Елбасы Жолдауы: Нақты іс-шаралар атқарылады Избранное

Среда, 10 Октябрь 2018 04:19 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3951 раз

Шымкент қаласы әкімдігінде ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша мәжіліс өтті. Оған қала активі, мәслихат депутаттары, құрылымдық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер қатысты. Жиында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Жолдаудағы негізгі 6 басымдықты атап берді.

DSC 6484

– Елбасы Жолдауының басты міндеті – Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, экономиканың жаңа моделін құру. Халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс сапасын жақсартуда не істеу қажеттігін айқындап берді. Нақты тапсырмаларды жүктеді. Біздің мақсат Жолдауды қайталау емес, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, нақты шешім қабылдау. Қалада нақты іс-шаралар қабылдау үшін Жолдауды іске асыру бойынша жол картасы дайындалады. Соны әзірлеуді аппаратқа тапсырамын. Әр бағытта жасалатын жұмыстарға қала әкімінің орынбасарлары бекітіледі, – деді қала әкімі.
Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі мәжілістің форматы өзгеше ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Басқарма басшылары Жолдаудағы негізгі міндеттерден туындайтын тапсырмалар бойынша атқарылатын жұмыстар туралы баяндама жасады. Білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және ветеринария, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, энергетика және коммуналды шаруашылық, тұрғын үй қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, отбасы, балалар және жастар жастар істері жөніндегі басқармасы басшылары баяндама жасап, негізгі жұмыстар жөніндегі жоспарлымен бөлісті.
Елбасы Жолдауда «Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек» деген еді.
Ең алдымен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев баяндама жасады. Оның айтуынша, жалпы бюджеттік мекемелерде, оларға қарасты кәсіпорындарда 55 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі таңда экономикалық белсенді халық саны – 413 мың. Жұмыспен қамтылғаны 391 – мың азамат. Оның ішінде өздігінше жұмыспен қамтылғандары – 112 мың адам. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасында тиісті іс-шаралар жүзеге асуда.
Қала әкімі 2019-2021 жылдары халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша бөлінетін 96 млрд теңге қаражатпен Шымкент қаласы бойынша қанша адам қамтамасыз етілетіні, қанша бюджет қарастырылатыны бойынша есеп жүргізуді міндеттеді. 
Жолдауда кәсіпкерліктің дамуына баса назар аударылды. Қалада «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалаудан қорғау, экспортқа бағытталған индустриаландыру мәселелері бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бизнесті заңсыз әкімшілік қудалаудан қорғау – әрбір мемлекеттік органның басты басымдығы. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Әбдірахмановтың айтуынша, әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында алдағы уақытта элеткронды құжат айналымы жұмыстары кеңінен жүргізілмек. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің көлеңкелі экономикадан және қылмыстық қудалаудан қорғайды. Қалада 20 инновациялық жобаны іске асыру мақсатында жергілікті бюджеттен 2019 жылы 60 млн теңге бөлу жоспарда. 2019 жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында шамамен 5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. 
Қала әкімі бұл ретте орта бизнеске жататын кәсіпорындар әлі көлеңкеде жұмыс істеп жатқанын, салық органдары мұнымен айналысуы тиістігін ескертті.

