Версия для печати

"Төртеу түгел болса төбедегі келеді" бесеу біріксе ше?

Пятница, 20 Август 2021 06:43 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 8415 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ortalyk-azia-presidentteri

Тамыз айының басында Орталық Азия елдерінің басшылары Түркіменстанда бас қосып, кезекті рет консультативтік кездесу өткізгені белгілі. Бес мемлекеттің президенттері жиылып өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қойнауы қазба байлықтарға толы ұлан-ғайыр территориясы мен 75 миллион халқы бар бұл өңір геосаяси және геоэкономикалық тұрғыда үлкен маңызға ие. Басқаша айтар болсақ, әлемдік державалар мен өңірлік көшбасшылардың әрқайсысының Орталық Азиядағы өз мүддесі, бұл өңірге қатысты өз жоспары бар. Мәселен, Ресей бұл өңірге әлі де толығымен өзінің ықпал ету аймағы ретінде қараса, Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасының өзегі осы Орталық Азия арқылы өтеді. Сәйкесінше, АҚШ пен Еуропа Одағы да өздерінің өңірдегі ықпалын арттыру арқылы әуелгі екеуінің мазасын алуға кет әрі емес. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері келмеуі үшін бауырлас, көршілес бес мемлекет бірлігіне бекем болып, ынтымақтастығын арттырып, ортақ проблемаларын бірлесе отырып шешуге ұмтылуы тиіс.

Сарапшылар Орталық Азиядағы қауіпсіздік дегенде негізгі төрт проблеманы атап көрсетеді. Оның үшеуі сыртқы проблема болса, төртіншісі өңірдің ішкі мәселесі. Атап айтар болсақ, Орталық Азия әлемді мазалап отырған үш бірдей қақтығыс аймағының ортасында орналасқан. Олар Солтүстік Кавказ, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы және Ауғанстан. Бұл аумақтардың бірінде эскалация орын алып, қақтығыстар қайта ушыға бастаса мұның Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстандағы тыныштық пен тұрақтылыққа, экономикалық жағдайға кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Мұны соңғы кездері Ауғанстанда орын алып жатқан жағдай мұны тағы бір рет дәлелдеді. Оның үстіне ол үш аймақта әскери қақтығыс қайта өршімеген жағдайдың өзінде ол жақтан Орталық Азияға діни экстремизм мен сепаратизмнен бастап, қару-жарақ, есірткі, адам саудасы мен заңсыз миграция мәселелері жылыстап келуі мүмкін. Міне, біз айтқан үш бірдей сыртқы проблема осы.

Екінші жағынан Орталық Азия елдерінде трансшекаралық өзендер проблемасы да өзекті күйінде қалып отыр. Мұндағы ірі өзендердің бәрі трансшекаралық өзен екені белгілі. Су ресурстары өз жерінен бастау алатын жалғыз ел – Қырғызстан. Өңірдегі басқа елдердің бәрі іргелес мемлекеттердің жерінен келетін суға тәуелді. Бұл тұрғыда Өзбекстан мен Түркіменстан аса қиын жағдайда қалып отыр. Себебі бұл елдерге су ресурстарының 90 пайызға жуығы сырттан келеді.

Қазақстан да бұл тұрғыдан трансшекаралық өзендердің суына тәуелді мемлекет болып саналады.

Мәселен, Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су мөлшері жылдан жылға азайып келе жатқаны жасырын емес. Ал, енді Қырғызстан тарапының «Қамбар ата-1» бөгетін салуы өзен суының біржола тартылуына себеп болмасына кім кепіл?! Осы жайт бізді толғандырса, Өзбекстанды Тәжікстанның «Рогун» су электр станциясын салуы алаңдатуда. Бұл мәселені шешу үшін талай рет мемлекетаралық, үкіметаралық деңгейлерде келіссөздер жүргізілгенімен барлық тарап ымыраға келетіндей ортақ шешім әлі күнге табылмай отыр.

Орталық Азия елдерінің өзара сауда айналымы 6.5 миллиард АҚШ долларын құрайды екен.
Оның ішінде 4,5 миллиард АҚШ доллары Қазақстанның Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен
арадағы сауда айналымына тиесілі

central-asia-map

Қала берді Орталық Азия елдері өзара экономикалық ынтымақтастық мәселесінде де потенциалын толық пайдалана алмай отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркіменстанда өткен консультативтік кездесу барысында сөйлеген сөзіне сүйенсек, Орталық Азия елдерінің өзара сауда айналымы 6.5 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Оның ішінде 4,5 миллиард АҚШ доллары Қазақстанның Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен арадағы сауда айналымына тиесілі. Яғни, қалған төрт елдің бір-бірімен сауда-саттығы жылына бар-жоғы 2 миллиард долларға тең.

Бұл көрсеткіштің қаншалықты төмен екеніне оқырман қауымның көзін жеткізу үшін мынадай қосымша деректер келтірейік: Біріншіден, өңірдегі бес елдің өзара саудасы осы мемлекеттердің жалпы сыртқы сауда айналымының 9 пайызына ғана тең. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, Орталық Азия елдерінде 75 миллионға жуық адам өмір сүреді. Бұл – әлем халқының 1 пайыздан астамы. Алайда, бес мемлекеттің өзара саудасы әлемдік сауда айналымының 0.04 пайызын ғана құрайды. Демек, өңірдің саудадағы үлесі халық санындағы үлесіне қарағанда 25 есе төмен болып отыр.

