Гүлжан МАМЫТҚЫЗЫ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «25 жылда теңге тұрақты валютаның біріне айналды» Избранное

Среда, 14 Ноябрь 2018 05:30 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 412 раз

15 қараша Ұлттық валютаның айналымға енген күні. Теңге тарихына 25 жыл толды. Баршамыз үшін мереке саналатын бұл күннің орны, әсіресе, қаржыгерлер үшін ерекше. Сондай білікті де білгір маманның бірі – экономика саласына 31 жылдық еңбегін арнаған Гүлжан Мамытқызы Құрманбекова.
Гүлжан Мамытқызы Шымкент қаласы әкімдігінің қаржы бөліміне сонау 1991 жылы бас маман болып келген. Қаланың бас қаржыгерін айтулы мерекемен құттықтап, төл теңгеміз бен қала бюджеті жайлы сұхбаттастық.

81

 

 – Гүлжан Мамытқызы, қаржы саласының кәсіби маманы ретінде сізді Ұлттық Валюта күнімен құттықтаймыз! Бір сәт өткенге оралсақ, 1993 жылдың қарашасы қандай естеліктерімен жадыңызда қалды?

(Гүлжан ханым сұрақты мұқият тыңдаған соң алысқа көз тастады да ой жетегінде біраз отырды. Содан кейін жадында сақталған талай естеліктің қайсыбіріне тоқталарын білмей, жымиды).

– Рахмет! Талай жыл өтіп кетіпті ғой?! – деді таңырқап. – Мен осы салаға күні кеше келген сияқты едім, зымырап 25 жылдың өте шыққанын сезбеген де сияқтымын.
Төл теңгеміз айналымға енген күннен бастап Қазақстан тарихында жаңа кезең басталды. Үлкен жаңалық болды. Ұлттық валютамыздың болатынын ол кезде ешкім білмеді ғой. Алғашында бәрі тосырқап, бұл өзгеріс игілікті болса екен деп тіледі. Кейін өз ақшамыз тәуелсіз еліміздің жетістігі екенін білген соң зор мақтанышпен қабылдады. Ел болып қуандық. Дүкеннен азық-түлік, керек-жарағымызды алу үшін аз ғана ақша жұмсайтынбыз. Бәрін тиынға алатынбыз! Сондай бір керемет құндылығымен есте қалыпты. Жалпы, ұлттық валюта күні – қаржыгерлермен қатар әрбір қазақстандық үшін қуаныш алып келген мерейлі мереке деп білемін.

– Сол жылдары теңгенің дизайны өте құпия түрде жасалғаны белгілі. Алғашқы ақшаларда қазақ ғұламаларының бейнесі сомдалды. Дегенмен, уақыт өте келе теңгенің түрі де, көлемі де өзгерді. 1 теңгеден 100 теңгеге дейінгі қағаз ақшалардың орнын тиын алмастырды. Бертін келе 20 000 мың теңгелік жаңа банкнот айналымға шықты. Жалпы, төл теңгеміздің дизайнына қаншалықты көңіл бөлдіңіз? Сізге әсер еткен көріністі атай аласыз ба?

– Төл теңгеміз айналымға енгенде 10 теңгелікте Шоқан Уәлихановтың бейнесі бар-тын. Небәрі 30 жыл өмір сүріп, соңында өшпес із қалдырған Шоқанды таңдаулы тұлғалардың қатарынан көру маған ерік-жігер сыйлады. Өзі сондай жап-жас бола тұра ел тарихында тұлға болып қалыптаса алған қазақ оқымыстысының бұл жетістігі мендей жас маманға 1993 жылы керемет әсер етті.

– Есіңізде ме, сіздің сол кездегі айлығыңыз қанша болды?

– Айлығым – 11 теңге... немесе – 21. Қала әкімдігінің қаржы бөлімінде бас маман едім ғой. Нақты есіме түспей тұр. Бірақ, 10 тиынға нан алатынымызды ұмытқаным жоқ.

– Теңге тарихында мұндай айлықтың болғаны да қызық екен! «25 жылдың өте шыққанын сезбедім» дедіңіз, еңбек жолын әу бастан қаржыгер болып бастадыңыз ба?

