Бердіқұл ИБРАГИМОВ, қаржыгер: «Төл теңге рәміздердің қатарында тұруы тиіс» Избранное

Среда, 14 Ноябрь 2018 05:11 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 271 раз

Тарихтан сыр тартсаңыз, ұлттық валютаны айналымға енгізу оңай болмағанын байқар едіңіз. Расында солай. Қаржыгерлер бұл мақсатта күні-түні еңбек етті. Ондағы қиындықтар, көптеген мәселелердің шешімі, бәрі естен кетпес тарих. Осы қайнаған жұмыстың ортасында жүргендердің бірі – Бердіқұл Ибрагимов. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Ұлттық банктің облыстық филиалында табан аудармай еңбек еткен қаржыгер бізге біраз хикаяларды әңгімелеп берді.

80

 

21 жыл қызмет атқардым

– Еңбек жолымды Ұлттық банктің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында жетекші маман ретінде бастадым. Бұл 1992 жылы болатын. Біздің бөлім ол кезде кассалық операциялар жасау және инкассация бөлімі деп аталады. Бір жылдан кейін бөлімді басқардым. Кассаның жұмысы өте ауыр. Облыстық филиалдың өзінде 80-ге жуық касса жұмыс істейтін. Сол кезде ақшаларды санап, банктерге тараттық. Солардың бәріне ақшаны жеткізіп беру, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақыладық. Біраз жыл инспектор болып жұмыс істедім. Одан кейін қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін бөлім ашылды. Ол жерде 10 жылдай бас маман, бас экономист болдым. Сол жақтан зейнетке шықтық. Тұп-тура 21 жыл жұмыс істеппін. Зейнетке шыққаннан кейін де басшылар тағы бір жыл жұмыс істеуімді өтінді, – дейді қаржыгер.
1993 жылы 15 қарашасы – Қазақстанның ұлттық валютасы енгізілген тарихи күн. Бердіқұл аға сол тарихи сәтке куә болып, жауапты міндеттерді атқарған.
– Төл теңгеміздің дайындалғанын біз өзіміз де Жарлық шыққаннан кейін білдік. 15 қараша күні, таңғы сағат 8.00-де ақша айналымға шығады деді. Одан бұрын барлық облыстық филиалдарға сол ақша жеткізілген. Бірақ бұл жұмыстар құпия түрде атқарылды. Барлық өңірге ұшақпен таратылды. Сол күні Елбасының өзі теледидардан сөйледі, жаңа теңгені таныстырды. Сол кезде банк басшылары, қала, аудан әкімдері фанера жәшікке салынған ақшаны қолдан қолға өткізді. Ақшаны ұшақтан солай түсіргенбіз. Ол жәшіктерді ашудың өзі қиын. Қатты орамамен қапталған. Өте әдемі істелген. Жәшіктердің нөмірі, сериясы бар. Соны әр ауданға бөліп, тараттық. Ең алғашқы банкноттар 1 теңгеден бастап 200 теңгеге дейінгі қағаз ақша еді. 500 теңге кейін шықты. Ақшаны айырбастау орындарына таратып бердік. Аудандарға жібердік. Жұмыс солай басталған, – дейді Бердіқұл аға қызықты сәттерді баяндап.

Ескі ақшаны жинау да ауыр жұмыс болды

Одан бөлек, ескі ақшаларды айналымнан шығару да күрделі жұмыс-тын. Алдымен әр ауданға тапсырма берілген. Ескі ақшалардың барлығы тексеріліп, жиналды. Қолдан жасалмағанына көз жеткізу керек. Соның бәрі реттеп, дайындалған.
Халық та ескі ақшаларды тапсырды. Ол аудандарда жиналып қалады. Үш күнде банкке әкеліп, қайтадан сұрыптап, санап алу керек. Соның өзі ауыр жұмыс. Ұлттық банктің кассирлерінен бастап, басшыларына дейін екі апта ұйықтамаған күндер болыпты.
Бұл кездегі ең қиын мәселе – көлік табу болатын. Қазіргідей жүк көліктері жоқ. Бұл жұмыстарды атқарған – «ВАЗ» инкассатор көліктері ғана. Бірде қалада мал таситын көліктерді келісім-шартпен жалға алуға тура келген. Сондай-ақ, жиналған ескі ақшаларды тексеруге Мәскеуден арнайы комиссия келетін.
Міне, ескі ақша айналымнан осылай шыққан. Оған да 3-4 жыл уақыт кетіпті. Ал жиналған ақшаны қайта санауға да өте көп уақыт қажет. Ескі ақшалар кейде банктің қоймасына сыймай кетеді. Ондайда қосымша қоймалар керек. Осылайша банк қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеген.

Теңге тарих болып қалуы тиіс

Бүгінде есеп-айырысулар электронды қызметке өтіп жатқаны мәлім. Заман көшіне ілеспеске амал жоқ. Төл теңгенің келешектегі тарихы қалай болмақ? Бұл жағдайлар қаржыгерді алаңдатпай қоймайды. Валюта болмаса, банктер жұмыс істемейтіні мәлім. Банк деген экономиканың күретамыры.
– Әрбір Тәуелсіз елдің мемлекеттік рәміздері бар. Сол үшеуі қайда барсаң да алдыңнан шығады. Бүгінгідей алмағайып кезеңде ұлттық валютаның құндылығын сақтап қалуымыз керек. Меніңше, Қазақстанның теңгесі солардың қатарында болуы керек. Төл валютамызды, экономиканың белгісі болған құндылықты насхихаттай білейік. Алдағы уақытта қолма қол ақша жойылуы мүмкін. Қазір электронды төлемдер жүріп жатыр. Біз де 15-20 жылда соған келеміз. Бірақ теңге тарих болып қалуы керек, – дейді зейнеткер өз ұсынысын айтып.
Қалай болғанда да теңге тарихтан өз орнын алып, ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс.

Последнее изменение Среда, 14 Ноябрь 2018 07:29
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.