздың бұзылуы өте көп және оны күнделікті көріп жүрміз. Ал дәстүрлі БАҚ мемлекеттік тілдің қорғаушысы, бірден-бір сақтаушысы, бірден-бір шырақшысы деп айтуға болады. Дәстүрлі БАҚ-сыз мемлекеттік тілдің сақталуын, одан ары кемелденуін, дамуын көре алмаймыз, көз алдымызға елестете алмаймыз. Қазақстанда жалпы 10 мың сайт тіркелген екен. Соның 10 пайызы ғана қазақша. Қазір қоғамға индустриалдық бағытта қаузап жазатын, талдап-сараптама ұсынатын басылымдар, сайттар қажет. Кеңес кезінде "Білім және Еңбек" деген керемет журнал шығып тұрды. Кейінірек аты "Зерде" болып өзгерді. Осы журнал қаншама жастың жігерін жанып, талабын ұштады. Қазір керек еді осы журнал. Кәсіпкер жігіттер осыны қолға алып, демеуші болып жатса, қазақтың сауабына қалар еді, – деді белгілі қаламгер.
Шараның тағы бір спикері TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцеваның дерегінше, Қазақстанда қала тұрғындарының 76 пайызы теледидарды кемінде күніне бір рет қарайды екен. Сонымен қатар халықтың 51 пайызы Интернетте отырып, 36 пайызы радио тыңдайды, тағы 10 пайызы баспасөзді оқитыны анықталған.
– Соңғы 3 жылда, әсіресе интернеттегі көрсеткіштер айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын көріп отырмыз. Интернетке күнделікті кіретіндер саны айтарлықтай артты, соңғы үш жылда 14 пайызға ұлғайған. Теледидарды көретін күнделікті аудитория 5 пайызға, баспасөз оқитындар саны 5 пайызға қысқаруда. Ал радио аудиториясы шағын болғанымен, өте тұрақты, – деді ол.

Сарапшы: Журналистика біртіндеп роботтандырылады

24

Astana Media Weeк алаңында «Татаринформ» ақпарат агенттігінің бас директоры Шәміл Садықов болашақта жаңалық журналистикасы қандай болатыны жөнінде ой өрбітті.
– Ең басты трендтердің бірі – әлеуметтік желілердің дамуы. Болашақта БАҚ платформалы болады. Бүгінгі формат әлеуметтік желі трафигін жасау ретінде түсіндіріледі және ол келмеске кетеді. БАҚ әлеуметтік желілерде платформа құрады. Тағы бір жағдай, Ресейге жаңалық агрегаттарының ықпалы өте зор. Меніңше, Қазақстанда да дәл сондай жағдай бар, – деді медиа апталықтың қонағы.
Оның айтуынша, болашақта жаңалықтардағы негізгі тренд – ауқымды роботтандыру болмақ. «Жалпы, болашақ жасанды интеллектіде, жаңалыққа арналған платформаланған сервистерде және оған дайын болу керек. Жаңалық журналистикасы біртіндеп роботтандырылып, ал авторлық журналистика барынша қызықты бола түседі. Меніңше, бұл тренд Ресей мен Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән», – деді Ш.Садықов.

Қазір адамдар планшетке, смартфонға тәуелді

«Select Communication Group» СЕО маманы Виктор Елисеев «МАСС-медиада жалғыз әрекет ету. Цифрлық БАҚ кезеңіндегі конвергентті журналистика» тақырыбында пікір бөлісті.
– Адам интернетке кіргенде күніне 47 мыңнан астам хабарлама көреді. Яғни, осыншама материалмен сіздің желіге не сайтқа салған ақпаратыңыз бәсекеге түседі. Ал сіз суырылып шығуыңыз керек. Шыны керек, ол ақпараттардың ішінде оқырманға керек емесі өте көп. Сондықтан бүгін журналистикада тек журналистер бәсекелес емес, әр желіде отырған әрбір адам бәсекелес бола алады. Бұрын ақпаратты кім, қалай, қай жерде, не арқылы таратып жатыр десе, қазір адамдар планшетке, смартфонға тәуелді. Сол жерде қандай ақпарат шықса, соған үңіліп кетеді. Сондықтан бүгінгі цифрландыру адамның сұранысын мүлдем басқаша деңгейге шығарды. Медиада цифрландыру арқылы ғана сол сұранысқа жауап бере алады, – деп бөлісті спикер.
В.Елисеев ақпаратты неғұрлым тез әрі түзетулерсіз беру арқылы оқырманның «көзіне бірінші түсуге» болатынын айтты.
– Шынында, цифрлық әлем өте жылдам қарқынмен дамып жатыр. Бұрын біз телеарнадағы бағдарламалардың уақытын жаттап, сол уақытты күтетінбіз. Бірақ қазір біз уақытқа бағынбаймыз. Кез келген уақытта біз қалаған дүниемізді қарай аламыз. Себебі интернет торына түскен мәліметті өзімізге ыңғайлы уақытты тамашалауға мүмкіндігіміз бар. Дегенмен, бұл белгілі бір бағдарламалар мен телеарналарға арналған. Олардың бағдарламаларының таспасын кез келген уақытта сайттан қарауға болады. Ал күнделікті жаңалықтар лентасы, қызу талқыланатын материалдар, желі «арқау» еткен тақырыптарды БАҚ жылдам беру керек. Себебі адам ақпаратты іздегенде кімдікі жедел, қатесіз, көп түзетулерсіз шықса, интернет соны алдыға шығарып береді. Оның үстіне ақпаратты шынайы әрі тез берген сайтқа оқырман екінші рет сенімді түрде кіреді. Ал әрі қарай тағы да осы сайт материалдарын оқыту үшін осыған ұқсас материалдардың сілтемесі дайын тұру керек. Міне, осыдан кейін оқырманның сенімі одан сайын арта түседі. Ол үшін бізге БАҚ-ты цифрландыруымыз керек, – деді маман.