Осының бәрін саралай келсек, Орталық Азия елдерінің алдында екі түрлі жол бары көрінеді. Біріншісі – өңірлік интеграциядан бастарту немесе оған немқұрайлы қарай отырып дамыған елдердің шикізат базасы болып қала беру және күні ертең супердержавалар арасындағы геосаяси ойындардың қолжаулығына айналу. Екінші жол – интеграция. Халықаралық экономикалық процестерге тең дәрежеде қатыса алатын мықты аймақтық бірлестік құру. Бұл – экономикалық өрлеу, саяси және әскери қауіпсіздік жолы. Демек, Орталық Азия елдерінің интеграцияланудан, ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуден басқа таңдауы жоқ деген сөз.

Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толғанына қарамастан өңір елдері интеграция жолында әлі де елеулі қадам жасай қойған жоқ. Мұны мемлекет басшыларының кездесуі консультативтік кездесу форматында ғана өткенінен-ақ байқауға болатын сыңайлы. Иә, соңғы 2-3 жылда Мемлекет басшыларының консультативтік кездесулері әуелі Нұр-Сұлтанда, одан кейін Ташкентте өтіп, енді міне, Түркіменстанда ұйымдастырылып отыр. Яғни, жоғары деңгейдегі диалог тұрақты сипатқа ие бола бастады. Өзбекстан ашық сыртқы саясат жүргізуге көшіп, жақын көршілерімен қарым-қатынасын жақсартуға барынша күш салуда. Нәтижесінде, елдер арасындағы шекаралық кедергілер азайып, бірлескен кәсіпорындар саны біршама көбейіп келеді. Өңірдегі сауда айналымы 2018 жылдан бері қарай 12 пайызға өскен. Бірақ, мұның бәрі өте аз.

Біздіңше, бес мемлекеттің қазіргіге қарағанда тереңірек интеграцияға баруына кедергі болатын негізгі екі проблема бар. Біріншіден, бес елдің экономикалық даму деңгейі, инвестициялық тартымдылығы мен жаңғыру, демократиялану деңгейі әртүрлі. Бұл болашақта келісілген қаржы-экономикалық саясат ұстануға ортақ инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысында біршама қиындықтар туындатуы мүмкін. Екіншіден, кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Орталық Азия бірлестігі», «Орталық Азия экономикалық қауымдастығы», «Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымын» құруға бірнеше рет ұмытылыс жасаған болатын. Алайда, ол кезде көршілес елдердің басшылары бұл бастамаларды қолдай қоймады. Енді бес елдің өзара ынтымақтастығын осындай институционалды деңгейге көтеруі оңайға соқпайды. Себебі, Орталық Азия елдері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразиялық экономикалық Одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары ұйымы секілді халықаралық ұйымдар мен Одақтарға мүше. Іргемізде орналасқан қос держава – Ресей мен Қытай өңірдегі бес мемлекеттің бір-бірімен тым жақындасып кетпеуі үшін бар күш-жігерін жұмсауы мүмкін. Әрі олардың қолында бұған ықпал ете алатындай қуатты тетіктері бар.

Осындай қиындықтарға қарамастан бес елдің көшбасшылары табандылық пен саяси ерік-жігер таныта білсе, олардың интеграциялануға мол мүмкіндіктері де бар. Өңірдің басты артықшылықтары ретінде төмендегілерді айтуға болады. Біріншіден, бес елдің ортақ тарихы, бір-біріне ұқсас тілі мен мәдениеті және бірдей діні бар. Екіншіден, бұл елдердің даму деңгейінде айырмашылықтар болғанымен, ол айырмашылық, айталық, Еуразиялық экономикалық Одақтың мүшелері Ресей мен Қырғызстанның арасындағыдай тым алшақ емес. Үшіншіден, бұл өңір елдері бірлесіп әрекет жасаса үшінші елдерге экономикалық тұрғыда тәуелді болмайтындай ресурстар жеткілікті. Орталық Азияның қойнау пайдалы қазбаларға толы, мұнда өңірге жеткілікті энергия көздері де, еңбек ресурстары да бар. Қала берді өңірдегі инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамытуға қажетті қаржы қоры Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстанда бар.

Егер өңір елдері осы артықшылықтарын тиімді пайдаланып, интеграция жолына түсе білсе, мұнан барлық тараптың ұтатыны белгілі. Мәселен, өңірден үлкен нарықтарға қарай тауар тасымалдауға мүмкіндік беретін бірегей транспорт дәлізін құру қажет. Шекара маңындағы еркін сауда аймақтарын, көтерме-бөлшек тауар тарату және агрологистикалық орталықтардың басын қосатын инфрақұрылымдық желі қалыптастырылса, өңірдегі бес мемлекеттің де ауыл шаруашылығы дамып, Ресей мен Қытай нарықтарының сұранысын қанағаттандыра алады.

Жалпы, БҰҰ жүргізген зерттеулердің қортындысына сәйкес, Орталық Азия елдері тиімді интеграциялық бірлестік қалыптастырып, өз потенциалын толық пайдаланса, алдағы онжылдықта өздерінің жалпыұлттық ішкі өнім көлемін 2 еседей арттыра алады. Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана сөз бар ғой. Бесеу біріксе берекеміз кіріп, алпауыт көршілерге кіріптарлықтан құтылып қалар едік...