Агроиндустриялық аймақ құрылады

Сондай-ақ, Жолдауды талқылау жиында энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармалары басшыларының іс-шара жоспарлары тыңдалды.
Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов өз баяндамасында коммуналды қызмет пен табиғи монополияларды реттеу және қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамытудағы мәселелерден хабардар етті. 2018-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, құрылыс жұмыстарына 24 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Нәтижесінде ауызсумен қамтуды 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Қаладағы жылу жүйелерін жаңғырту және тозу деңгейін төмендету мақсатында жалпы 45 млрд теңге қаржы қажет. Халықтың коммуналды қызмет көрсету саласына сенімін арттыру, ашық болуын қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынбақ.
Агроөнеркәсіп саласын дамытудағы талдау жұмыстарына сәйкес, қаланың ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттары айқындалды. Еңбек өнімділігі және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту 2020 жылға қарай 2,5 есеге артыру жоспарда. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттардың базасында агропарк құру жұмыстары қолға алынған. Өңдеу өнеркәсібін талдау жұмыстары бойынша әуежай маңынан 136 гектар алаңда Шымкент агроиндустриалды аумақ құрылатын болады. Сол жерде өнім қайта өңделіп, экспортқа жіберілмек.
Шаһар басшысы бұл салаларға да жеке-жеке тоқталып, өз ұсыныстарын айтты.
– Қалада әрбір аулада, үйлер абаттанып, көз тартар кейіпке енуі тиіс. 2018, 2019, 2020 жылдары қалада өте көп күрделі жұмыс жүргізіледі. Әрбір көшенің, ауланың, аяқжолдардың келбеті өзгереді. Балалар алаңшалары қосылады. Коммуналды шаруашылық дегеніміз – өз үйіміздің, ауларымыздың абаттануы, көрікті болуы.
Ал жаңадан құрылатын агроиндустриалды аймақта қалада және Түркістан облысында өндірілетін бүкіл өнімдерін қайта өңдеп, экспортқа шығару мәселесін іске асыру қажет. Барлық инфрақұрылым бар. Енді тезірек іске кіріскен жөн, – деді шаһар басшысы.

Әлеуметтік саланың әлеуеті артпақ

Қалада әлеуметтік саланың дамуы да басты назарда. Білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханның айтуынша, бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қалада жалпы білім беру бағдарламаларына қатысты арнайы жол картасы дайындалуда.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибелерін пайдалану үшін өзіміздің ұстаздарымыздың осы мектептерде білім жүйесі, жаңа оқу жүйесі бойынша біліктіліктерін арттыру көзделген. Бүгінгі таңда қаладағы 15 938 ұстаздың 8 мыңнан астамы осы жаңа бағдарлама бойынша біліктіліктерін жетілдірген. Мамандықтарға бейімдеу үшін кәсіби диагностика жүргізу қажет. Алдағы уақытта диагоностикалық тест жүргізу жұмыстары қолға алынады.
Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов қалада отбасылық-тәрбиелік орталықтар ашу, цифрландыруды кеңінен енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын атап өтті. 2019 жылдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар цифрлық жұмыс істеуге көшеді.
Қала әкімі бұл салалар бойынша да бірқатар ойларын айтты.
– Педагог мәртебесі туралы заңға ұсыныстар беру бойынша ұсыныстар әзірленбек. Үш ауысымдық мектеп мәселесі шешіледі. Демографиялық өсімі жоғары аумақтардан мектептер салынады. Қазіргі уақытта 10 мектептің құрылысына қаржы бөлуге келістік. Ал медицина саласы халықтың сұранысына әлі де толыққанды сай емес. Қаладағы ауруханалар облыстан келетін азаматтарға да қызмет етеді. Әлі де жұмысты ширату керек. Ең бастысы, мамандардың біліктілігін арттыру керек. Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларды көптеп ашу керек, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауға бағытталған 2020 жылдарға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілген. Келесі жылы жас отбасыларға семинарлар, психологиялық көмектер көрсетіледі. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы іске асырылады. Инновациялық жобаларға грант бөлу, кітапханаларды жаңа заманауи білім орталықтарына айналдыру бойынша коворкинг орталықтар ашу жұмыстары жанданбақ. Ғабидолла
Рахматоллаұлы жастар саясатында, ең алдымен, жұмыссыздықты жою және баспанамен қамту ең өзекті екеніне назар аударды.
Жалпы, Шымкентте Жолдауды іске асыру бойынша негізгі атқарылатын жұмыстар жоспары түзіліп, нақты іс-шаралар қолға алынбақ. Қалалық және аудандық насихаттық топтар құрылып, өткізілетін іс-шаралардың кестесі бекітіледі.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.