«ЖАУАПТЫ МЕМЛЕКЕТ – ЖАУАПТЫ ҚОҒАМ – ЖАУАПТЫ АДАМ» Избранное

Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:29 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 305 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында Қазақстан халқына арнаған «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында ел дамуының нақты векторларын анықтап берді.

313

 

Жолдауда «Болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орын алуға тиіс. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық» деп айырықша атап өткені көңілді қуантып, болашаққа нық сенім ұялатады.
Биылғы Жолдау өзінің ауқымдығымен, дағдарыстан кейінгі ел дамуының барлық мәселелерін қамтуымен ерекшеленеді. Президент «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» деп нақты атап өтті.
Мемлекет басшысы Жолдауда 11 негізгі басымдықты айқындап берді. Олар: мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, экология және биологиялық әркелкілікті қорғау, азаматтардың мүддесін қорғау, цифрландыру, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы.
Президент аталған әр басымдық бойынша тыңғылықты пысықталып, ойластырылған міндеттер мен тапсырмаларды белгіледі.
Қазіргі заманғы тиімді мемлекет құру басымдығы тұрғысында ел Президенті азаматтардың барлық сындарлы өтінім-сұраныстары бойынша шұғыл әрі тиімді шешім қабылдай алатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыруды жалғастыру міндетін қойып отыр. Сонымен қатар, елімізде көп партиялылықты, саяси бәсекелестікті және пікірлер алуандығын дамыту керегіне баса назар аударды. Әрине, саяси жүйедегі мұндай өзгерістер ел ішіндегі өзекті мәселелерді айқындап, оларды тиімді шешуге ықпал етері сөзсіз.
Мемлекет басшысы ең алдымен мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау қажеттігін атап өтті.
Жолдаудағы аса маңызды мәселе – азаматтарды мемлекеттік басқару процесіне неғұрлым белсенді жұмылдыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды жеделдету. Бұл тұрғыда мәслихаттар ерекше маңызды рөл атқаруда.
Өйткені мәслихат депутаттары сайлаушылардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, кез келген мәселелері бойынша мұң-мұқтажын шешуге ықпал етіп, қолдан келген көмегін көрсетуде.
Жолдауда Президент жергілікті мәслихаттарға ерекше тоқталып, үлкен міндеттер жүктеді.
Атап айтқанда «Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңір қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауапты. Бірақ көп жағдайда олардың пікірі ескерусіз қалады. Бұл – барып тұрған саяси анахронизм» деп атап өтті.
«Осы орайда мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болады» деп өз ойын ұсынған болатын. Әрине, өте құптарлық өзекті мәселе көтеріліп отыр. Өз кезегінде біздерге, жергілікті мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеліп, сенім артылып отыр деп ойлаймын.
Сонымен қатар, мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу мәселесі аталды. «Халық қалаулыларының өзара пікірталасы, олардың қоғамдық-саяси келбеті жұртшылық үшін қол жетпес құпия болмауға тиіс» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мәслихаттар жұмысының ашықтығы және міндетті онлайн-трансляцияларды енгізудің нәтижесінде азаматтық қоғамға жергілікті деңгейде шешімдер қабылдауға нақты қатысуға мүмкіндік беріледі.
Мәслихаттың рөлін нығайтуға біз де өз үлесімізді қосып келеміз.
Шымкент қалалық мәслихатының әр депутаты өз сайлаушыларымен тұрақты түрде кездесіп, көтерілген өзекті мәселелерді оң шешуге ықпал етуде. Жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл кезінде халық мүдделерін білдіріп, жұмыстың тиімділігін арттыруға байланысты ұсыныстар берілуде.
Президент, сонымен қатар, Жолдауда халықты әлеуметтік қорғауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беріп отыр. Білім берудің, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдауды одан әрі дамыту, отандық зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінен Үкіметке бірқатар тапсырма берілді. Әсіресе, жұмыс істейтін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға, білім алуға мақсатты пайдалануы тұрғысындағы тапсырмасы халықтың белсенді топтары үшін көңіл қуантарлық жағдай екені сөзсіз. Әрине, мұның барлығы
Президент пен Үкімет тарапынан қарапайым халықтың қамы үшін жасалып отырған игі шаралар.
Олай болса, баршаңызды ынтымақ-бірлігімізді ту етіп, елімізде осы міндеттерді жүзеге асыру үшін аянбай атсалысуға шақырамын!

Ғани ТАШҚАРАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.