Мемлекеттік басқару ісін үлкен өзгерістер күтіп тұр Избранное

Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:39 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 615 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл» атты Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің актив мәжілісі өтті.

310

 

Жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Жолдаудағы басым бағыттар мен нақты атқарылатын жұмыстарды атап өтті. Мәжіліске басқарма басшылары, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Мұрат Дүйсенбекұлы жаңа жағдайдағы экономикалық даму, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау, білім және денсаулық саласындағы мәселелерді атап, нақты тапсырмалар жүктеді.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет дамуының бағыттарын көрсетіп берді. Мемлекеттік басқару ісін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер саны биыл жыл соңына дейін 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға, яғни алдағы 1 жылда 25 пайызға қысқарады. Қызметкерлердің саны азайса да мемлекеттік органдардың қызмет сапасы төмендемеуі тиіс.

Президент өңдеу өнеркәсібінің өсімін алдағы 5 жылда 1,5 есеге арттыру қажет екенін атап өтті. Шымкент қаласында өндірістік кәсіпорындарды дамытуға кәсіпкерлер тарапынан сұраныс жоғары. Дегенмен, индустриалдық аймақтарда бос жер жоқ. Себебі, қуат көздері мен инфрақұрылымның тапшылығы Шымкенттегі бизнестің дамуына қолбайлау болып отыр. Мәселен, қалаға сағатына 250 мың текше метр табиғи газ қажет. Қазіргі АГРС-тердің қуаты – 180 мың текше метр. Демек, газ тапшылығы 70 мың текше метрді құрайды. Осы мәселені шешу үшін қуаты 250 мың текше метр болатын үшінші АГРЭС-ті салып жатырмыз. Биыл жыл соңына дейін аяқталады, – деді қала әкімі.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту керек

Қала әкімі Президент Жолдауын іске асыру бойынша орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді. Жиында Шымкент қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу орталығына айналдыруға барлық мүмкіндіктер бары айтылды. Түркістан және Жамбыл облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін Шымкентте өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға сұранып тұр.
– Қалада мамандарды дайындайтын оқу орындары жетеді. Транспорттық-логистикалық желі дамыған. Төрт жолдың торабында отырмыз. Сондықтан, агроиндустриялық аймақты қалыптастыру жұмыстарын жеделдету керек, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы осы салаға жауапты орынбасары Айбек Берікұлына өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығын дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты басты басымдыққа ие. Нарық жағдайында әр азаматтың баспаналы болуы тікелей өзіне байланысты. Десе де, мемлекет тұрғын үй құрылысын тікелей қолдап отыр. Шымкентте жалпы аумағы 1 миллион шаршы метрді құрайтын көп қабатты 262 үй салынуда. Оның 126-сы – жекеменшік коммерциялық жоба, барлығы – 6 147 пәтер.
Қазір Шымкент қаласында 40 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Биыл оның ішінде 976 адам баспаналы болмақ.
Қала әкімі орынбасары Бауыржан Мамыталиевке тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Жалпы, Шымкент мегаполис болған соң табиғи өсім мен миграцияны ескерер болсақ, үйге деген сұраныс ешқашан төмендемейді. Мемлекеттік билік халық саны мен баспана құрылысының қарқынын ұштастыруға тиіс. Бауыржан Жаймұрзынұлы кредиттік үйлер көлемін арттыру, үйлердің өзіндік құнын төмендету, арендалық төлемдерді бюджеттен субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырсын, – деді қала әкімі.

Әлеуметтік саланың әлеуеті Артуы тиіс

Шаһар басшысы қоршаған ортаны қорғау, білім және денсаулық сақтау саласы басты назарда болатынын айтты. Осы орайда нақты жұмыстар атқарылуы тиіс.
– Президент қоршаған ортаны сақтауға көп көңіл бөлді. Бұл мәселе Шымкентте де аса маңызды. Шымкент қаласы көше бойындағы биік ағаштарымен және арықтарда сылдырлап ағып жататын суымен ерекшеленетін. Қазір қала аумағы өскен сайын ағаш саны азайып, көлеңке тарылып кеткен секілді әсер қалдырады. Жалпы, қала аумағында 14 784 гектар жер телімінде 6 миллионға жуық ағаш пен көпжылдық бұта бар. Бұл – өте аз. Мақсұт Пернебайұлына аудан әкімдерімен бірлесіп, қаланың жасыл-желек қорына ревизия жасап, жаңа көшелердің бойына су жүргізіп, ағаш егудің бес жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Білім және денсаулық саласын дамыту – маңызды басым бағыттардың бірі. Қала әкімі білім саласында сапаға мән беруге назара аударып, шаһарда медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдай бар екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы баланы мектепке дейін жан-жақты тәрбиелеуге баса назар аударды. Шымкентте 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту көрсеткіші – 86,1 пайыз. Мұны 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу қажет. Көрсеткіш қуамыз деп, сапаның естен шықпағаны жөн. Қазір қаладағы 526 мектепке дейінгі ұйымның 85 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Ондағы тәрбие сапасына да айтылып жатқан сын жоқ емес. Мемлекеттік органдар мен ата-аналар бірлесіп, санды сапаға айналдырар кез келді.
Қалада 19 үш ауысымды мектеп бар. Жылына мектеп оқушылары 12 мың балаға көбейіп отырғанын ескерсек, осы жағдайды ұстап тұру үшін бізге жылына кем дегенде 5-6 мектеп салып отыру қажет.
Бұдан былай денсаулық сақтау саласы басты назарда болады. Биыл саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллирд 660 миллион теңге қаралып отыр. Жалпы, Шымкентте медицина кластерін қалыптастыруға барлық жағдай бар, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімі бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына Президент Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуын үйлестіруді, білім және денсаулық салаларын дамытудың 2025 жылға дейін Бағдарламасын жасауды тапсырды.
Жиында жарыссөзге шыққан қала мәслихатының депутаты Төреайым Сұлтанова Жолдауда айтылған негізгі басымдықтардың бірі – кәсіпкерлікті қолдау мен медицина саласына тоқталды. Шағын және орта бизнесті дамытуда кәсіпкерлерге салық жағынан мол қолдау бар екенін айта келе ендігі кезекте медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге назар аудару қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек тиімді мемлекеттік басқару, атқарушы орган жұмысын ашық, әділ жүргізу бойынша өз ойымен бөлісті.

314


– Жолдау халыққа дер кезінде ұсынылып отыр. Жолдаудың өн бойы адами әлеуетті арттыруға бағытталған. Бізге адами дамуды өркендету үшін өндірісті ілгерілету қажет. Осы ұланғайыр міндеттерді жүзеге асыру басшыларға тікелей байланысты. Қоғамның өсіп-өнуі үшін әділеттілік, тазалық, парасаттылық қағидаларына мән берейік. Еңбекқорлықты насихаттауымыз керек, – деді
Байдулла Қонысбек.
Мұрат Дүйсенбекұлы жиын соңында Президент Жолдауда атап көрсеткен тапсырма-талаптарды орындау атқарушы биліктің басты міндетіне айналатынын жеткізді. Осынау ауқымды жоспарды іске асыру үшін билік пен халықтың үндестігі қажеттігін, қоғамның күші бірлікте жатқанын айтқан қала әкімі көпшілікті нәтижелі іс атқаруға, елдің келешегі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.