– 1987 жылы дипломымды алған соң жақсы қызметтерге ұсыныс алдым. Бірақ, өзімнің туған жерім Отырар ауданын таңдадым. Сонда есеп инспекторы болып бастадым. 90-жылдары тұрмысқа шығып, содан Шымкентке көшіп келдік. 1991 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаржы бөліміне қызметке орналасқанымда тұрмыстық жағдай қиын еді. Жарық, газ жоқ. Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болды. Қаржы саласындағы жұмыстың көптігінен болар, 31 жылым – 31 күндей өте шығыпты. Күні кеше ұлттық валютамыз айналымға енген сияқты еді, оған да 25 жыл толыпты.

– Валюта демекші, теңге тарихына үңілсек, Тәуелсіздік алғаннан кейін КСРО-ға мүше елдердің қатарында рубльдік зонадан Қазақстан соңғы болып шығыпты. Ал, одақтас елдердің тәжірибесімен уақытша ақша бірлігі айналымынан Қазақстан бірден бас тартқан. Президент Н.Назарбаев Ұлттық валютаның атауын алдымен «Алтын» деп ұсынса, кейін «Теңге» деп аталатыны туралы шешім қабылданды. Яғни, орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің «деңге», «таңға», ал бертін келе орыстың «деньги» сөзіне арқау болған ақша атауы. Қазақ халқы жаңа валютаның атауын қалай қабылдады?

– Елбасымыздың валютамызға «теңге» атауын беру туралы шешім қабылдауы – тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі айрықша мәнді оқиғалардың бірі болды. Қазақ халқы «рубль», «сомға» дейін де ақшаны «теңге» деп атаған. Тәуелсіздік сол атауды қайта жаңғыртты. Төл теңгемен бірге қазақ халқының салт-санасы жаңғырды. Ұлттық валютаны енгізу елімізде жеке ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Экономика дамыды. Өзіміздің қаланы айтсақ, бұған дейін 70 мың гектар жері бар Шымкент шаһарының аумағы бүгінде 117 мың гектарға ұлғайды. Көптеген жолдар салынды. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, көпқабатты үйлердің саны артты. Мектеп, балабақша, емхана, мәдени, әлеуметтік нысандар көбейді.

– Үш ғасырлық тарихы бар АҚШ доллары да өз тарихында құнсызданғаны белгілі. Әсіресе, инфляцияны қаржы мамандары мұнай дағдарысымен байланыстырады. Ақшаның құнсыздануы теңге тарихында да болып жатыр. Құпия болмаса айтыңызшы, экономика саласындағы бұл жайсыздық бюджетке қаншалықты салмақ салды?

– 25 жыл айналымда жүрген төл теңгеміз өз тарихында түрлі сынақтар мен қиыншылықтарды өткергенімен, тұрақты валютаның бірі болып қалды. Десек те, қала бюджеті теңгемен есептеліп, теңгемен жоспарланатын болғандықтан, айтарлықтай салмақ салған жоқ. Мемлекет басшысының саясатын негізге ала отырып, қай салада да отандық өнімді тұтынуға басымдық береміз. Мәселен, бір ғана құрылыс саласына маңызды рөл атқаратын цементті алайық, Шымкенттің өзінде өндіріледі. Асфальт өзімізде дайындалады.

– Инфляцияға тоқталыңызшы, теңге құнын тұрақтандыру барысында қаржыгерлер нендей жұмыстарды қолға алды?

– Ақша-несие саясаты арқылы Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияның өсуіне жол бермеу және оны жоспарланған нысаналы дәлізде ұстап тұру үшін ішкі нарықтағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Осыған байланысты қалада бағаны өсірмеу жөнінде 26 ірі сауда нысанының басшыларымен өзара түсіністік туралы меморандум түзілді. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін апта сайын тұрақты түрде төмендетілген бағамен жәрмеңкелер ұйымдастырылуда.
Ал еліміздің қаржыгерлері инфляция деңгейін алдағы 4 жылда 3-4%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Ұлттық валютамен орта және ұзақ мерзімге қорландыру жүйесін жандандыру үшін депозиттік базаны одан әрі нығайту, салымдардың құнын реттеу шаралары қолға алынды. Осы тұрғыда теңгемен ашылған депозит пайызын арттырып, шетел валюталарымен сақталған депозит үстемесін төмендету жұмыстары да оң әсерін тигізді.

