Версия для печати

Ұлттық сенім кеңесі: өзекті мәселелер сөз болды Избранное

Пятница, 23 Октябрь 2020 04:32 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 2830 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кеше Ұлттық сенім кеңесінің кезекті төртінші отырысы өңірлердің қосылуымен онлайн форматта өтті. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кеңестің маңызын айтып өтті. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына 1 жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта кеңес толық қалыптасты. Оның қажеттілігіне баршамыз көз жеткіздік. Ұлттық кеңес билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді, институционалды құрылымға айналды. Кеңес мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салуда. Осыған дейін өткізілген үш отырыстың барлығы да пайдалы болғаны сөзсіз», – деді.

815

 

Білімнің мазмұндық жағына назар аудару керек

Оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі білім беру процесінің басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. «Биыл білім беру жүйесі теңдессіз қиындықтарға тап болды. Пандемия мектептеріміздегі орын алған проблемалалар мен цифрлық инфрақұрылымдық дамытудағы, сонымен қатар оқушыларды компьютермен қамтудағы теңгерімсіздікті көрсетіп берді. Бұл мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр. Мемлекет мектептерімізді сапалы білім беру процесімен қамтамаcыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бұл орайда сіздердің назарларыңызды мектептегі білімінің мазмұндық жағына аудартқым келеді. Беделді халықаралық зерттеулердің нәтижесі оқушыларымыздың оқу сауаттылық дағдысының дамуы лайықты деңгейде емес екендігін көрсетті», – деді Мемлекет
басшысы.
Сондықтан да ҚР Президентінің айтуынша, оқудың жоғары мәдениетін сіңіру, оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі білім беру процесінің басым бағыттарының біріне айналуы тиіс.

Еңбек миграциясы бойынша Үкіметке тапсырма берді

Мемлекет басшысы тағы бір өзекті тақырып ретінде қазақстандықтардың еңбек миграциясын атады. Бұл тақырып өте өзекті, оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі жыл сайын отандастарымыз еңбек мигранттары атануда. Біздің азаматтар шетелде тек жоғары біліктілік талап етіліп жүрген саладан бөлек, басқа да бағыттарда қызмет етуде.
«Олардың көбісі қызмет көрсету секторында жұмыс істеуде, сол жерлерде олар өз елінде істеуге келісе бермейтін жұмысқа баруға дайын. Сонымен бірге, осындай жағдайларда еңбек қатынастары ресми реттелмейтіні анық», – деді Президент.
Қ. Тоқаев бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз жұмыс істеп жүргенін айтты. Бұл тұрғыда тіркеуге қатысты қиындықтар туындап, еліміздің азаматтары күн сайын түрлі тұрмыстық мәселелерге тап болуда.
«Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салады, оның ішінде еңбек миграциясындағылар да қамтылады. Үкімет осы мәселелерді зерделеп, тиісті ұсыныстарды енгізуі тиіс», – деді Президент.

Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды

Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды.
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», – деді
Мемлекет басшысы.
Сондықтан да Қазақстан Президенті жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін баса айтты.

Мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайды

«Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе айрықша назарда екендігін баса айтты.

Солтүстікке көшетіндерге – 2 есе жәрдемақы

Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру керек. Көшіп барушыларға мемлекет көрсететін қолдау жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет. Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті жақында жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болғанын атап өтті. «Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған тұрғын үйлер салынуда. Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым дамып, әртүрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Қоныс аударушыларды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін 2 есеге, яғни 35 АЕК-тен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын. Үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырамын»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ҚОРҒАУ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

– 30 жыл ішінде біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында беделді, әлеуеті мол мемлекет құрдық. Жетістіктеріміз аз емес. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Дегенмен алдымызда ауқымды міндеттер мен биік мақсаттар тұр. Оның барлығына жоспарлы түрде қол жеткізе береміз. Мен айтқанымдай, келесі жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Тәуелсіздіктің ұрпағы – Отанымыздың ертеңі, еліміздің одан әрі дамуының қозғаушы күші – солар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – егенмендіктің бізге берген игілігін саралау және құндылығын бағалау мүмкіндігі. Біз барлық табысқа азаттықтың арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – ең асыл, ең қымбат, ең киелі құндылығымыз!», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттер мен ұлттар әлсіреп, егемендігінен де оңай айырылып қалуы мүмкін екенін айтты.

Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керектігін мәлім етті.
«Назарларыңызды аударғым келетін тағы бір мәселе – біздің қоғамдағы экологиялық мәдениет. Жыл бойы адамдардың қоршаған орта мен жан-жануарларға қатысты әртүрлі резонансты оқиғаларының, тіпті варварлық әрекеттерінің куәсі болдық. Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысында басқа да бірқатар мәселелер сөз болды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.