Версия для печати

«ӨНДІРІС САЛАСЫНДА МҮМКІНДІКТЕР КӨП» Избранное

Среда, 12 Январь 2022 04:01 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5414 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бүгінгі таңда пандемия әлемдік экономиканың дамуына айтарлықтай салқынын тигізді. Дегенмен карантин жағдайына қарамастан бизнес саласы шектеулерге икемделіп, өз қызметін іске асырып келеді. Бизнестің пандемия тудырған қиындықтарға қарсы тұра білуіне іскер азаматтардың құқығын қорғайтын ұйым кәсіпкерлер палатасы айрықша атсалысуда.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан ҚАБЫШТАЕВПЕН болған сұхбатта ұйымның қызметі мен атқарған жұмыстары төңірегінде әңгіме өрбіді.

903

 

— Нұрлан Орынбасарұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында палатаның рөлі мен маңыздылығын ерекше атап өткен еді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы бірнеше тапсырма да жүктеген-ді. Бүгінгі таңда олардың орындалу барысы қалай?

— Әсіресе, соңғы екі жылда пандемия салдарынан көптеген шағын және орта бизнес нысаны зардап шекті. Арасында қызметін іске асыра алмай, жабылып қалғандары да болды. Қазір де карантин режиміне ыңғайланып, жұмысын жалғастыруға мәжбүр. Осындай қиын кезеңде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы билік пен бизнестің ортасында «алтын көпір» рөлін атқарды. 2020-2021 жылдары республика көлемінде, соның ішінде, Шымкент қаласында кәсіпкерлер арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Онда шағын және орта бизнесті дамыту үшін қандай қолдаулар қажет деген сауалға жауап алынды. Соның нәтижесіне қарай Үкіметте дағдарысқа қарсы бағдарлама жасалды. Осы орайда Президент ұлттық палатаның бұл атқарған жұмысын орынды атап өтті. Бұдан бөлек, бизнес саласын реформалау жөнінде
Президент тапсырмасына орай «Таза парақтан» реттеу жобасы қабылданды. Ол салық жүйесін жетілдіруді, кәсіпкерлік саласында әкімшілік кедергілерді азайтуды көздейді. Мемлекет басшысының пәрменімен палата сыртқы сауда мәселесіне ерекше ден қойып келеді. Шетелден инвестиция тарту тікелей міндеті болмаса да бұл мәселе де палата назарынан түскен емес. Өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер палатасының араласуымен жалпы сомасы 4,8 млрд теңгеге бизнес өкілдерінің құқығы қорғалды.

— Ұйым жанында адами капиталды дамыту деп аталатын бөлім бар екен. Оның қандай міндет атқаратынын айтып өтсеңіз?

— Кәсіпкерлер құқығын қорғаумен бірге палата кадр дайындау мәселесіне де айрықша назар аударады. Өйткені кәсіпорындардың жұмысын алға жетелеп, табысты ететін — оның кәсіби мамандары. Шымкентте жылдан-жылға өндіріс орындарының саны артып келеді. Сонымен бірге білікті мамандарға деген сұраныстың та көбейетіні түсінікті. Ал қаладағы кәсіптік білім беретін арнаулы және жоғары оқу орындары кейде сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Сондықтан көптеген жас мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасымен жұмысқа тұрып жатыр. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың жеке оқу орталықтарын ашып, маман даярлауға мүмкіндіктері бар. Оқу ақысы мемлекет тарапынан жан басына қаржыландыру арқылы төленеді. Осы арқылы, біріншіден, жұмыссыздықпен жүйелі күрес жүргізілсе, екіншіден, дуальды оқыту жүйесі арқылы кәсіпорындар өздеріне қажет мамандарды дайындай алады. Оқу мерзімі 3-6 айға созылады. Болашақ мамандар оқу барысында шәкіртақы алып отырады. Осылар палатаның адами капиталды дамыту бөлімі атқаратын негізгі жұмысы саналады. Сондай-ақ, колледж, университет студенттері күндіз оқуын оқып, түс қайта кәсіпорында жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдай алады. Ол үшін студентке еңбекақы төленеді. Кейін оқуын бітіріп, қолына диплом алған соң, жұмыс іздеп жүрмейді, бұрынғы тәжірибеден өткен кәсіпорнына барып, бірден жұмысқа тұрып кетеді. Бұл қызметті атқару да палатаның құзыретіндегі міндетке жатады. Осының аясында кәсіпорын, кәсіпкерлер палатасы және оқу орны арасында үшжақты келісімге қол қойылады. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер ұйымы студенттерді оқу бітіріп, жұмысқа орналасқанға дейін мониторингте ұстайды. Бұдан бөлек, палатаның ұйытқысымен мектеп пен жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік негіздері» атты пән мен курс енгізілді. Бизнес әліппесін үйрететін мамандар даярлау ісі де кәсіпкерлер ұйымының назарында.

— Бұған қосымша палата жанында «Аға сеньорлар» қызметі жұмыс істейді. Осы қызметтің мақсат-міндетін, негізгі бағытын түсіндіріп өтсеңіз?

