Жеті үміткер, бір сайлау Избранное

Среда, 15 Май 2019 04:49 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 894 раз

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенті сайлауына жеті кандидатты тіркеді

8989866

Алғашқы кандидат – «Nur Otan» партиясының атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев 3 мамыр күні Президент сайлауына кандидат ретінде тіркелді.

Екінші болып «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы атынан Түгел Сәдібекті ҚР Орталық сайлау комиссиясы 3 мамыр күні тіркеді.

Амангелді Таспихов «ҚР кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан сайлауға түскелі отыр. Кандидат ретінде 4 мамыр күні тіркелді.

Биылғы үміткерлер арасындағы жалғыз әйел – Дания Еспаеваны «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынды. Орталық сайлау комиссиясында тіркелу күні – 4 мамыр.

ҚР Президенті сайлауына түскелі отырған келесі үміткер - Төлеутай Рахымбеков. «Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған кандитат 6 мамыр күні ресми тіркелді.

«Қазақстан коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан биылғы сайлауға Жамбыл Ахметбеков қатысады. 6 мамыр күні ОСК-да тіркелді.

Соңғы, жетінші үміткер – Әміржан Қосанов ҚР Президенті сайлауына «Ұлт тағдыры» ұлттық патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі атынан қатысады. Кандидат ретінде 6 мамыр күні тіркелді.

Айта кетейік, биылғы ерекшелік, кандидаттарды тіркеу шаралары мерзімінен бұрын аяқталды. Оған Орталық сайлау комиссиясының кандидаттардың заң талабына сай келуін анықтау мен жиналған қолдарды ұсыну және тексеру мерзімін жеделдету жөніндегі шешімдері себеп болып отыр.

Ал 11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-де сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталды. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын жариялап, қалалар мен елдімекендердің көшелерінде Президенттікке үміткерлердің ұрандары жазылған плакаттар іліне бастады.

– Заң бойынша үміткерлер өздерінің бағдарламаларын БАҚ арқылы насихаттай алады. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстармен айналысуына, ҚР Президентінің жарлығына сәйкес, бюджеттен 7 331 200 теңге қарастырылған.

Сондай-ақ үміткерді ұсынған республикалық қоғамдық ұйым үгіт-насихат жұмыстарына өз қаржыларын жұмсай алады. Бірақ оның сомасы 12 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 510 000 000 теңгеден аспауы тиіс, - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина.

Айта кетейік, ҚР Президентін мерзімінен бұрын сайлау 2019 жылдың 9 маусымы күні өтеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.