– Биыл Мемлекет басшысы Шымкент шаһарын еліміздің үшінші мегаполисі деп жариялады. Осы бір қуанышты хабардың тағы бір тұсы қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Яғни, бұдан былай Шымкент қаласының дербес бюджеті болады. Бұл қала тынысы мен шаһар тұрғындарының өміріне қандай өзгерістер алып келмек?

– Бұрын Шымкент облыс орталығы болып тұрғанда өтініштер облыстық басқармаларда қаралып, содан кейін қай ауданның мәселесі ушығып тұрса, қаражат сол жаққа бөлінетін. Республикалық маңызы бар Шымқаланың өзекті мәселелерін енді министрліктерде көтеруге мүмкіндік алдық. Кезек күтіп тұрған шаһар шаруасына бюджеттен қаржы сұрауға да, халықтың мұң-мұқтажын тікелей министрлерге жеткізуге де жол ашылды. Енді қаламызды мегаполис статусына сәйкес өркендетуге жағдай жасалады. Бірінші мақсат – барлық жобаларды жаһандық деңгейде жетілдіре отырып, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Жолдауын орындау, қала тұрғындарының жағдайын жасап, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру.
Шымкент қаласының 2018 жылғы бюджетінің көлемі жаңа мәртебе берілгенге дейін 137,6 млрд теңге болса, бүгінгі таңда 150,4 млрд теңгеге, яғни 9,3%-ға артты. Қаражаттың басым бөлігі – 42,6%-ы білім саласына бағытталып отыр. Қала бюджетінің 4,6%-ы әлеуметтік көмек және қамсыздандыруға, 3,8%-ы мәдениет, спорт салаларына бағытталады. Ал 32,8%-ы тұрғын үй коммуналды-шаруашылық саласына жұмсалса, 12,9 млрд теңге (8,8%) көлік инфрақұрылымы саласына жоспарланған.

– Сіз үшін Шымкент бюджеті тарихының екінші кезеңі басталыпты. Әуелі төл теңгенің айналымға енуі болса, енді республикалық маңызы бар ірі мегаполистің қаржылық әлеуетін қадағалайсыз. Мегаполис мәртебесін алғалы Шымкентте ауыз толтырып айтатын қандай ірі жобаларды атап айтар едіңіз?

– Жақында ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қаламызда болды. Шаһарды одан әрі дамытудың ірі жобаларымен танысып, толығымен қолдады. Сол жобалардың қатарында теміржол вокзалын қайта құру, Шымкент әуежайына жаңа терминал салу, Д.Қонаев даңғылының жалғасы және А-2 автожолын қайта құру бар. Төртінші ірі жоба – АГРС-3 құрылысы. Қаланың солтүстік бөлігінде газ тапшылығы байқалып, қосымша АГРС салу қажеттігі туындаған болатын. Осыған байланысты шағынаудандар мен өндірістік мекемелерді табиғи газбен толық қамту, қала аумағына енген жаңа тұрғын алаптарды игеру мақсатында қолдау тапқан АГРС-3 құрылысын 2019 жылы бастау жоспарланып отыр.

– Аталған ірі жобалардың басым бөлігі инвесторлардың есебінен жүргізілетіні бізге мәлім. Шымкент қаласының инвестициялық басымдықтарын атап өтсеңіз.

– Біріншіден, Шымкент – 1 миллионнан астам халқы бар еліміздегі үшінші мегаполис. Қалада көлік-логистикалық орталық бар. Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай автодәлізінің бойында орналасқан. «Индустриялық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары жүйелі түрде жұмыс істейді. Сондай-ақ, Шымкентте қаржылық институттар айтарлықтай дамыған. Соның бірі – жаңадан құрылған «Шымкент» ӘКК АҚ басқармасы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Среда, 14 Ноябрь 2018 05:33
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.