Медиа сауаттылық: оны қалай дамытамыз?

Еліміздегі медиа сауаттылықты дамыту үшін не істеу керек? Жас мамандарға беріліп жатқан білім заман талабына сай ма? Өңірлік басылымдардың басымдықтары мен мүмкіндіктері қандай? Медиа-апталықта осы және өзге де мәселелер талқыланды.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күні университеттерде берілетін теориялық білім мен тәжірибенің арасында байланыс аз. Яғни оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған студенттердің кәсіби біліктілігі төмен. Дегенмен оларды оқытатын университтетер саны тым көп. Сондықтан оларды санын азайтып, сапасын көтеру мәселесі де айтылды. Сонымен қатар журналистердің арасында тілдік кедергілердің бар екені де сөз болды.
Белгілі журналист Саят Жөкенұлының айтуынша, қазіргі журналистикада проблемалық мәселелер көп. Әсіресе кадр мәселесі, теория мен практиканы байланыстыру саласында кеңесіп шешетін іс аз емес.
– Қазір ақпарат ғасыры. Сондықтан ақпараттың бәрі ағылшын тілінде, шет тілдерде. Менің ойымша, қазіргі заман журналистеріне шет тілдерін өте жақсы білуі керек. Қазақтілді журналистерге ең бірінші кезекте оны ағылшын тілінен, тіпті орыс тілінің өзінен жалғастыру керек. Немесе тағы шет тілдерін, БҰҰ-ның алты тілі бар, соның біреуін меңгеріп алса тамаша болар еді, – дейді ол.
Ал «Хабар» агенттігінің бағдарламалар өндірісі бөлімінің бас редакторы Галина Әлкешова журналистер дайындайтын ЖОО санын азайтып, сапасын көтеру мәселесін қозғады.
– Менің ойымша, журналистикаға әр саланың кәсіби мамандарын даярлау тиімді. Яғни экономика жаңалықтарын экономист, саясатты саясаткер, тарихты тарихшы жазғаны дұрыс. Себебі журналисті бұл салаларға бейімдегеннен көрі дайын маманға тілшіліктің қыр-сырын үйреткен тиімді. Бүгінде елімізде журналист мамандығы 25 жоғары оқу орнында бар екен. Бұл тым көп. Өйткені біздің нарығымыз әлі кішкентай. Сондықтан университеттердің санын қысқарту керек, – дейді Г. Әлкешова.

Сәбит ТАСТАНБЕК,
Ақмарал ӘШІРОВА
Астана

Р.S. 

Медиа-апталықтың жабылу салтанатында Қазақстандағы үздік баспасөз қызметі жарияланды. Қазылар алқасының шешімімен «Орталық мемлекеттік органның үздік баспасөз қызметі» аталымында Қорғаныс министрлігі, «Бизнес және квазимемлекеттің сектордың үздік баспасөз қызметі» аталымында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Жергілікті атқарушы органның үздік баспасөз қызметі» аталымында Алматы қаласының әкімдігі, «Қоғамдық ұйымдардың үздік баспасөз қызметі» аталымында ҚР Тұңғыш Президенті қоры, «Жылдың үздік баспасөз хатшысы» аталымында Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек, «Баспасөз қызметі - жыл серпіні» аталымында ҚР Бас прокуратурасы, «Үздік корпоративтік сайт» аталымында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жеңіске жетті. Жеңімпаздарға алғыс хат пен кубок табыс етілді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.