— «Аға сеньорлар» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға арналған. Мұндағы мақсат — шетелден білікті мамандарды жұмылдыру. Олар өз кезегінде жергілікті мамандарға өздерінің білгенін үйретіп, тәжірибе алмасады. Осылайша кәсіпорындар мамандарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік алып, шеберліктерін шыңдай түседі. Кәсіпкерлер палатасы бірнеше аптаға немесе айға жуық мерзімге шетелден мамандар шақыртып, жергілікті өндіріс орындарына консалтинг қызметін ұсынады. Бұл бастама «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Осыған ұқсас тағы бір бағдарлама бар. Ол «Іскер байланыстар» деп аталады. «Аға сеньорларда» мамандарды шетелден шақыртсақ, мұнда, керісінше, кәсіпорын басшылары шетелге іс-сапармен шығып, сол жақтан тәжірибе үйреніп қайтады. Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде «Аға сеньорлар» мен «Іскерлік байланыстарға» мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде квота бөлінеді. Бұл бағдарламалардың маңызы өте жоғары. Өйткені жергілікті кәсіпкерлерге Түркия, Қытай секілді өндірісі дамыған елдермен өзара тәжірибе алмасуға мол мүмкіндіктер туады.

— Жалпы, «Кәсіпкер боламын» деген азаматтар бүгінгі таңда қандай проблемаларға кез болып жатыр? Бизнесті бастауда олар қандай қателіктерге бой алдырады және болашақ бизнесмендерге берер кеңесіңіз қандай?

— 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қолдау мақсатында сұранысқа ие тұрмыстық тауарлар өндірісін дамыту жобасын қолға алған болатынбыз. Соның аясында біраз кәсіпкер шетелден тасымалданатын күнделікті тұрмысқа қажет көптеген тауарларды өзімізде шығаруға қолдау тапты. Сондай-ақ, былтыр қалалық кәсіпкерлер палатасы әкімдікпен бірлесіп әзірлеген «Іскер қала» жергілікті бағдарламасы жұртшылыққа таныстырылды. Бағдарлама бойынша жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге бос тұрған өндіріс нысандарын жалға беру және аренда құнын субсидиялау, сондай-ақ, жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз жеңілдікпен несие ұсыну қарастырылған. Жас кәсіпкерлер жіберетін негізгі қателіктерге тоқталсам, алдымен, қаржылық сауаттылық жайлы айтар едім. Яғни, қаржыны жаратуда тәртіп пен жүйелілікті сақтай бермейді. Екіншіден, жас кәсіпкерлер біздің ұйымға келіп, бизнестің негіздерін қосымша оқып-үйренгені абзал. Мұнда мамандар бизнесті қалай жүргізу керегін бастан-аяқ үйретіп шығады. Мәселен, қай салық режимін таңдауға кеңес береді. Өйткені көп жағдайда жаңадан жеке кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар салық режимін таңдауда қателікке бой алдырады. Сонымен бірге, кәсіпкердің ойында ең бірінші кезекте «Шығарған өнімді қайда сатамын?» сұрақ тұруы керек. Себебі өндірісті жолға қою, өндірген тауарды өткізетін орынды табу — үлкен мәселе. Тіпті көлік жуу орнын ашарда да «Менің қызметімді қандай көліктер пайдаланады, жанымда қандай жолдар бар?» деген сауалды қойып, соған сәйкес алдын ала талдау жүргізіп алған дұрыс. Айтқым келгені, бізде әлі де өндіріс саласында мүмкіндіктер өте көп. Айталық, стартаперлер күнделікті тұрмысқа керек тауарлар өндірсе, одан ұтыла қоймады деп сенемін. Өйткені Қазақстан экономикасы дамушы мемлекет болғандықтан, көп тауар осы күнге дейін сырттан тасымалданады. Дегенмен, «Бастау бизнес» курсын оқып бітірген азаматтар толық кәсіпкер болып кетеді деп айта алмаймын. Бұл курс тек бизнестің әліппесі саналады. Мұнда жас бизнесмендер қаржылық есептерді қалай тапсыруды, бизнес жоспарларды қалай жасауды және тағы басқа сауаттылықтарды меңгеріп шығады. Әрі қарай кәсібін дөңгелетіп әкету өзінің ебі мен икеміне, қаржылық-экономикалық біліміне байланысты болады.

— Тындырымды жұмыс көп екен. Биылға қандай жоспарларды негіздеп отырсыздар?

— Кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті бизнес өкілдерінің құқығын қорғау болғандықтан, алдын ала жоспарлар түзе алмаймыз. Өйткені, биыл кәсіпкерлік саласына байланысты қандай проблема туындайтынын күні бұрын біле алмаймыз ғой. Сондықтан, жағдайға қарап әрекет етеміз. Ал жалпы, жыл сайын көрсеткіштерді асыра орындауға міндеттеме қойып отырамыз. Мәселен, 2020 жылы 3-4 млрд теңгенің аралығында кәсіпкерлер құқығы қорғалса, былтыр ол 4-5 млрд теңгеге ұлғайды. Сондықтан кәсіпкерлерді қорғау бағытындағы негізгі қызметімізді жалғастыра бермекпіз.

— Әңгімеңізге рақмет!